Қураған ағаштар кесiлуде

Среда, 16 Март 2016 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8330 раз

Шымкент көшелеріндегі қураған ағаштарды бұтау жұмыстары жалғасуда. Қазір «ЛТД-Тұрмыс» және «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-нің жұмысшылары қаланың орталық көшелеріндегі жасыл желекті санитарлық формаға келтіріп жатыр.


IMG 0486Өткен жылы қыркүйек айынан басталған ағаш бұтау жұмыстары күн жылынған сәтте бұрынғыдан да қыза түскен. Ағаштардың шіріген, қураған бұтақтары кесіліп отыр. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарамсыз ағаштар түбімен қопарып алынып тасталынуда. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің көгалдандыру бөлімінің басшысы Жеңісбек Нұрденовтың
айтуынша, ай сайын қала көшелерінде құлауға шақ тұрған ағаштар кесіледі. Ә. Диваев, Бейбітшілік, Б. Момышұлы, Ә. Жангелдин көшелері мен Темірлан тас жолы бойында ағаштар қалың өскендіктен, жұмыс қолының басым бөлігі сонда жұмылдырылған. Бұталған ағаштар «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі жұмысшылары мен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына және мүгедек азаматтарға тізім бойынша үлестіріліп беріледі.
Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Жандос Бостановтың айтуынша, өткен жылы қаланың көгалдандыру және жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына қалалық бюджеттен 670 миллион теңге бөлінген. Ал биыл қанша қаржы қаралатыны алдағы уақытта өтетін мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде белгілі болмақ.

psШымкентте наурыз айының ортасынан бастап ағаш әктеу жұмыстары басталады. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-не бекітілген көшелерде барлығы 50 мыңға жуық ағаш әктеледі. Осы мекеменің агрономы Ержан Жантасовтың айтуынша, ағаштардың әктелуі – олардың тазалығы мен әсемдігін қамтамасыз етіп, біркелкі көрінуіне септігін тигізеді. Әктің құрамы ағаш діңіне пайдалы заттарға бай. Ағаштарды құрғап кетуден сондай-ақ, құмырсқа мен шыбын-шіркейден қорғайды. Тек жай жапырақты ағаштар ғана әктеледі. Әктің орнына басқа дәрілік заттар қолданылмайды. Тек, шыршалардың тамыр жаюуына және жақсы өсуіне мүмкіндік беретін дәрілер себіледі.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.