Отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау – ортақ мәселе Избранное

Среда, 02 Август 2017 05:21 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 10091 раз

Еліміздің Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында 19-31 шілде күндері ашық есік күндері өткізілуде.

20170728 114540

ОҚО прокуратурасының прокуроры Марлен Сариев «біздің өңірімізде зорлық-зомбылық фактілерінің жиі тіркелетінін» айтады. Осыған орай аталған жоба шеңберінде жәбірленушілерге медициналық, әдістемелік-консультативтік көмектер көрсетіліп келеді. 

– Атап айтар болсақ, психологиялық, наркологиялық және жұмыспен қамту бойынша көмек берілуде. Егер әйел жәбірленіп, жедел жәрдемге қоңырау шалса, ауруханаға түскен соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тізім» журналына тіркеледі. Полиция инспекторы сол әйелдің ісін ашып, нормативтік-құқықтық акт түзеді. Айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл жазасы және әкімшілік қамау жазалары тағайындалады. Егер еркек қол жұмсауын доғармай, қайталаса, онда оны 3-6 ай отбасынан бөлек ұстайды. «Өзінің үйіне мүлде жақындатылмайды» деген шектеу қойылады, – дейді Марлен Абайділләұлы. 

Үйде жанжал болса, 102-ге қоңырау шалады. ҚР Президентінің 2009 жылғы Тоғыз жылдан бері осы салада әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан полиция майоры Гульчехра Момынова «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» Заңының 20-бабы қорғау нұсқамасында барлығы анық көрсетілгенін алға тартады. 

– Осы нұсқамада көрсетілгендей, үйінде жанжал болған отбасы 30 тәулік учаскелік инспектордың қадағалауында болады. Егер ұрыс-керіс қайталанса, 461-баппен мамандандырылған сотқа жіберіледі. 3-6 ай көлемінде тағы да құқық қорғау қызметкерлерінің жіті бақылауында болады. Бірақ біздің тәжірибемізде көбінесе тоқтау салынған қаулылар кездеседі. Оның себебі отбасы мүшелері айыппұл мөлшерін төлеуді, балаларды ойлап, өзара ымыраға келіп жатады. Ал айыппұл мөлшері 52 мың теңге шамасында, – дейді Әл-Фараби ауданы бойынша әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гульчехра Момынова. 

Айта кету керек, біздің облыста әр аудандағы полиция бөлімшелерінде әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдері жұмыс істейді. Басқа еш облыста полицияның мұндай қызметі қарастырылмаған. Қыз-келіншектер отбасындағы ұрыс-керісті ешкімге айтқысы келмейді, ұялады. Бұл акцияның мақсаты да – осындай қыз-келіншектерге қол ұшын созу. 

Тағы бір жаңалық, өңірімізде зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге 6 айға дейін уақытша паналайтын орталық ашылмақ. Ал «Сана-Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығындағы заңгер, психолог мамандар зорлық-зомбылыққа душар болғандарға жәрдем беруден жалыққан емес. Шымкент қаласындағы «Аналар үйінің» ұйымдастырушысы Жазира Сартаева қиын жағдайға тап болған қыздардың тағдыры туралы сыр шертті. 

Егер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған ересек адамды немесе баланы көрсеңіз, «Сана-сезім» орталығының мына нөміріне қоңырау шалсаңыз болады: 8 (7252) 55 12 00

– Біздің ұйым – қиын жағдайда қалған жас аналарға қолдау көрсететін республика бойынша жалғыз ұйым. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, алданып қалып, ата-анасы есігін тарс жапқан жас қыздар бізге келеді. Осындай жас қыздарға баласын дүниеге әкелуге, сәбиін далаға тастамауға үгіттейміз. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстардың арқасында еліміз бойынша Балалар үйіне өткізілетін жетім сәбилердің саны кеміген. Тіпті, жоқ десе де болады, – дейді ол. 

Жиын соңында қатысушыларға зорлық-зомбылықтың салдары, шығу жолдары көрсетілген арнайы ақпараттық парақшалар таратылды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.