Амидулла Ермаханбетұлы: «Нұрсұлтанмен бірге оқып, қызметтес болғанмын»

Среда, 29 Ноябрь 2017 06:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 119 раз

amidollaЕгемен еліміздің Тұңғыш Президенті, дана саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сонау бір жастық дәуірімізде курстас әрі қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Алдымен өзім жайлы айта кетсем, мен – Амидулла Ермаханбетұлы 1939 жылы 22 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиевка ауданы (қазіргі Төлеби), Қасқасу ауылында дүниеге келдім.

amidolla-2

1957 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсуге бардым. Бірақ сол кездегі тәртіп бойынша өткізілетін конкурстан өте алмаған соң Шымкент қаласындағы №11 техникалық училищеге оқуға түстім. Оны 1958 жылы бітірдім. Содан соң цемент зауытында слесарь-монтажшы болып жұмысқа тұрдым. Осы жылы облыстық комсомол комитетінің жастарды бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысына, атап айтқанда, Қазақстан магниткасын салу жұмысына жолдамамен жіберу науқаны басталды. Сөйтіп облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен «Қазақстан магниткасына» – Теміртау қаласына бардық. Сол жерде екі топқа бөлініп, училищеге оқу үшін Ресей мен Украинаға жолға шығарып салды.

Украинаға жолдама алған 35 жігіт барды. Мұндай салада еңбек ету үшін алдымен Украинадағы Днепродзержинский қаласындағы №8 техникалық училищеден арнайы білім алу керек. Осыған орай біз Шымкенттен пойызбен Мәскеу арқылы діттеген жерімізге жеттік.

Днепродзержинсийге келгесін байқағаным, мұнда Шымкенттен келген біз ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар көп екен. Бұл жердегі жұмыс пен еңбектің тәртібі былай: аптасына 3 күн училищеде оқимыз, 3 күн қаладағы Металлургия комбинатында жұмыс істейміз. Мен осы жерде алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстым. Кең маңдайлы, ашық жүзді Нұрсұлтанның кіммен танысса да сол сәтте өзіне баурап алатын қасиеті барын бірден байқадым. Ашығын айтсам, Нұрсұлтан оқуды да үздік оқып, жұмыста та асқан белсенділік танытатын. Оның бойына біткен адамгершілік қасиеті жанындағылардың бәрін өзіне ерекше тартатын. Осылайша ол жақта Нұрағаңмен 2 жылдай әріптес болып, Теміртау қаласына – «Қазақстан Магниткасына» жұмысқа келдік. Сөйтсек, біздің мамандық бойынша жұмыс жасайтын домна пеші әлі іске қосылмаған екен. Ол біткенше екі жылдай әртүрлі жұмыс атқарып жүрдік. 1962 жылы домна пеші іске қосылып, өз мамандығымыз бойынша бірінші шойынды балқытуға кірістік. Домна пеші балқытқан шойынды бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев ағызды. Алғашқы құйылған шойынның бір құймасын алып, «Қазақстан магниткасының бірінші шойыны» деп жазып, Алматыда өткен Қазақстан ЛКСМ-нің 12-съезіне алып барып, Д.Қонаевқа табыс етті.

Жұмыстың ауыртпалығына шыдай алмаған бірталай жігіттер кәсіпорында қалмай, елдеріне қайтып кетті. Жұмыста тек қажырлы да қайратты жігіттер іріктеліп қалды. Мен осында Нұрсұлтан Әбішұлымен 1970 жылға дейін бірге жұмыс істедім. Одан бұрын, яғни, 1961-1962 жылдары Теміртаудағы жоғарғы техникалық оқу орнына (ВТУЗ) түстік. Институтта кешкі және күндізгі бөлімде оқытатын тәртіп болатын. Мәселен, жұмысқа күндізгі ауысымға түссек, кешке оқитынбыз. Түнгі ауысымға түссек, күндіз оқитынбыз.

Мен мамандығым бойынша мартен пешінде болат қорытушы болдым. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы домна пешінде шойын қорытушы болып еңбек етті.

Осы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы домна пешінің қатардағы кеншісінен бастап, цех комсомол комитетінің жетекшісінен комбинат парткомының хатшылығына дейін өсті. Одан Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшы, одан кейін Қазақстан орталық партия комитетінің хатшылығына көтерілді.

Нұрекең қандай қызметте жүрсе де байырғы курстас әрі қызметтес достарын ұмытқан емес. Мәселен, қазіргі ел басқарып жүрген уақытында да уақыт тауып, бізбен бас қосуды ұмытпайды. Ондай кездері біз жастық шағымызды еске алып, мәре-сәре боламыз. Яғни, ол өз мойнындағы сан алуан саясаттың тірліктерін бір сәт ысырып қойып, бізбен баяғы жастық шақтағы сәттеріміздегідей емен-жарқын әңгімелесе бастайды.

Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен қатар әзіл сөзді өте жақсы көретін, кең пейілді жан. Біз де өз тарапымыздан оның атқарып жатқан алуан түрлі жұмыстарына оң баға беріп, оны шабыттандыра түсеміз. Біздің оған көрсеткен басты құрметіміз - осы.

1989 жылы 24 маусым күні Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып сайланды. Дәл сол күні менің үлкен қызым Бақыттың тұңғыш ұлы өмірге келді. Бұл менің тұңғыш немерем еді. Немеремнің туылғаны және ат қойғанымыз қызық болды. Осы кезде жаңа ғана өмірге келген немеремнің аты жайында таласа бастадық. Сол уақытта менің жұбайым Бану үйде отырған қонақтарға қарап былай деді: «Немеренің аты өзінен-өзі шығып тұрған жоқ па? Бағаналы бері өздерің сырттай құттықтап отырған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы – Нұрсұлтан досымыздың аты осы немереге лайық емес пе?!» демесі бар ма. Отырғандар ду қол шапалақтап, бұл ұсынысты бірден қолдады...

Тағы бір қызық жайт, осы немерем 6 жасқа толғанда, оның сүндет тойы мен өзімнің 60 жасқа келгенім әрі Розаға қосылғаным, сондай-ақ анамның 100 жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келді. Осындай төрт қуанышқа арнап үлкен той өткізуді ұйғардым. Тойға екі күн қалған кезде Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы шақыру жібердім. Тура той болатын күні ол кісіден құттықтауға толы телеграмма келді. Ол телеграммада былай деп жазылған екен.

«Құрметті Әбеке, бақыт деген осы. Төрт құбыланың түгелдігі деген осы. Шүкіршілік, алдыңда ақ пейіл анамыз, жаныңда жан жарың Роза, соңыңда балалар мен немерелер ер жетіп келе жатыр. Балбөбек Нұрсұлтанды тағдыр көпсінбесін, ұзағынан сүйіндірсін. Анамыздың да, өздеріңіздің де алда көрер жақсылықтарыңыз мол болсын! Шаңырағыңа бақыт пен шаттық тілеймін!

Нұрсұлтан Назарбаев. Астана«. Мұның өзі Нұрағаңның біз секілді қарапайым адамдарды, әсіресе ескі достарды ұмытпай жүргендігінің бір көрінісі.

Арада біраз уақыт өткенде Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына кілең сыныптастарды әдейі арнап шақырып, сонда Нұрекең бәрімізді бір күн бойы күтті.

2011 жылдың мамыр айында біздің қалада ардагерлерге арналған аллеяның ашылу салтанатына арнайы сапармен келгенде тағы жолықтық. Біз бұрынғы облыстық арбитраждың бастығы Өмірбек Темірұлы екеуіміз алдынан шығып, арнайы сәлем бердік.

Бүкіл әлемге аты мәшһүр болған қайсыбір ұлы тұлғаны алсаңыз да, қарапайымдылықтан кенде болған емес. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы екендігіне қарамай, осындай қасиеттерді де бойына сіңірген.

2011 жылы 29 қазанда Нұрсұлтанның әкесі Әбіш атамыздың қайтыс болғанына 40 жыл, анасы Әлжанның өмірден өткеніне 35 жылдық асты Назарбаевтар әулеті өткізді. Біз, біраз сыныптастар, достар асқа қатыстық. Мен көпшілік алдында арнау сөз айттым: «Біріншіден, осы асты ұйымдастырып отырған, Назарбайдан тараған ұл-қыздарға, ағайындарға мың да бір рахмет. Нұрсұлтандай ұл өсірген ата-ана – бақытты жандар. Оларды бүкіл қазақтың ата-анасы десек те артық емес. Өйткені, олардан туылған Нұрсұлтан бүкіл әлемге Қазақстан Республикасын, қазақ халқын танытып отыр» дедім.

Бұл ас – бүкіл қазаққа үлгі болатын, дәстүрімізге сай ас болды. Мен өзімді Нұрсұлтандай ұлы тұлғамен жалынды да жігерлі жастық шақтағы күндерді бірге өткізіп, қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Иә, ол ұлы тұлға...

Последнее изменение Четверг, 30 Ноябрь 2017 09:44
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.