Жыл соңына дейiн 150 автобус пайдалануға берiлмек

Пятница, 12 Август 2016 09:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3198 раз

«Электрон», «Рахат», «Гүлжан», «Орталық саябақ», «Кең баба», шағынаудандарға барамыз... Таң сәресінен-ақ, әрбір аялдамада қоғамдық көлік бақылаушыларының жарыса шығатын дауысын есту – қала тұрғындарының қай-қайсына болсын, таңсық дүние емес. Дүйім көпшіліктің күнделікті тіршілік барысында жасаған алғашқы қадамы да нақ осы тасымалдау қызметімен тікелей байланысты. Нақты айтқанда, күн сайын орта есеппен алғанда осы қызмет түрі арқылы 400 мыңнан астам жолаушы тасымалданатын көрінеді. Тамыз айының алғашқы жексенбісі – елімізде көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде кеңінен атап өтіледі. Өзіндік жауапкершілігі мен қиындығы мол қоғамдық жолаушы тасымалдау қызметінде сала мамандарының еселі еңбегі шынайы бағаланып жатады. Осы орайда, біздер қоғамдық көлік саласының күнделікті қызметін саралап өтуді ұйғардық.

САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – ҚАУIПСIЗДIК КЕПIЛI!

660A9942

«Оңға бұрыл!», «Тоқта!», «Артқа қозғал!» – деген сынды өндірістік бөлім мамандарының берген нұсқауын қапысыз орындайтын автобус жүргізушілері ең әуелі, көлігінің техникалық қауіпсіздігіне көз жеткізуі тиіс. Яғни, жолаушыларға барлығы 86 бағыт, 1244 кесте бойынша қызмет ететін қаладағы 33 көлік компаниясының күнделікті жұмыс жүйесі нақ осылай басталады.
Бұл қатарда, соңғы жылдары жолаушы тасымалдау бағытына жаңа леп ала келген «Green Bus» көлік компаниясының үлгілі көрсеткіштері мамандар тарапынан жоғары бағаға ие. Біз келген тұста мұнда автобустарды техникалық бақылаудан өткізу жұмыстары жүріп жатты. Мекеме басшысы Бақыт Бертаевтың (суретте) айтуынша, өндірістік бөлім мамандары тәулік бойы үзіліссіз, 3 ауысымда қызмет етуде.

– Әр ауысымда тиісінше, көліктердің техникалық дайындығына жауапты 8 слесарь маман бекітілген. Бұдан бөлек, ауысым жетекшісі, кезекші механик, дәнекерлеуші сынды мамандар да өз қызметінде салғырттық көрсеткен емес, – дейді мекеменің ішкі тәртібімен таныстырған Бақыт Төребекұлы.

ONK 5748

Мекеме қызметкерлері арасында өз ісіндегі жауапкершілікпен қатар, өзара сыйластық үлгісі де жақсы дәстүр ретінде қалыптасқан. Бұл сәтте жұмысшылар дәнекерлеуші маман Мәлік Орынбасаровты төл мерекемен тұспа-тұс келген туған күнімен құттықтап, өзіндік сый-сияпаттарын ұсынып жатты. Мұнан әрі мекеменің мониторинг бөлмесінің қызмет барысымен таныстық.
– Біздегі қоғамдық көлік қызметі толығымен автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, олардың қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын арнайы GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады, – дейді колонна жетекшісі Әбдібек Укибаев. – Көрсетілген кестеден тыс, жүргізушілер уақытынан жылдам не болмаса кейін қалып қоя алмайды. Сондай-ақ, кешкі уақытта жұмысын ерте аяқтаған болса, бақылау жүйесінде дыбыс қондырғысы бірден іске қосылады. Көрсетілген кестеден ауытқыған көлік жүргізушілеріне қатаң шара көріледі.
Көлік жүргізушілері 4 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Осының есебінен, автопаркте күнделікті 28-30 автобус тұраққа қойылады. Және тек тұрмай, қосалқы бөлшектерінде майлау, қатайту қызметі жүзеге асырылады.

ЖҮРГIЗУШIНIҢ БIЛIКТIЛIГI СЫНАЛАДЫ

660A0180

Жолаушы тасымалдау қызметінде бар болғаны 1,5 жыл уақыт ішінде ауқымды міндеттерді атқара білген мекемеде мамандардың біліктілігіне айрықша мән беріледі. Мұнда алғаш келген жұмысшы ең әуелі, көп жылғы тәжірибесін есепке алмастан, 3 күн бойы міндетті сынақ мерзімінен өтеді. Яғни, бірден көліктің руліне емес, слесарь мамандардың қасына жайғасады. Ондағы қарапайым қосалқы бөлшектерді ауыстыру, майлау жұмыстарын өздігімен орындауға үйренеді. Күні бүгінге дейін жолаушы тасымалдау саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан Алтынбек Ілиясов, Әбдісадық Қасымов сынды тәжірибелі жүргізушілер де кейінгі жас толқынға білгенін үйретіп келеді.
Үлгілі көрсеткіш бағытымен қозғалатын №74 автобусына жайғастық. Көлік жүргізушісі Әлішер Төреқұлов 9 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Кейінгі технологиямен жабдықталған, сыйымдылығы мол әрі ыңғайлы қытайлық «GoldenDragon» маркалы автобусы жолаушылардың да көңілінен шығуда.
– Таңертеңгілік қызметіміз – 6:28-де басталады. Белгіленген кесте бойынша кешкі 21:00-ге дейін жолаушылар тасымалданады. Көлігіміз аса шаршата қоймайды. Әрі метан газымен қозғалатындықтан, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Күн сайын 120 куб метан газы пайдаланылады. 250-260 шақырым көлемінде жол жүреміз, – дейді қоғамдық көлік жүргізушісі.
Байқағанымыз, көлік ішінде арнайы тақтайша орнатылыпты. Онда жауапты және кезекші жүргізушінің аты-жөні, диспетчерлік кеңсенің нөмірі жазылған. Яғни, ақпараттық парақша арқылы жүргізушінің қандай да бір әрекетіне шағым білдірген жандар көрсетілген нөмірге хабарласу мүмкіндігі бар.
Мамандардың айтуынша, қала аялдамаларының көпшілігінде ақпараттық тақтайшалар орнатылуда. Онда қоғамдық қызмет көліктерінің қай уақыт аралығында жүретіні арнайы кесте бойынша көрсетілген.

КЕЛЕШЕККЕ КЕМЕЛ ҚАДАММЕН...

IMG 5601-3

Қала әкімдігімен бірлесе қолға алған мекеме меншігіндегі муниципальді автопарк қызметі де бүгінде көпшіліктің қызығушылығын арттыра түсуде. Қазір автопарктің орны анықталып, тегістеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Енді аз күнде нысанның құрылысы да қарқын алмақ. Жобаның алғашқы кезеңі аясында жыл соңына дейін 10 бағыт бойынша 150 автобус пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, Бас жоспарға сәйкес, қалаға жаңа қосылған елдімекен тұрғындары қоғамдық жолаушылар көлігімен жүйелі түрде қатынау мүмкіндігін иеленетін болады. Жобаның алғашқы кезеңінде мұндай мүмкіндікке ие болатын елдімекендер қатарында «Жаңаталап», «Текесу», «Қайнарбұлақ», тағы басқалар бар.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.