×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Тарихи орындар қорғауға алынады Избранное

Пятница, 15 Июль 2016 05:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8787 раз

Шымкентте «Мәдениет және өнер саласын дамыту»
жөніндегі кеңес мәжілісі өтті

Шымкент – Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Тарихи мұрағат ретінде сақталған археологиялық және мәдени ескерткіштер Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар екенін әйгілейді. Бұл жөнінде қала әкімдігінің жанынан құрылған «Мәдениет және өнер саласын дамыту» жөніндегі кеңес мәжілісінде айтылды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында 2 мәселе қаралды.

Жиында кеңес мүшесі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихын зерделеген баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, Шымкенттiң ортағасырлардағы атауы Неджикет (араб тiлiнен аударғанда «жаңа қала» деген мағынаны бередi) аталған. Мұны көптеген тарихи деректер қуаттай түседi. Мәселен, бір кездері Ұлы Жiбек жолының бойындағы гүлденген қалалардың бiрi Испиджабтың (Сайрам) қақпаларының бiрi Неджикет деп аталған. Бертін келе ол «Шымкент қақпасы» деген атауға ие болыпты. Сондай-ақ, архелогиялық жұмыстар кезiнде қала орнынан бiздiң жыл санауымызға дейiнгi ІІ ғасырға жататын керамикалық бұйымдар табылған. Шымкенттiң жасы 2200 жыл деген болжамға осы жәдiгерлер де басты себеп.

Өкініштісі сол, көне жәдігерлер мен тарихи құндылықтарды сақтау ісінде қала тұрғындарының өзі бейқамдық танытуда. Яғни, археологиялық зерттеу нысаны болып табылатын орындардың көпшілігінде тұрғын үйлер салынып кеткен. Осы орайда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары ендігіде аталған олқылықтардың алдын алу бағытында археологиялық зерттеу нысаны болып табылатын орындардың шекарасын айқындап беруді ұсынды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, ондағы жобалау, зерделеу жұмыстары үшін де 15 миллион теңге қаржы қажет.

– Бүгінгі таңда еншімізде сақталып қалған ең көне мұрағатымыз ретінде ескі қалашықтағы 1856 жылы іргесі қаланған мешіт ғимараты, «Кең баба» саябағындағы осыдан 110 жыл бұрын егілген емен ағаштары сынды құндылықтарды ғана көрсете аламыз. Көненің көрінісінен сыр тартатын осындай санаулы жәдігерлерге тіпті, белгі тақта да орнатылмаған. Сондай-ақ, тұрғындар үшін өз қаласын сүюге, тарихын бағамдауға септігін тигізетін деректі немесе анимациялық фильмдерді көптеп жарыққа шығарсақ құба-құп болар еді, – деп атап өтті кеңес мүшесі, облыстық «Южный Казахстан» газеті редакторының орынбасары Кеңес Исмайлов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, қала халқын рухани тұрғыдан кемелдендіру, өнер, мәдениет саласында қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселелері талқыланды.
– Ел аумағында үшінші мегаполис атауына ие Шымкент қаласы тіпті, бірқатар сала бойынша қол жеткен жетістіктерімен үздік шығып отырған жайы бар. Бұл қатарда, қаланың көне тарихы, жер аумағы, ұлттық салт-дәстүрге беріктігі бойынша шымкенттіктер өзгелерден дараланып, елдің мақтанышына баланады. Қыркүйек айының 24-жұлдызында «Қала күні» айрықша атап өтіледі. Мерекелік шара «Шымкент Плаза» ойын-сауық кешенінің салтанатты ашылуымен басталады, – деді жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Рахматоллаұлы.
Алдағы уақытта кеңес мәжілісі әр тоқсан сайын өткізілмек.

Последнее изменение Пятница, 15 Июль 2016 10:05