Маңызы зор Мегаполис

Пятница, 16 Октябрь 2015 07:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5685 раз

Шымкент – көне қала, екі мың жылдан астам тарихы бар, тамырлы шаһар. Қала мәртебесіндегі Шымкент әр ғасырларда өзіндік даму жолын жоғалтқан жоқ. Сауда-саттық, өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы қарқынды дамыды.  Айталық, тек соңғы жиырма жылдағы Шымкенттің өсіп-өркендеу жолы тәуелсіздік жылдарымен тікелей байланысты. Бұл кезеңді Шымкент дамуының жаңа дәуірі деуге болады. Өйткені шымшаһар еліміздегі мегаполис болуға лайықты қалалардың бірі ретінде таңдалып алынған.

manizi zor megapolis 42


Осы межелі міндет, ортақ мақсат  Шымкенттің екінші тынысын ашты. Бүгінде алып шаһардың көз тоймас көркіне тамсанушылар көп. Таныс деген жермен жүріп өтіп, сол маңның көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп бара жатқанын аңдамай да қаласыз. Зәулім ғимараттар, еңселі ескерткіштер, көрікті аллеялар мен  саялы саябақтар осының дәлелі. Бұған қаланың өнеркәсіптік саласының өркен жайып келе жатқанын қосыңыз. Ең алдымен бұл біздің ішкі дамуымыздың, экономикалық нарықтық қатынастардың тұрақтала бастағанын көрсетеді. Қайсыбір қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуі басты міндет. Кеңес заманы тұсында Шымкент ірі өндіріс ошақтарымен танымал болғаны мәлім. Фосфор, қорғасын, мұнай өңдеу зауыты Одақта аты шыққан өндіріс орындары еді.
Алайда, қазіргі уақытта Шымкентте ірі өндіріс орындары болмағанымен, қоғамның қажеттілігіне сәйкес шағын кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Осы саланың бір демде алға жылжуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін көтеруге серпін берді. Бұл да заманның талабы. Шағын бизнес арқылы Шымкентте шығарылатын отандық өнімдердің қарасы көбейе бастады. Халқы еңбекқор дейтін оңтүстік жұртының басым бөлігі бүгінде нәпәқасын осы кәсіпкерліктен  тауып жүр. Бүгінде қандай да бір өнім өндіріп, сатып, айналымға шығару үшін алып зауыт салудың қажеті жоқ. Қазіргі нарық заңы да осыны талап етеді. Бастысы көпшілік тұтынатын, қоғам қажеттілігін өтей алатын өнім болса жеткілікті. Осыны ұғынған шымкенттіктер  экономиканың әр саласында тынбай тірлік етіп жүр.
Осы ретте статистиканы сөйлетсек... Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы  Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 205 916,1 млн. теңгенің өнімін өндіргені туралы мәліметті алға тартады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,5%-ды құраған деген сөз.
Ал жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 262,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,6 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш облыс бойынша өнім көлемінің 40,5 пайыз үлесіне тең. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі  11 722,4 млн. теңгені құрап,  2013 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 90,8 пайызға жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 55 пайыз, мал шаруашылығының үлесі 43 пайыз.
  Соңғы уақытта Шымкентте әуежай маңынан салынып жатқан логистикалық орталық туралы аз әңгіме айтылып жүрген жоқ.  Тек облыс үшін ғана емес, республика үшін маңызы зор нысанның құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінген. Сауда-логистикалық орталықтың негізгі жұмысы  қаланы бірден-бір азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жалпы, облыс аумағында өнім жеткілікті түрде шығарылады. Бірақ, сол өнімдерді тұтынушыларға уақытында делдалдарсыз жеткізу маңызды. Сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі осында.
Биыл Елбасы Н.Назарбаев Шымкентке жасаған жұмыс  сапарында «Оңтүстік ауыл шаруашылық өнімдерінің, әсіресе, көкөністердің бес жылдың ішінде 2,5 есе өсіп, экспортқа шығаратын облысқа айналып отыр. Көкөніс 2,3 млн. тонна шығару деген бұл Оңтүстік Қазақстанда болмаған. Осының барлығы – елдің еңбегі» деп атап өткен еді.
Ел еңбегі ескерусіз қалмақ емес. Алайда қазір бәсекелестіктің қазаны қайнаған заман. Дүние елдері оза шауып, төске өрлеп жатқанда, жайбарақат қарап жатуға болмайтыны бүгінгі шындық. Адам ойы, еңбегі арқылы инновациялық жаңа технологиялар пайда болуда. Бұл экономиканың жылжуын ілгерілететін тиімді әдіс. Тәуелсіз ел болғанына енді ғана жиырма жылдан асқан Қазақстан үшін де аса қажет. Сондықтан болар, мемлекет инновациялық жобаларға барынша қолдауды қолға алып жатыр. Өйткені дамушы елдердің деңгейі экономикалық өсім көрсеткішімен өлшенеді. Бұл ретте ел экономикасының алға жылжуына әсіресе, ірі мегаполистік орталықтардың қосатын үлесі әлдеқайда қомақты болуы тиіс. Ал ендігі шығатын белес – озық отыз елдің қатарына ену.
Шымкент тұрғындарын миллионға жеткізу арқылы мегаполис боламыз дедік. Жайдан жай айтылған жоқ. Нақты тапсырма, межелі міндет. Мегаполис болу тұрғындар санымен, экономикалық өсімімен ғана емес, жоғары ғылым-білім, мәдениетімен де ерекшеленеді. Мегаполис болу тіршіліктің қайнаған ортасын білдіреді. Демек, бұл бағытта дамуға Шымкент дайын тұр. Өйткені, бүгінгі қаланың келісті келбеті осыдан хабар береді...

Р. Қонарбекқызы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.