Жылу құбыры жаңғыртылады

Среда, 06 Апрель 2016 06:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3478 раз

Шымкентте 25 наурыздан бастап жылу беру маусымы аяқталды. Жаз мезгілінде «Шығыс», «Теріскей», «Сайрам» және 18 шағынаудандарындағы 220-ға жуық көпқабатты үйге ыстық су берілмейді. Бұл – келесі жылыту маусымына дайындық шараларына байланысты қолға алынған жұмыс. Мұны Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлім етті.

DSC 0340– Биыл қаланың солтүстік бөлігіндегі Н. Төреқұлов көшесінде құбырды жаңғырту мақсатында ұзындығы 6,5 шақырымдық жұмыс атқарылмақ. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарына байланысты биылғы жаз маусымында аталған шағынаудандарда ыстық су қосылмайды. Бірақ, осы айдың 15-не дейін ыстық су беріледі. Сондай-ақ, ҚР қолданыстағы заң бойынша бес қабатты тұрғын үйлерден жоғары қабатты үйлерге автономды жылу қазандығын қоюға рұқсат етілмейді. «Нұрсәт» шағынауданында он үйге жасаған талдау жұмысы көрсеткендей, 669 пәтердің 75-і бүгінде автономды жылыту жүйесіне рұқсат келісім-шартпен өтіп кеткен. Осы жылу қорытындысы бойынша ол үйлердің бәріне ескерту ілінді. Өткен жылыту маусымында екі төтенше жағдай орын алған болатын. Қайғылы оқиғалар да кезікті. Солардың алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жасадық, – деді Б. Жанбосынов.
Жалпы, қала бойынша жылу энергиясын орталықтан алатын бүгінде көпқабатты үйлердегі 84 мың пәтер болса, оның 17-18 мыңы автономды жүйеге өтіп кеткен. Оның көбісі заңсыз. Қазір осы абоненттердің барлығы мемлекеттік меншіктегі мекеменің балансқа өткені туралы талдау жасалды. Бәрінің мекен-жайы белгілі. Осы жылу энергиясының орталықтандырылған жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылады. Соған сай тұрғындар арасында түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Тек бұл заң аясында атқарылып жатқан жұмыстар екенін тұрғындар түсінуі тиіс.
Брифинг барысында қала әкімінің орынбасары жыл басында «Оңтүстік» шағынауданындағы кәріз жүйесінде апатты жағдай орын алған үйлердің мәселесіне тоқталып өтті. Осыған орай қала әкімінің орынбасары заңға сәйкес, тұрғындарға толыққанды жауап берді.
– Апатты үйлерге қатысты жұмыстар заңға сәйкес жүргізілген. Алайда ол үйлерді жөндеу жұмыстарын жасауға тұрғындардың өздері келісім бермеді. Қазір айналма кәріз жүйесінің құбырлары орнатылып жатыр. Ол жерде тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Үйлер мемлекет мұқтажына алынбайды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.