Бейнетін бақыт деп бағалаған Үрләй әже

Пятница, 05 Май 2017 06:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4771 раз

– Соғысты да көрдік... Арбаны да айдадық. Осы төңіректің бәріне егіс ектік. Басымызға түскен соң бәріне төздік... Өмірдің ауыртпалығын арқалап жүріп, рахатын көрдік пе, көрмедік пе, білмеймін... Екі жыл өтті, отырып қалдым ғой, балам...

IMG-20170328-WA0001Үрләй әже кемсеңдей қалса, оның әңгімесін тыңдап отырған адамның көзіне еріксіз жас келеді. Жасы 98-ге толған әзиз ананың салиқалы сөзі тарихтың тереңіне тартып әкетеді. Сонау зұлмат заманда қаншама жас келіншек балаларымен жалғыз қалмады дейсіз?.. Тепсе темір үзетін ер азаматтар Отанды қорғау үшін қан майданға аттанғанда, онсыз да қиын күндердің батпандай ауыр салмағы әйелдің нәзік иығына түсті. Ол заманда халық тірі қалуды ғана тіледі. Үрләй Жандарова түздің жұмысына жегіліп, арба сүйреп, балаларына азық тауып, өзі қара суға қанағат етіп-ақ соғысқа аттанған жары Мәметай Жандаровтың тілеуін тіледі.

Бәйдібек ауданы, Амансай ауылының тумасы Мәметай Жандаров ағайынды үш ұлдың кенжесі-тін. Отбасын құрғаннан кейін ағалары Жолтай мен Сатайдың соңынан еріп, Шымкент қаласының «Тельман» бөлімшесіне қоныс тепті. Тылда еңбек етуді бастайды. Перзент сүйеді. Бірақ, 1941 жылы «соғыс басталды» деген суық хабар әр шаңырақтың берекесін ұрлай бастады. Сол жылы 29 тамызда Мәметай Жандаров та соғысқа аттанып кетті.

20170427 164327

– Әкемнің соғысқа аттанған екі бауырының бірі Сатайдан 2 ұл, 2 қыз қалды. Өзі соғыстан оралмады, хабарсыз кетті. Ал Жолтай ағамыз тұтқынға түсіп, елге 1955 жылы келіп, отбасын құрды. Әскери салада содан кейін де ұзақ қызмет етті. Ал әкем – Мәметай 692 атқыштар полкы құрамында жауға қарсы соғысып, 1942 жылдың 21 қарашасында жарақатының салдарынан елге оралды, – дейді Бекбосын Мәметайұлы.

Небәрі бір жыл... Бірақ, ері Мәметай етігімен қан кешіп жүрген сол бір жылда ошағының отын сөндірмей, қайғыдан қан жұтқан келіншек, бүгінгі Үрләй әженің қанша жасқа қартайғаны тек тарихқа аян! 

– Кеудесіне тиген оқтан екі қолы аузына жетпейді, төмен түспейді. Снарядтың бетіне тиген жарықшағынан жағына да зақым келіп, аузы қисайып қалған еді. Алдына жастық қойып тамақтанатын. Өкімет ұрыс алаңынан үйге жеткізіп берген соң бір жылға дейін ас-ауқатын алып беріп, барлығына тегін қарасты. Жыл өткен соң кеуде тұсына көтеріліп қалған, қимылдамайтын қолымен жұмысқа кірісті. Тылда арба айдады, – деп Үрләй әже тағы кемсеңдеп қоя берді.

Ағарған шашының әр талы, жүзіне ұялап алған әрбір әжімі тағдырының соқпақ жолынан сыр шертіп тұрғандай. Әжей көзіне жас алса, ешкім тыныштықты бұзғысы келмейді. Үй іші үнсіз қалады.

20170427 164123Ең қиын сәттерін еске алғанда

Үрләй әже «арба айдадық» дегенді жиі қайталады және әр қайталағанда қиындығын еске алғаны ма, көзіне жас алды. 1940-50 жылдардағы техника мен елдің әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы қалай болғанын қазақ тарихы мен әдебиетінен парақтаған жанның іші сезеді. Бүгінде трактор мен тіркемесіне жүк болған шаруашылық атаулы ол жылдары күндіз-түні арба айдаушыға жүк болды. Арбалап жүріп астық тасығанда «төбемнен күн өтеді» деу тұрмақ, «жұмысқа жарамсызбын» да демепті-ау!

Ұлы Отан соғысының ардагері Мәметай Жандаров жары Үрләймен сүйген 11 перзенттің жетеуі, 4 ұл, үш қыз аман-есен ер жетіп, отбасын құрған.

– Балаларға кезектесіп қарайтынбыз. Жұмысты «үйдікі, түздікі» деп бөліскен емеспіз, алдымыздан кездескенін алып жүре бердік. Шаршауды білмейтін едік. Көзі кеткен соң отырмын ғой міне... Бәріне көнгенмен дәрменім болмаған соң халім осы, немерем көтеріп, алып жүреді, – деген әжей жансызданған екі аяғын тағы еске салды.

Мәметай Жандаров шөберенің алдын көріп, 1989 жылы өмірден озған. Ал ардагердің жесірі Үрләй Жандарова бүгінде 7 перзенттен тараған 29 немере, 53 шөбере, 2 шөпшектің тілеуін тілеп отырғанын айтты.

– Апамыз тыным тауып отырмайтын. Үй тірлігіне араласып, тіпті келіндері жұмыста жүргенде ас әзірлеп қоятын. Өзіне қарап, ақ көйлек кисе, ақ орамалын, қызыл көйлекке сәнді қызыл орамалын тағып, «Тельман» бөлімшесінің қоғамдық шаруаларына да белсенді араласатын. Көрші-қолаңда той-томалақ болса, «Әйи апасыз» өтпейтін. Мұндағы жұрт «Әйи апа» атап кеткен. Ата-енеміз бізге өмірімен ғана емес, ісімен де, болмысымен де өнеге бола білді, – дейді келіні Айжан.

Жасы 100-ге таяған Тыл ардагерінің әңгімесін тыңдап қайтқан адам бүгінде елімізге бақ қонғанын іштей мойындайды. Қазақтың құтты мекеніне береке мен тыныштықты мәңгілікке орнатқан батыр аналарымызға, жаужүрек бабаларымызға, кеудесін оққа тосқан аталарымызға МЫҢ ТАҒЗЫМ!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.