Отбасы татулығы – қымбат құндылық Избранное

Среда, 02 Август 2017 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 455 раз

Шымкент қаласында ҚР Бас прокуратураның «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында зорлық-зомбылық шеккен азаматтарға әлеуметтік-психологиялық және медициналық қызмет көрсететін бірқатар орталықтар ашылды.

DSC 9658

Шаңырақтың шайқалуына тосқауыл қойып, отбасының бірлігін сақтау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шараға Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, ҚР Бас Прокурорының арнайы істер жөніндегі аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты. 

Ең алдымен жұмысшы топ зорлық-зомбылыққа ұшыраған, зәбір шеккен отбасы мүшелеріне және жекелеген азаматтарға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсететін «Дағдарыс орталығында» болды. Жаңа ғимаратта білім беру, заңгерлік кеңес алу, өзін-өзі еңбекпен, уақытша баспанамен қамту секілді қызмет түрлері қарастырылған. 

Сонымен қатар, мұнда қажетті құралдармен қамтылған психолог, мәдени тынығу, әлеуметтік, жатын бөлмелері бар. Онда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік жұмыс бойынша консультанттар, дәрігерлер және бірқатар білікті мамандар қызмет көрсетеді. Орталық ҚР «Қызыл ай» құрамында орналасып, «Қорғау-Астана» қорының әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылуда. 

– Бұл орталық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, оның ішінде ер азамат, қыз, бала және тағы басқа адамдарға тиісті көмек көрсетеді. Барлық жұмыстар анонимді түрде жүргізіледі. Біз мұнда экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналастыру жалпы айтқанда қолымыздан келген көмектің барлығын жасаймыз. Дәл қазір орталықта 4 отбасы бар, – дейді жоба жетекшісі Малика Жүсіпова.

DSC 9587

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Ломоносов көшесі, н/з

Байланыс телефондары: 1409 Қосымша мәлімет үшін жергілікті полиция қызметі 102 немесе Шымкент қаласы әкімдігінің Call-орталығы 545-545 нөмірлеріне хабарласуға болады.

 


Бұдан кейін, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңына сәйкес, ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен ОҚО-да жүзеге асып жатқан «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасына орай ашылған Медициналық-психологиялық оңалту орталығының» ғимаратын аралады. 

Мұнда нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкерлер психобелсенді заттарды пайдаланушы азаматтарға медициналық-психологиялық коррекция жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ отбасылық агрессорларға психологиялық көмек беру, лабораториялық және инструменталды әдістермен тексерулер жүргізу, соматикалық, неврологиялық, психикалық тұрғыда зерттеулер жасау және тағы басқа да қызметтер көрсетіледі. Тек құзырлы органдардың жолдамасы арқылы қабылданатын орталық 20 төсек орынмен қамтамасыз етілген. 

– Мұндай орталық елімізде алғаш рет Оңтүстік Қазақстанда Бас прокуратураның бастамасымен ашылды. Басты мақсат – алкогольдік ішімдіктер, есірткі затын қолданып үй ішіндегілерге зәбір көрсететін тұлғаларға тиісті көмек көрсетіп, әлеуметке қайта қайтару. Сонымен қатар, арнайы мамандарымыз азаматтарды келеңсіз жағдайларға алып келген теріс қылықтарын зерттеп, зерделеумен айналысатын болады, – дейді облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Серғазы Әлменов. 

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Байытұлы баба көшесі, 9/14 

Байланыс телефондары: 8 (7252) 45-00-92, 45-00-64 

Қосымша мәлімет үшін жергілікті полиция қызметі 102 немесе Шымкент қаласы әкімдігінің Call-орталығы 545-545 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының жанынан ашылған «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» орталығында салауатты өмір салтының дағдыларын қалыптастыру, әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету, сүйемелдеу бағыттары бойынша жұмыс жүргізіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. 

Орталықта зәбір шеккен, зорлық-зомбылықтың тауқыметін тартқандар және керағар діни ағым жетегінде кеткендерге психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар қызмет алушыларды қабылдау, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында және ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек алу, қызмет алушыларды тыңдау, әңгімелесу, белсендігін арттыру қызмет түрлері көрсетіледі. 

Сондай-ақ, мұнда интернет желісі арқылы сұхбаттасу, кеңестер алу қызметі де қарастырылған. 

Мекенжайы: Шымкент қаласы, «Самал-3» шағынауданы, Әл-Фараби көшесі, 1928/1 

Байланыс телефондары: 8 (7252) 39-39-07

Қосымша мәлімет үшін жергілікті полиция қызметі 102 немесе Шымкент қаласы әкімдігінің Call-орталығы 545-545 нөмірлеріне хабарласуға болады.

– «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы аясында екі айдан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні Шымкент қаласында ең ірі орталықтар ашылуда. «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» орталығы тұрғындарға қарапайым сөзбен айтқанда аурухана мен емхана болады. Әлеуметтік, медициналық және тағы басқа да қиын жағдайға түскен әже, ана, әке, бала осы орталыққа келіп, толық кеңес, көмек алуға мүмкіндігі туып отыр, – дейді ҚР Бас Прокурорының арнайы істер жөніндегі аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова. 

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттау, жастарды тәрбиелеу сияқты мәселелер қамтылған. Бүгінгі күні кіші, орта және аға буындар арасындағы байланысты күшейтуіміз керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықты тек отбасының ғана мәселесі деп қарамауымыз керек. Мемлекет мұндай мәселелерді көтергенде бүкіл жауапкершілікті өзіне алуы міндетті емес. Өйткені, бұл жердегі басты мақсат әрбір азаматқа өзінің жауапкершілігін түсіндіру, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр. 

DSC 9639

Шара соңы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының қорытынды Гала-концертіне ұласты. Оған Р.Рымбаева, С.Майғазиев, Ж.Жексенұлы, «Жігіттер» квартеті, А.Жорабаева, Жанболат пен Жазира және тағы басқа танымал эстрада жұлдыздары қатысты.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.