«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласына келді.
Жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалында партия төрағасы Н.Назарбаев берген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде жиналыс өткізді.
Мәжіліс барысында облыстық білім, денсаулық, құрылыс, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай бірқатар қызметкерлерге «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгісін, «Құрмет грамотасын» табыстады.
Ғ.Әбдірахымов іссапар барысында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жастармен кездесті және Төлеби ауданында болды.
– Елбасы Н.Назарбаев партияны жаңғырту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қазір партия аталған тапсырмаларды орындауға кірісті. Осыған орай, бүкіл өңірлерде жұмыс сапарын ұйымдастырудамыз. Біздің басты мақсат – мемлекеттік бағдарламаларға, партия төрағасы тапсырмасының орындалуына мониторинг жасау және бақылау. Сондай-ақ, халықтан түскен арыз-шағымдарды қарау, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов.