Жеңiмпаз аула өзгелерге үлгi Избранное

Пятница, 24 Июль 2015 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4856 раз

Шымкенттегі Республика даңғылындағы 20 «а» үйдің ауласына тап болсаңыз, сұлулығымен баурап алады. Бес қабатты үйдің тұрғындары бес-алты жылдан бері аулаларын қызылды-жасылды гүлдерге көмкеруді қолға алған. Тұрғындар ерте көктемнен қара күзге дейін қолдарынан кетпен, күрегін тастамайды.

 MG 7876Жұмыстан бос уақыттарында арамшөптерін отап, түбін қопсытып, суғаруға кіріседі. Міндетсінбейді. Ал осындай өнегелі істің бастамашысы болып жүрген осы үйдің төрайымы  алпысты алқымдаған, қазақшаға судай  Софья Пархомцева.
Бұл аула әсемдігімен әйгілі. Өткен жылы аулалар арасында ұйымдастырылған «Таза ниетпен – таза қалаға» байқауында жүлдегер атанып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болдық. Ол қаржыға алаңқайға жөндеу жұмыстарын жүргізіп,  подъездің есігін ауыстырдық. 150-200 дана раушан гүлінің көшеті мен қайың ағаштарын отырғыздық. Суаруға арналған құралдар сатып алдық. Биыл да байқауға қатысуға өтініш бердік. Егер жеңіске жетіп жатсақ, гүлдер мен бұталарды отайтын, ретке келтіретін құрал-жабдықтар сатып аламыз. Әйтпесе, біздің жайқалған жасыл желектеріміз бағынбай барады, – дейді Софья апай.  

 MG 7868Айтпақшы, жеңімпаз үйдің жетістігі басқа да көршілес үйлердің тұрғындарына үлгі. Айналасындағы бірнеше үй өз аулаларын абаттандырып, биылғы конкурсқа қатысуға өтініш білдіріпті.
– Өткен жылы конкурсқа 37 көпқабатты тұрғын үй мен 28 көше қатысқан. Биыл қатысушылардың санын 100-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде 30-дан аса өтініш келді. Ал, біздің аудандағы тұрғын үйлердің саны – 400. Өтінім қабылдау жалғасып жатыр. «Үздік аула», «Үздік көше» номинацияларының әрқайсысы үшін 12 жүлделі орын бар. Айтпақшы, өткен жылғы жеңімпаздар: 8 шағынаудандағы №6 үй, 3 шағынаудандағы №6 үй, Мамытов, Табынтаев, Жандарбеков көшелері жүлденің қаржысын өз аулалары мен көше бойын көгалдандыру, әсемдеу, ретке келтіру сынды мақсаттарға жұмсады, - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.
– Ұл-қыздарымыз кішкентайынан үлгі-өнеге алып, сұлулыққа құштар болып өссе, жаман істерге қадам баспайды. Айналаның өзі әсемдікке толып, шуақ сыйлап тұрғаны жақсы емес пе? Әр азамат қаланың тазалығы мен гүлденуіне атсалысуы керек. Қоғам өзгереді. Қала гүлденеді, – дейді тазалық жұмыстарына білек сыбана, белсене қатысатын ұйымшыл тұрғындар. Әр ауланың, әр көпқабатты үйдің тұрғындары осылай ойлап,  қаламыздың келісті келбетінің айшықтала түсуіне үлес қосып жатса, қанеки?!