«Сендерге әрдайым орын бар»... Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:33 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6568 раз

Олардың бал жүзі «Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген, Келбетіңнен сенімнің күшін көрем!» деп ән салып тұрғандай. Олардың көздері бір-біріне: «Мен сені өмір бойы аялап өтемін!» деп шаттана қарап тұрғандай.

svabda-den-goroda 2

Олардың осы сәттегі өмірі мәңгілікке жалғасқандай. Бұл бақытты сағат тілі еш тоқтамайтындай... 

Біз «Отбасы аллеясында» жас отбасын құрып, неке куәлігі тапсырылған жас жұбайларға қарап осындай сөнбес сезімнің себезгі сәулесіне шомылдық. «Қала күніне» орай ұйымдастырылған шарада 10 жас жұбайға салтанатты түрде неке қию куәлігі тапсырылып, гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды. 

DSC 0120

Жас жұбайларды Шымкент қаласы әкім аппаратының басшысы Рашид Аюпов құттықтап, сөз сөйледі. 

– Құрметті қауым, бүгін бәріміз үшін қуанышты күн. Әсіресе, жас жұбайлардың ата-анасы үшін ерекше күн. Жастар бір-бірімен жарасып, отау құруға бел буыпты. Сіздер жаңа өмірдің есігін ашып, табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Құрметті жастар, сіздерді заңды некелеріңізбен құттықтаймын! Махаббаттарыңыз баянды да тәтті болсын. Өмірлеріңіз күндей, көңілдеріңіз гүлдей, армандарыңыз асқар таудай болсын. Тату да тәтті өмір сүріңіздер! – деді Р. Абатуллаұлы. 

DSC 0126

Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлардың ішінде бір-екеуін сөзге тартқан едік. Нұрсұлтан Оңжігітұлы мен Гүлбану Әбдірашиттің үйленіп, отау құрғанына небәрі бір жеті болыпты. Қалыңдық бұл шараға қазақша көйлек пен камзол, ұлттық әшекей бұйымдарын, ақ жаулығын тағып келіпті. «Ата-енем теледидардағы жаңалықтардан бізді көрген кезде «ұят болмасын!» деп басымнан орамалымды тастамадым», – дейді Гүлбану. Ал Нұрсұлтан болса: «Дүйім жұрттың алдында осылай неке қию бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – дейді. 

Айта кету керек, 2016 жылдың 8 айында 4670, ал 2017 жылдың 8 айында 4356 неке қию туралы құжат тіркелген.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.