«Емханыңды таңда!» акциясы бойынша өткен жылы Шымкентте тіркеу құқығын 114 мың тұрғын пайдаланған. Қалалықтар бұл тұрғыда белсенділік танытып, республикада алдыңғы қатардан көрінген.
Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалының бөлім басшысы Ахмет Беденнің қалалық қан орталығының дәрігерлерімен кездесуінде айтылды.
– Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық қолданысқа енеді. Жаңа жүйенің тиімділігін білім, медицина, сауда орындары мен базарларда тұрғындарға түсіндіріп келеміз. Дегенмен, халық бұл туралы көбінесе дәрігерлерден сұрап жатады. Оның үстіне биылғы қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Жаңалықтар мен өзгерістер жайында дәрігерлерді хабардар етіп тұрумыз қажет, - дейді А.Беден.
Жауапты маман жыл басында салық және арнайы төлемдер туралы кодекске енгізілген өзгеріске де тоқталды.
– Бірыңғай жиынтық төлем әлеуметтік қорғалуыңызды қамтамасыз ететін қызметті тіркеудің оңтайландырған режимі. Оның мөлшері қалалықтар үшін 2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1263 теңгені құрайды.
Бұл төлем жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға қолайлы, - деп түсіндірді маман.