РАДИОФАРМПРЕПАРАТТАР ӘУЕ ЖОЛЫМЕН ТАСЫМАЛДАНАДЫ Избранное

Пятница, 17 Май 2024 07:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Қала әкімдігінің Шымкент қаласының әуежайы басшылығымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде бұдан былай радиофармацевтикалық препараттар (РФП) тікұшақтар арқылы жеткізілетін болды. Бұл ең алдымен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды дер кезінде анықтап, емдеу шараларының тиімділігін арттырады.

dari

 

Шымкент қалалық онкологиялық орталығы жанынан 2022 жылы «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылған болатын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске қосылған орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға, науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Орталық дәрігерлері радиофармпрепаратты науқасқа көктамыр ішіне енгізеді, оның дозасы пациенттің дене салмағына, бойына қарай есептеледі. Радиофармпрепарат бүкіл денеге таралғаннан кейін, шамамен бір сағат ішінде пациентке Позитронды – эмиссионды томография/компьютерлік томография (ПЭТ/КТ) арқылы диагностикалық зерттеу жүргізіледі.
Препарат құрамы 2-фтор, F химиялық түріндегі фтор-18 бар натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісі болып табылады. Фтор-18 радионуклидінің ыдырау мерзімі 109 минутты құрайды. Бұл препарат ПЭТ/КТ көмегімен диагностикалық зерттеу ретінде әртүрлі нозологиялық нысандар мен локализациядағы қатерлі ісіктерді дифференциалды диагностикалау, қатерлі ісіктердің таралуы мен сатысын анықтау, ісіктерді емдеудің тиімділігін бағалау үшін қолданылады.
Қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында қарастырылған осындай ем-шаралардың нәтижесінде бүгінде науқастар өмірі айтарлықтай ұзаруда.
РФП осыған дейін арнайы жабдықталған көлік құралы арқылы Алматы қаласындағы Ядролық физика институтынан ұзағымен 2 сағат ішінде жеткізілетіндіктен, қуаттылығы төмендеп, аз науқасқа ғана жететін. Себебі бұл препарат 109 минут сайын жартылай күшін жоғалтады. Ал әуе жолымен тасымалдау арқасында жолға небәрі 2-3 сағат жұмсалатындықтан, көп науқасты қамтуға мүмкіндік туады.
Күні ертең қаламызға әуе жолы арқылы сынақ ретінде РФП орнына сұйықтық жеткізіледі. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар үшін маңызды препараттың мұндай жолмен жеткізілуі тиімділігін көрсеткеннен кейін сұранысқа орай препараттардың қажетті көлемі жеткізіліп отырады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз
қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.