Үмітін үзіп келген ата-ана... Избранное

Среда, 22 Ноябрь 2017 05:44 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 138 раз

кейде таңғажайыптың болатынына осы жерде куә болады

Шымкентте денсаулығының кемістігі бар балалармен жұмыс жасайтын оңалту орталығы бар. Орталық мамандары есту қабілеті төмен, тілінде кемістігі және тірек-қимылында қиындығы бар, церебральды сал дертіне шалдыққан балалардың денсаулығын түзету жұмысымен айналысады. Қазіргі таңда, мұнда 165 бала педагогикалық-психологиялық көмек алуда. Осылардың ішінде жыл сайын 50 бала өзі қатарлас балалармен мектеппен қауышып, білім алу мүмкіндігіне ие болады.

DSC 1515

Әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі

Баланың денсаулығында қандай бір кінәраттың болуы әрине бірінші ата-ананың жанына батады. Оларға дер кезінде ем-домын жасап, мамандар көмек қолын созса, денсаулығын түзетуге болады. Парида Қалиева басшылық жасайтын облыстық оңалту орталығы он жылдан бері осындай ата-аналардың қуанышына куә болып, талай бүлдіршінді аяққа тұрғызған мекеме.

shymkala-92-3

– Балалар облыстық психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес беру мекемесінің жолдамасымен 3-7 жас аралығында қабылданады. Сосын балалардың диагноздарына қарай топқа бөлінеді. Қазіргі таңда, оларға арналған 11 топтың алтауы – тіл дамыту, біреуі – есту қабілеті төмен, төртеуі – церебральды салмен ауыратын балаларға арналған. Ең алдымен балаларды орталыққа бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Ауыр дефектілі балалармен мүміндіктеріне қарай зерделік-тұлғасын дамытуға жұмыс жасалады. Мамандар жылына үш рет топтық бағалау жүргізіп, әр балаға жеке дамыту бағдарламасын түзеді де, мүмкіндігіне қарай әрқайсысына жеке-жеке дамыту бағдарламасын жасайды. Дамыту бағдарламасы аясында түзету жұмысымен тәрбиеші, логопед, психолог-мамандар бірлесіп жұмыс жасап, оларды жыл бойына қадағалап отырады, – дейді орталық басшысы Парида Қалиева. 

DSC 1672

Емдік дене шынықтыру, педагогикалық және психологиялық яғни үш бағытта көмек берілетін мекеме заманауи жабдықтармен қамтылған. Массаж, физиотерапия бөлмелері, Монтессори кабинеті, психотерапия, логопед, спорттық-сауықтыру кабинетінде білікті мамандар жұмыс істейді. Логопед, дефектологтар Израиль, Ресейден алынған денсаулық қорғау технологиясына жататын құрылғыларды қолданудың нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеткен.

– Жеңіс Әлменбет бізге 5 жасында келді. Бір құлағы туғаннан естімейді, екіншісінің есту қабілеті төмен. Алғаш келгенде мүлдем сөйлемейтін, тұйық болды. Жаңа құрылығылар арқылы тіл бұлшықетіне массаж жасап, үздіксіз жұмыс істеудің арқасында 10 күнде әріптерді айта бастады. Қазір айналасындағы балалармен жақсы тіл табысады, – дейді Ресейде білімін жетілдіріп келген дефектолог Сәуле Мұсалықызы.

Бұл бір ғана мысал. Оңалту орталығының он жылға жуық тарихында сөйлей алмайтын, тұтықпа дертіне шалдыққандар, мүлдем естімейтіндер педагогикалық-психолгиялық емнен кейін сауығып кеткен. Аутизмнің алғашқы сатысындағылар, трек-қимыл кеселінде, салмен ауырған балғындарда өмірге икемділік артқан.

DSC 1639

Парида Қалиева «бір баланың денсаулығы жақсарып, мектепте білімін жалғастырса, мамандардың еңбегінің ақталғаны, бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді. Сондықтан, оңалту орталығы педагогтары балалардың танымдық қабілеттерін арттыру, қимылдарын жетілдіру, ақыл-ойын қалыптастыру, белсенді болуға, шығармашылық қиялығын дамытуда заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, оқыту тәсілдерін әрдайым жаңартып отырады.

Бұдан бөлек, мекемеде балалардың өй-өрісін дамытуға мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасалғаны байқалады. – Бала орталық ғимаратына таңертең кіргеннен безендірудің өзінен ерекше әсер алады. Қабырғадағы ертегі кейіпкерлері, өсімдіктер мен жануарлар әлемінен үзік суреттер білім мен ұғымының көкжиегін кеңейтеді, – дейді сала мамандары.

DSC 1645

Ата-ана балаға уақыт бөлмейді

Ресми ақпаратқа сүйенсек, өңірде 36 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 3,5 мыңға жуығында тілінде мүкістігі бар. Орталықта бейімдеуден өтіп жатқан балалардың басым бөлігінде ата-аналары тіл кемістігінен көмек сұрап келген.

– Үш жасқа дейін бала сөйлемесе немесе одан кейін әріптерді дұрыс айта алмаса, «еркеліктен» деп жүре беруге болмайды. Құлақтың естімеуі мен қарапайым «р» әрпін баланың айта алмауы уақыт өте келе психологиясына кері әсер етеді. Ата-ана баласының дамуы кезінде әрбір қимыл-қозғалысын бақылап отыруы тиіс. Қазір технология, оқытудың озық әдіс-тәсілдері және мамандардың үздіксіз еңбегі арқылы кемшіліктермен дер кезінде түзету жұмысын жүргізуге болады, – дейді мекеме басшысы.

DSC 1600

«Мүлдем сөйлемеу, кеш сөйлеу, әріптерді айта алмау және тұтықпа секілді дертпен ауыратын балалардың санының көбеюіне не себеп?» деген сауалға Парида Қалиеваның айтар уәжі бар. Оның сөзінше, әйелдердің жүктілік кезіндегі денсаулығына күтіммен қарамауы, экология, отбасындағы келеңсіз жағдайлар, ата-аналардың ұл-қыздарына көңіл бөлмеуі, тіпті теледидар, компьютер, ұялы телефонның зияндылығы бар дегенді алға тартты.

– Қазіргі ата-аналар балаларымен аз сөйлеседі, жұмыстың көптігін алға тартып, олармен бірге уақыт өткізбейді. Содан баланың сөйлеуге бейімділігі төмендейді. Осы мәселемен баласын орталыққа әкелген ата-аналармен бірінші кезекте бірге жұмыс істейміз. Кейде балғындарды ата-әжесі алып келіп, қамқор болып жатады. Дегенмен, ата-ана баласының сауығып кеткенін қаласа, олардың жанында көбірек бірге болғаны дұрыс екендігін түсіндіреміз. Бұл біздегі жұмыс істеудегі ерекшеліктің бірі, – деді басшы.

Балаларды оңалту орталығында «Ата-аналар мектебі» ашылған. Мұнда кез келген уақытта әке-шешесі оңалту шараларының барлығына қатысуына болады. Парида Қалиева бүгінгі таңда, ата-аналар орталықта өтетін семинар, тренинг, шығармашылық көрмелер, кеңес, тіпті мерекелердің өзінде белсенді. Сондықтан нәтижеге қол жеткізуіміздің бір сыры – ата-анамен тығыз жұмыс жасайтындығымызда дегенді баса айтты. 

Жыл сайын оқу жылы аяқталғанда 50-ге тарта бала мектепке баруға дайын болады. Үмітін үзіп келген ата-ана таңғажайыптың болатындығына кейде осы жерде куә болады. Өйткені, мұнда қызмет ететін мамандардың кәсібилігі, еңбек етудегі жанкештілігі талай отбасын қуанышқа бөледі.

Последнее изменение Среда, 22 Ноябрь 2017 05:58
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.