Шырайы кiрген елдiмекен

Среда, 13 Июль 2016 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5011 раз

Қарабастауда 6106 халық тұрады. Онда 1 денсаулық мекемесі, 1 мектеп, 1 балабақша, 1 пошта мекемесі қызмет көрсетеді

Еңбекші ауданына қарасты Қарабастау деген елдімекен бар. Тарихы әріден басталатын тұрғын алаптың бүгінгі ахуалы қандай? Шешімін тапқан іс қайсы, қордаланған жәйт бар ма? Осы мақсатта елдімекенге барып қайтқан едік. Жер-су атауларына мән беріп, ежелден келе жатқан аңыздарға сүйенетініміз бар. Естуімізше Қарабастау ертеректе қалың тоғай болған деседі. Бұлақтар да көп болыпты. Халық судың түсі мөлдір болғанымен, қаралығына қарап, Қарабастау деп атап кетеді.

ҚАРАБАСТАУ АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Қарабастау тұрғын алабы – Еңбекші ауданы аумағында орналасқан Жұлдыз аумағына қарайды. Мұнда қазір 6106 халық тұрады. Олардың тыныс-тіршілігі негізінен қала орталығы Шымкентпен тығыз байланысты. Халықтың көбісі қаладағы мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек етеді.

DSC 0140

Десе де, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қарабастау халқына оңай тиген жоқ. Инфрақұрылым мәселесі өзекті болатын. Мектеп ескі, ал амбулатория мүлде болмаған. Қазіргі таңда Қарабастаудың тыныс-тіршілігінде ілгерілеушілік байқалады. Елдімекенде салынған жаңа үйлер жаңа ауыл қалыптастырғандай әсер қалдырады. Ауыл толықтай жарық, су, көгілдір отынмен қамтылған. Қуантарлығы, үлкен трассадан келетін жолдар тақтайдан тегіс. Биыл елдімекеннің Абай, Қамбар Молдабекұлы және Жастар көшелеріне асфальт төселіп, жөндеуден өткізіліпті. Жұлдыз аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Сейдулла Абдуллаұлының айтуынша, Қарабастауда қоғамдық көлік мәселесі шешілген. №106, 51 маршруттар уақытылы қалаға қатынап тұрады. Бұл Шымкентке барып, жұмыс істейтіндерге өте ыңғайлы.
– Қарабастау халқы көз алдымызда өсіп келеді. Түйткілді мәселелер рет-ретімен жүзеге асып жатыр. Ақсақалдарымыз тұрғын алаптағы жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болып жүреді. Елдімекеннің жайын білетін олар күрделі мәселелерді шешуге ақыл қосып, бағыт көрсетіп тұрады, – дейді С. Абдуллаұлы. 

DSC 0071

Байқағанымыз тұрғын алап уақытпен үндес дамып келеді. Елдімекендегі №99 мектеп-гимназиясында 1652 оқушы екі ауысымда білім алады. Оларға 101 ұстаз дәріс береді. Биыл оқу ордасын 56 шәкірт бітіріпті. ҰБТ бойынша оқушылардың білім көрсеткіші 81,7 балды құраған. Мектеп-гимназияның директоры Бақытжан Наурызбаев бізге ауыл өмірі жайлы әңгімелеп берді.
– Қазір елдімекеннің жағдайы жақсарды. Биыл 1 оқушымыз Алтын белгіге, 2 оқушымыз үздік аттестатқа бітірді. Ауыл шәкірттерінің заманауи техниканы меңгерудегі деңгейі тәп-тәуір. Мектебіміз нағыз руханияттың, шығармашылықтың ордасы десем, қателеспеймін. Сондықтан да Қарабастаудың келешекте гүлденетініне сенемін, – дейді ол.

«МӘДЕНИЕТ ҮЙІН АШЫП БЕРСЕ...»

Тұрғындардың саны артқан сайын, әлеуметтік мәселелер де көкейкесті болатыны мәлім. Қарабастауда жергілікті тұрғындармен тілдескенімізде олар көптеген жағдайларды алға тартты. Жұлдыз аумағы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергелді Сұлтанов елдімекенде мәдениет үйінің жоқтығын айтады. Ауылда 14 пен 29 аралығындағы 1398 жас бар екендігін ескерсек, клубтың керек екендігі белгілі. Е. Сұлтанов мәдениет үйі туралы мәселені көтеріп жатыр екен. Зейнеткер болса да, қоғам өмірінен тыс қалмай, араласып жүрген қарияға риза болдық. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Шолпан Теңесова балалар педиатрының жоқтығына, терапевттердің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.

DSC 0059

– Қызым айына жетпей туылған. Қажетті дәрілер мен емді уақытылы ала алмаймын,-дейді жас ана. 

Амбулатория заман талабына сай ма? Қызметі қандай екенін біз де көргіміз келді. Бірақ дәрігерлерден сауалдарымызға жауап ала алмадық. Қарабастауда мектеп те көкейкесті. Бірақ бұл мәселе тиісті орындардың назарына алынып, басшылардың тарапынан қолдау тауыпты.
Жұлдыз аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Сейдулла Абдуллаұлының айтуынша 310 орынға арналған қосымша мектеп үйінің жобасы жасалып қойыпты. Жаңа білім ордасының шағын стадионы болмақ.
Байқағанымыз ауыл адамдарының ауызбірлігі мен ынтымағы, атамекенге деген ыстық ықыласы ерекше. Қазір Қарабастауда жергілікті халықпен бірге 931 түрік, 15 күрд, 12 өзбек, 35 орыс ұлтының өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүруде. Олар тәуелсіздікке шүкіршілік айтып, ел тыныштығы мен бейбітшілігін тілейді.
– Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұрғанымды бақытты санаймын. Жергілікті жұртшылықтың хал-ахуалының жақсаруы Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының тынымсыз еңбегі, жергілікті іскер басшы азаматтардың еңбегінің нәтижесі деп білемін, – дейді әзірбайжан ұлтының өкілі, зейнеткер Мамет Мусаев.
Жұлдыз аумағына қарасты Қарабастау елдімекенінің тыныс-тіршілігі осындай. Тұрғын алап тұрғындарының алдағы күннен күтері көп.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.