Таза аула тұрғындары

Пятница, 15 Июль 2016 07:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5637 раз

байқаудан жүлде алуға үмiттi

Мамыр айынан бастау алған «Таза қала» акциясы Шымкенттің тазалығын ғана жақсартып қойған жоқ. Байқау тұрғындарды бірлік пен еңбекқорлыққа, туған қаламызды көркейтуге шақырған бастама болды. Шымкент қаласының әкімдігі мен ОҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы ұйымдастырған байқауға Еңбекші ауданының тұрғындары да белсене қатысуда.

DSC 0443

Тастақ жердi көркейткен

«Үлгілі аула» номинациясы бойынша №18 шағынауданның №51, 57, 62, 64 үйлерде байқауға дайындық қызу жалғасуда. Қызу еңбек пен баптаудың нәтижесі көз қуантады. Кейіпкеріміз Кенже Байтакова үй сыртын абаттандыру жұмысын үш жыл бұрын бастаған. Алғашқыда бос жатқан тастақ жерді көгалдандыру оңай болмапты. Бірақ ұйымшыл тұрғындар кездескен қиындықты еңсеріп шығады. Қазір пәтер иелері үйлердің маңын мұнтаздай таза ұстайды. Биыл баспана ауласында жас көшеттер отырғызып, алуан гүлдер егіпті. Бұл үйлерде негізінен зейнеткерлер мен қарт адамдар тұрып жатыр.Соған қарамастан аула тазалығына да бей-жай қарамайды. Қолдарынан келгенше аулаға жасыл желек отырғызып, күтіп-баптауды өз мойындарына алған.
– Қаламыз жыл сайын көркейіп келеді. Бой жазып, серуендеу үшін қозғалыс бұрынғыдай емес, күрделене түскен. Өзімізге жайлы жағдай жасау үшін ауланы абаттандырудамыз. Сондықтан көршілерім көктем келгеннен бастап, тыным таппайды. Қоңыр күзге дейін үй маңының тазалығына қарайды. Жуырда ғана балалар ойнайтын алаңқайды ретке келтіріп, сырлап қойдық, – дейді үй төрайымы Кенже Байтакова.
Айтқандай-ақ үй тұрғындары аулаларын барынша таза ұстап, көріктендіруге тырысқан. Олар аулаларға маусымдық гүлдер егіп, жеміс ағаштары мен талдарды күтіп баптағаны байқалады. Үйлердің кіреберістері де тап-таза. Әктеп, сырланған. Әр үйде арнайы кодпен жабдықталған есіктер жұмыс істеп тұр.

Үй төрайымы оңай жұмыс емес

DSC 0443

Үй төрайымы Кенже Байтакова үй салынғаннан бері осында тұрады. Содан бері пәтер ауыстырып, қоныс аудармаған. Өндіріс орындарынан осы үйлерге көшіп келген тұрғындардың бәрі ұйымшыл, ауызбіршілігі мен ынтымағы мол. Тазалық мекемелерінің де, аула сыпырушының да көмегіне жүгінбейді. Тазалық, күтіп-баптау, жөндеу жұмыстарының бәрін өздері атқаратын болып шықты. Алғашқыда таңырқанымыз рас. Негізінен ұйымшыл аула тұрғындарының аз екенін білеміз. Бірен-сараны болмаса, ауласына жанашырлықпен қарайтындар некен-саяқ. Ал №18 шағынаудан тұрғындарының ұйымшылдығы, туған қалаға деген шексіз сүйіспеншілігі таңданысымызды арттыра түсті.
Қазір бұл аулада 4 үй, 70 пәтер бар. «Таза қала» акциясына бірінші рет қатысып отыр.
– Үй төрайымы болу оңай емес. Әрбір тұрғынмен тіл табысу, жақсы жұмыс жүргізу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Пәтер болғандықтан, коммуналдық мәселелер аз кездеспейді. Қыс кезінде екі су құбыры жарылды. Ыстық су үйлердің терезелеріне дейін (атқылай ақты. Шамадан тыс ыстық пәтерлердің терезелеріне айтарлықтай шығын келтірді. Күні-түні 70 пәтерге ие болу, мәселесін шешу жеңіл емес, – дейді К. Байтакова.
Негізінде үй төрайымдарының жұмысы ескеріле бермейді. Бұрын оларға коммуналдық төлемдерге жеңілдік берілетін. Қазір оның бірі де жоқ. Олардың еңбегі бағаланлануы тиіс. Аудан, қала әкімдіктерінің тарапынан жеңілдік қарастырылмасқа? Сонда таза аулалар көбейіп, қаланың ажары кірер еді.

Оралкүл ананың өнегесi

DSC 0490

Ал ауласының таза, ұқыпты болғанын кім қаламайды?! Үлкен де, кіші де әдемі жерде тұрғанды жақсы көретіні сөзсіз. Осы орайда үй тұрғыны Оралкүл Айтжанованың да еңбегін атап өтуге болады. 64 жастағы зейнеткер тазалық жұмыстарына ұқыпты болып шықты. Балалар ол кісінің айтқанын екі етпейтін көрінеді. Соның арқасында ойын балалары есік алдын ластамайды. Аулаға бей-берекет қоқыс тастамайды. Ойын алаңшалары да тап-таза. Бүлінген-сынған жерлері жоқ. Денсаулығы сыр берсе де, Оралкүл апа үйінде отырмайды. Күн сайын ауланы аралап, тазалығын бақылайды.
– Адам үшін жасыл желектің барлық жағынан пайдасы бар. Бұл біріншіден кислород береді. Шаң– тозаңнан сақтайды. Ыстықта көлеңке, жақсы дем аласың. «Таза қала» акциясына біркісідей атсалысып жатырмыз. Алдағы уақытта ағаштардың санын көбейтіп, жеміс ағаштарын отырғызсақ, тұрғындар тынығатын шағын баққа айналдырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Оралкүл Айтжанова.
Зейнеткер айтқандай, балалардың аулаға деген көзқарасы ерекше. Олар бала болса да, тазалықты жақсы көреді. Үй төрайымының айтуынша, жаңадан көшіп келген тұрғындардың да белсенділігі жаман емес. Алғашқыда таңырқай қараған олар, көркейту, тазалық жұмыстарына белсене араласып кетіпті.
– Әрбір тұрғын үйлерінің аулаларын көгалдандырса, көкке оранған жасыл желек қаланың ажарын келтіреді дейді Кенже апай.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұранды ұстанатын тұрғындар енді мемлекет тарапынан жаңадан балалар ойнайтын алаңқай салуға қолдау болса екен дейді. Себебі, бұрынғы балалар алаңшасы жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп, автөлік тұрағына айналған.
Аулалары мен үй кіреберістерін көркейтіп қойған тұрғындар байқаудан жүлде алуға үмітті. Еңбекші ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақыт Сыздықовтың айтуынша, биыл байқауға 64 аула, 12 көше қатысуға өтініш берген. Ал өткен жылы үздік 3 аула жеңімпаз атаныпты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.