Дәрі бағасының тұрақтылығы бақылауда Избранное

Среда, 31 Январь 2018 03:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 221 раз

Өңірде халыққа ең қажет 150 дәрінің бағасы жыл соңына дейін қымбаттамайтындығы жөнінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы арасында меморандум түзіліп, бағаны тұрақты ұстап тұруға уағдаласқан-ды.

 

Осыған орай, журналистер Шымкенттегі дәріханаларда дәрі бағасының тұрақтылығын зерделеу мақсатында арнайы ұйымдастырылған пресс-турға қатысқан болатын. 

«Europharma», «Зерде-фарма» ЖШС-не қарасты «1 Маркет Здоровье» дәріханаларына келушілер қарасы көп. Темірлан тас жолы бойындағы «Europharma» дәріханасына ем-домға қажетті дәрі алуға күніне 1000-ға жуық адам келеді екен. 

– Келушілердің сұранасы «Валериана», «Креон», «Аналгин», «Цитрамон» секілді дәрілерге көбірек түседі, – дейді дәріхананың фармацевт-маманы Жанар Сахабекқызы. – Тұрақты бағадағы дәрі-дәрмектердің тізімін бағасымен көрсетіп, іліп қоямыз. Кейбір препараттардың бағасы меморандумда бекітілгеннен төмен болатын жағдайлар да бар. Мәселен, өткен жылы «Фестал» 445 теңге болса, 390 теңгеге сатылды», – дейді маман.

ОҚО денсаулық сақтау басқармасы дәрілік заттармен қамтамасыз ету және лицензиялау бөлімінің басшысы Л. Өміртайқызының айтуынша, дəрі-дәрмектің 150 атауының ішіндегі 13 түрінің бағасы едәуір төмендетілген және 30 тасымалдау компаниясы келісім-шартқа отырған. 

Айта кетейік, өңірде 1279 дәріхана болса, оның 590-ы Шымкент қаласында тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.