Шымкент – велосипедпен жүруге қолайлы қала Избранное

Среда, 13 Июль 2016 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6739 раз

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ВЕЛОСИПЕДТІ ЖАЛҒА БЕРУ
СТАНСАСЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

Шымкенттіктердің жаппай велосипедке ойысатын кезі келді. Бұл мақсатта бірқатар жобалар қолға алына бастады. Келіссөөздер жүргізіліп, бастапқы алғы шарттар жасалды. Көпшіліктен қолдау тапқан бірегей бастама өз жемісін беріп отыр. «Shymkent Bike» – игіліктерге бастар жоба. Өткен демалыс күні қалада автоматтандырылған велосипедтерді жалға беру стансасы іске қосылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының жыл бойы велосипедке отырып, салауаттылықты насихаттауға мүмкіндігі бар. Бұл – Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе іске асырған шара.
Әл-Фараби алаңында өткен велостансаның ашылу рәсіміне көпшілік куә болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық-Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев мырза көпшіліктің қуанышын бөлісіп, игілікті жоба қала тұрғындарының көңілінен шығатынына сенім білдірді.

«Велотұрақ орнату – халықтың қажеттiлiгi»

Жобаның алғашқы сатысында 200 велосипед сатып алынды. Бұл мақсатта қалада жалпы қырық станса ашылу жоспарланған. Қазірдің өзінде онға жуығы пайдалануға берілді. Жиырмасы қаланың орталық көшелерінде орнатылу үстінде. Қала әкімдігі шілде айының соңына дейін қырық велостансаның бәрін іске қоспақ. Шырайы артқан Шымкент Елордадан кейінгі мұндай велосипед жүйесін орнатқан елдегі екінші қала атанды.

Әл-Фараби алаңында өткен велостансаның ашылу рәсіміне көпшілік куә болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық-Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев мырза көпшіліктің қуанышын бөлісіп, игілікті жоба қала тұрғындарының көңілінен шығатынына сенім білдірді.

– Велотұрақтар орнату – қазіргі заманның талабы, халықтың қажеттілігі. Климаттық тұрғыдан өте ыңғайлы Шымкентте велосипед жалпыхалықтық көлік қатынас құралына айналады деп сенемін. Қажеттілік бойынша велостансалар саны ұлғая бермек. Әрине, жұмысты ұйымдастыруда кедергілер жоқ емес. Веложол салу, қауіпсіздік мәселелері, велосипед айдау мәдениеті – кезең-кезеңімен шешілетін іс. Бұл тұрғыда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр жəне өз жалғасын табады, – деді Ғ. Әбдірахымов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Ең бірінші болып, қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы велосипедті пайдалану үшін арнайы карта сатып алды. Сонымен қатар, жаңалықтың жаршысындай, ашылу салтанатынан кейін қала әкімі, мәслихат депутаттары және облыс спортының басы-қасында жүрген азаматтар велосипед ершігіне отырып, Тәуке хан көшесін кесіп өтті.

Денсаулықтың нағыз кенi

Бұл жоба қаланың велоспорт және веложол инфрақұрылымын дамытумен қатар мегаполис тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын мақсат еткен. Велотуризмнің дамуын жаңа сатыға көтеретініне сенім бар.

Қала дамуға бет алды. Соған сай жаңа мүмкіндіктердің қарастырылуы заңдылық. Денсаулықтың нағыз кені – осы велосипед тебу. Біріншіден, ұрпақ салауатты болып өссе, екіншіден, көлік кептелісінің алдын алуға мүмкіндік зор. Әрі қаржыңыз үнемделеді.
Шымкентте бүгінде велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асады. Қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін қоғам болып қолдау қажет.
Велосипедтер Франциядан әкелінген. Қаңқасы авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалыпты. Яғни, ешкім де үптеп кете алмайтындай берік. Оны пайдалану үшін әуелі келісім-шарт жасасу керек. Бір жылдық төлемақы – 11500 теңге. 10000 теңге жол жүру құнына, 1000 теңге тікелей картаның өзіне, 500 теңге пайдаланушының балансы болып есептеледі. Төлем картасын сатып алған жағдайда арнайы PIN-код беріледі. Іске қосылғаннан соң коммуналдық велосипед жарты сағат тегін қызмет көрсетеді. Әрі қарай әрбір сағатының құны – 100 теңге. Бұл туралы толық мәліметті shymkentbike.kz
сайтынан біле аласыз.

Жақсы iстің жаршысы болайық!

Қазір Тәуке хан даңғылы бойында 10 орынға арналған 5 велостанса жұмыс істеп тұр: қалалық әкімдік, «Имран» сауда орталығы және «Қызғалдақ» су бұрқағының алдында. Алдын ала есептелгендей, велостансалар алдағы уақытта «Нұрсәт», Ордабасы алаңы, облыстық аурухана, Назарбаев зияткерлік мектептері, т.б., 40 аялдама маңына орналасады.

Қай жоба болса да ол халыққа қызмет етуі тиіс. Сол себепті, халықтың игілігіне жарайтын жаңа жобаға қолдау білдіріп, одан әрі дамыту қала тұрғындарының өздеріне де байланысты.
Мұндай заманауи игіліктерді пайдалануда шетелден үйренеріміз көп. Халқы миллиардтан асатын Қытай елінде велосипедке міну әлдеқашан қолданысқа енгізілген. Батыс Еуропа елдерінде де солай.
Қытайда білім алып жүрген қазақ студенттерінің айтуынша ондағы тұрғындардың жұмысқа велосипедпен келуі әдеттегі іске айналған. Әсіресе, оның қызығын көретіндер студенттер екен. Барлық провинцияда да велосипед айдау мәдениеті дамыған.
Біз де қоғам болып, жаппай қолжетімді көлік түріне отырамыз десек, әуелі көзқарасты өзгерткен жөн.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.