Бала отбасымен бақытты

Пятница, 15 Сентябрь 2017 08:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 103 раз

Патронаттық тәрбиеге жауапкершілікпен қарап жүрсіз бе?

 

Қазақстанда 8 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың әрқайсысы мейірімге мұқтаж, отбасы бақытын сезінгісі келеді. Шаңырақта баланың шаттық күлкісін естуді армандайтын да қаншама ата-ана бар. Жетімін жылатпаған ұлт емеспіз бе? Бүгінде елімізде жетімдер үйін жауып, періштелерді жәутеңдеп күй кешуге жол бермеудің түрлі жолын қарастырып жатыр.

Асырап алу, патронаттық тәрбиеге беру, қабылдаушы және «қонақ отбасына» бейімдеу, қорғаншылық пен қамқорлыққа беру арқылы жетімдердің санын азайтуға кірісті. Нәтижелі іс деуге болады. Өйткені, 2009 жылы елімізде жетімдердің саны – 50 мыңдай болса, қазіргі статистика әлдеқайда азайған.

 

Бала – бауыр етің, баянды болашағың

Патронаттық тәрбие – бұл баланы жаңа отбасыға бейімдеудің бір түрі. Отбасына бейімдеуге қорғаншылық немесе қамқоршылық кәмелетке толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде білім беру, медициналық немесе басқа да ұйымдардағы кәмелетке толмаған балалар беріледі. Бір сөзбен айтқанда жетімдер үйіндегі баланы ата-ана отбасына тәрбиелеуге алады. Бұл тілек білдіруші (оларды патронаттық тәрбиеші деп атайды) мен білім бөлімі арасында келісімшарт негізінде жүреді. Патронаттық тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады. Бала 10 жасқа толған болса, отбасын өзі таңдайды. Егер ағайынды бүлдіршіндер болса, ажыратуға жол берілмейді. Оларды тәрбиеге алғанда сала мамандары отбасындағы жағдайларды тексеріп, бақылауда ұстайды. 

ospanovaАйткүл ОСПАНОВА,
Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мүмкіндігінше отбасына бейімдеуге әрекет етеміз. Баланы патронаттық тәрбиеге алғанда ата-аналар үлкен жауапкершілікті сезінсе дейміз. Кейде, балаларымның барлығы есейіп кетті, сол үшін патронатқа алсам деп келетіндер бар. Бала – зат емес. Ұнамай қалып, қайта балалар үйіне әкеп тастаса, бала үшін – үлкен трагедия. Жан дүниесі жараланады.

Баланы асырап-бағу үшін бір балаға 10 АЕК, ал патронат тәрбиешіге әрбір баланы күтіп-бағуға ҚР Үкіметі белгіленген тәртіппен білімі, еңбек өтілі есептеле отырып, ай сайын ақшалай қаражат төленеді. Патронаттық тәрбиешілер баланы асырап-бағуға, тәрбиелеуге және білім беруге міндетті.

– Балалар үйіндегі балаларға қанша жағдай жасаса да, ата-ананың мейірім шуағына жетпейді. Сондықтан жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронатқа алып жатса, елімізде жетім балалар азаяр еді,-дейді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Кульзина Ерсейтқызы.

Өңірімізде Кентау қаласында 81 жастағы Ысқақ қария жары Гүлжахан апаның 5 баласы болса, жетімдер үйінен 13 бала асырап алғанын білеміз. Шымкент қаласында 5-6 бүлдіршінді патронаттық тәрбиеге алып отырған жандар аз емес. Дегенмен, олардың дені мұны қоғамға жария еткісі келмейді. Асырап алғандығын баладан жасырады, екіншілері баланың асыранды екендігін қоғамға айтып, жан-дүниесін жаралығысы келмейді. Солардың бірі – Қалдыкүл апай сыртқа жария еткісі келмегенімен, балаларымен ашық сөйлесетін жандардың бірі. Қазір бұл отбасыда екі бала тәрбиеленуде. 

 

«Баланы тәрбиеге алудың жауапкершілігі орасан»

Қазір жасым 54-те. Мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Тұрмысқа шықпадым. Қартайған әке-шешеме қарап, жұмысбасты болып жүріп уақыттың зымырап өте шыққанын байқамаппын. Өмірдің жарты жолымен жүріп өткенде артыңа қарайлайды екенсің. Мен қандай жақсы, игі іс қалдырдым деп. Тұрмыс құру, балалы болудың уақыты да өтіп кетті. Сосын бала асырап, соларға жақсы тәлім-тәрбие берсем деп алдыма мақсат қойдым.

Алдымен құжат дайындап, балалар үйін араладым. Сосын ағайынды балаларды байқадым. Екеуі де мені көргеннен жатырқамады «мамалап» жанымнан шықпады. Балалар үйіне жиі келіп, олармен жақынырақ араласып тұрдым. Өздері кішкентай болғанымен, әңгімесі ересек. Ашық-жарқын. Біздің отбасымыз деп анам мен әкемнің суретін алып келіп, көрсеттім. «Отбасы» деген ұғымның қадір-қасиеті мен мән-маңызын бала жүрек соншалықты түсінетіндігін сонда ғана ұқтым. Үйге алғаш алып келгенде кіргеннен әкемнің мойнынан «ата» деп құшақтағанда, елжіреп кеттім. 

Екі баланы тәрбиеге алуға оңай қол жеткізген жоқпын. Оның өзінің тәртібі, құжатбастылығынан бөлек, жүрегіңе жақын бөбектердің маған бұйыруы тез бола қойған жоқ. Себебі, мен баланы түбегейлі асырап алам деп ойлаған болатынмын. Ертеңгі күні артынан іздеп келіп, баланы алып кетіп, менің де олардың да жүрегіне жара салынғанын қаламадым. Мұндай қорқыныш әлі күнге дейін бар. Балалар үйіндегі бүлдіршіндердің барлығының қамқоршысы бар екендігін білген соң амалсыздан тәуекелге бардым.

Екеуі қазір маған қолқанат. Сабақтары да жаман емес. Мектепке жиі барып, сабақтарын бақылауда ұстаймын. Үйдің тірлігіне де қолғабыс жасайды. 

Отбсында ашық сөйлесеміз. Өздерінің аналары кішкентай кезінде тастап кетсе де, біраз жағдайлар естерінде. Аналары жайында жақсы пікір айтып отырамын. Мұндай тағдары үшін аналарына түсіністікпен қарау қажеттігін айтамын.

Баланы тәрбиеге алудың жауапкершілігі үлкен. Алдым, бақтым-қақтым деп айтуға оңай. Келісімшарт жасасқан соң мемлекеттің алдында, сосын тәлім-тәрбие беріп, дұрыс жолмен жүруге пайдам тисе екен деп Жаратушының алдында мойныңа міндет аласың. Осы міндетті абыроймен орындау ендігі арманым,-деді Қалдыгүл апай өз әңгімесінде. 

Бүгінгі таңда Шымкентте жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 785 бала болса, оның ішінде патронаттық тәрбиедегісі – 30.

 

Шымкентте 30 бала патронаттық тәрбиеде

– Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көмекке мұқтаж балаларды дер кезінде анықтау – Шымкент қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық секторының міндетіне кіреді. Мұндай балаларды іздеп тауып қана қоймай, оларды орналастыру және олардың тұрмыс жағдайларын бақылау, қадағалау міндеттерін де жүзеге асырады.

Кульзина Ерсейтқызы баланы тәрбиелеп алуға тілек білдірген адам мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орган патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт 1 жылға жасалатындығын айтты. Сондай-ақ арнайы бекітілген кесте бойынша комиссия мүшелері жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың үй-тұрмыстық жағдайлары 6 ай сайын зерделеніп отырады екен.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан жағдай жасалып-ақ жатыр. 1-маусым «Балаларды қорғау күніне» орай демеушілер тарапынан мектепке арналған оқу құралдары мен сөмкелер сыйлық ретінде 100 балаға тарту етілген. Жуырда ғана мектеп бітірушілерге облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қамқорлығы арқасында арнаулы орта білім алу үшін колледждерге және жоғары оқу орындарына гранттар бөлінген. Атап айтқанда, 11 сыныпты бітірген - 21 бала жоғары оқу орнына, 23 бала колледжде білім алуға мүмкіндік алған.

Дегенмен, бұл балаларға отбасы бақыты жетпейді. Елімізде 2018 жылы жетімдер үйі болмайды дейді. Дәл қазірдің өзінде Шығыс Қазақстанда – 3, Қарағанды қаласында – 1 балалар үйі жабылды. Ал баланы патронаттық тәрбиеге алуға жағдайы келетін, мейірімге бөлеуге ықыласы бар жандар үлес қосса, Шымкентте де жетімдердің саны азаюы бек мүмкін.

Последнее изменение Пятница, 15 Сентябрь 2017 10:25
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.