Шымқаланы шырайландырған iстер Избранное

Пятница, 19 Август 2016 09:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3928 раз

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСКЕНІНЕ 1 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Іскерлігімен, жаңашылдығымен көпшіліктің көңілінен шыға білген шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың қала әкімі қызметіне кіріскеніне бүгін – бір жыл. Естеріңізде болса, 2015 жылдың 19 тамыз күні Шымкенттің жаңа әкімі тағайындалған болатын.

Ғабидолла Рахматоллаұлына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қолдау танытып, миллионға жуық тұрғыны бар ірі мегаполистың тізгінін сеніп тапсыруы, бұл – үлкен жауапкершілік белгісі болса керек. Әрине, бір жыл дегеніңіз көп уақыт емес, дегенмен әкімнің қаншалықты іскер екендігін айқындауға жеткілікті мерзім. «Әкім бір жыл ішінде Шымкентте қандай жұмыстар атқарды?», «Қалаға қалдырған қолтаңбасы қандай?», «Осы уақыт төңірегінде қалада қандай маңызды жаңалықтар болды?» деген сауалдардың туындайтыны да заңдылық. Осы орайда сауалдарға жауап іздеу үшін әкімнің атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап көрелік.

Қаланың iргесiндегi «SHYMKENT CITY»

Ғабидолла Әбдірахымов Елбасы өзі сенім білдірген әкім екенін жоғарыда айттық. Ақордадан Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлығынан Шымкентке ауысқанда көпшілік «жаңашыл, жұмыстың жайын білетін нағыз маман келді» десті. Шаһар басшысы осы орайда өзіне артылған міндетті үлкен абыроймен атқарып, Шымкенттің шырайын ашуға күш салып келеді.

Қай істе де нақты жоспар, батыл бастама, мызғымас меже керек. Қала әкімі осы ретте жүйелі іске ден қойып, шаруаны ширату үшін 2015 жылдың 10 қараша күні облыс әкімі Б. Атамқұловқа Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын ұсынған болатын. Аталған құжатта Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі перспективалары көрсетілген. Даму тұжырымдамасында қала әкімдігінің негізгі мақсаты, яғни республикадағы үшінші ірі қала мәртебесіне лайықты орын қамтамасыз ету, ондағы тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Нәтижесінде, «Тұран» шағынауданы аумағынан «SHYMKENT CITY» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені құрылысының алғашқы жұмысы басталды. Бұл ірі жобаға мемлекеттік бюджеттен ғана емес, шетелдік инвесторлар тарту көзделген. Осыған орай, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов бірқатар шетелдік ірі компаниялармен екіжақты келісімге келді. Атап айтар болсақ, сәулет және құрылыс саласындағы, сонымен қатар қалаларды дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыруға маманданған халықаралық АЕСОМ компаниясының аймақтағы директоры Марина Костанянмен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Тараптар қалада жүзеге асырылып жатқан «SHYMKENT CITY» ауқымды жобасына ірі құрылыс компаниясының қатысуы туралы келісті. «Shymkent City» қалашығын іске асыру бойынша 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Алты мыңға жуық жасөскiнге жылулық сыйлады

Тіршілікті тіреп тұрған мейірім екенін ұғынасыз. Былтыр Жаңа жыл қарсаңында Шымкенттегі «Көрме» орталығында аз қамтылған отбасындағы жетім балаларға материалдық көмек көрсетілді. Әкімдік жиынында Ғабидолла Рахматоллаұлы жаңа жылдық шыршаны безендіруге бөлінетін 80 млн теңгені жағдайы төмен және жетім балаларға көмек көрсетуге бөлуді тапсырды. Сол материалдық көмекті қалада 5918 бала алды. Акция барысында балалар отандық өнім өндірушілердің киімдерімен қамтылды. Бұл игі бастама елімізде зор қолдауға ие болды. Тіпті, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өз ортасында Шымкент мэрінің қайырымдылығы туралы жылы лебіздер білдірген.

Тазалыққа мән берген басшы

Шаһар басшысының бастамасымен қаланы абаттандыру бағытында шет аймақтағы елдімекендерді көріктендіру басты бағытқа қойылды. Осы мақсатта Мәртөбе, Сайрам елдімекендеріндегі саябақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қалада 7 гүлзар мен саябақ, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте айтып өту қажет, биыл тұрғындардың қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осы мақсатта қаладағы 686 ауланы түнгі жарықтандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Нәтижесінде қаладағы барлық аула толығымен жарықтандырылды.
Транспорт саласының дамуы қала экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Агломерациялық процесстердің жүруі, көлік санының өсімі осы салаға көп көңіл бөлуді қажет етеді. Қазіргі таңда, 1 жаяу жүргінші өткелі, 9 магистральды көшені қайта құру, 5 елдімекеннің көшелерін қайта құру, 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 14 бағдаршам орнату жұмыстары атқарылуда.

«Whatsapp» кәдеге жарады

Шымкент тұрғындары қаладағы келеңсіз оқиғаларды ұялы телефондарына түсіріп, бірден әкімшілікке шағымдана алады. Ол үшін арнайы сенім телефон нөміріне «Whatsapp» желісі арқылы хат қалдыруына болады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қолға алынған жоба арқылы Шымкенттегі тәртіп бұзушылықты азайтып, қаланы абаттандыру көзделді. Ал азаматтардан келіп түскен әрбір хат қала әкімдігі мамандарының бақылауында болып, жауап қайтарылады. Шымкент қаласы әкімдігінде кері байланыс қызметі жолға қойылуының нәтижесінде арнайы ұялы телефондағы «Whatsapp» қызметі, қала әкімдігінің ресми сайтындағы виртуалды қабылдау бөлімі, «Instagram-Direct» қызметі бойынша қала тұрғындарының өтініш-сұрақтарына жауап беріліп келеді. Сөз жоқ, сүйінішті іс.

«Фронт кеңсе» – халыққа қолжетiмдi

Шымкент қаласы әкімдігінде «Ресепшн» қызметі іске қосылғанын бұған дейін айтқанбыз. Әкімдікке келген кез келген қала тұрғыны осы қызметтен қажетті ақпаратын, ішке кіруге рұқсат қағазын алып, керек маманымен телефон арқылы байланыса алады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін ғимараттың кіреберісіне заманауи жұмсақ жиһаз қойылып, қабырғаларға теледидар ілінген. Қуантарлығы, биыл осы қызметтердің жетілдірілген, жинақталған түрі ретінде әкімдік жанынан «фронт кеңсе» ашылады. Енді Шымкент қалалық әкімдігіне байланысты кез келген ақпарат алу, қажетті құжаттарға қол жеткізу оңтайлана түспек. Яғни, қала тұрғындары ендігі ретте кезекте тұрып сабылмайды. Барлық мемлекеттік қызмет бір орында көрсетіледі. Мұндай қызмет түрі негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым халықтың арасын жақындата түседі. Әрине, бұл қуанатын жағдай.

Екiншi велостанса – Шымкентте

Шымкенттегі қуанышты жаңалық – «Shymkent Bike» жобасы. Жайшылықта «зауыт ашылды, балабақшаның лентасы қиылды…» деген сияқты ақпараттарға елең ете қоймайтын халық, бұл жолы кәдімгідей құлақ түрді, теледидарларға назар аударды. Қала жұртшылығы «Shymkent Bike» жобасы аясында велостанцияның салтанатты ашылуына келген қонақтар мен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты ыстық ықыласпен, зор ілтипатпен қарсы алды. Олай дейтініміз – қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытудың осынау жобасын Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық–Қазына» АҚ бірге іске асырды. Алғашқы сөзді алған қала әкімі қала тұрғындарын жаңа жобаның ашылуымен құттықтады. «Бұл жоба, – деді шаһар басшысы, – Біріншіден, адам денсаулығына өте пайдалы, денеңіз шынығады, сергек жүресіз, ауырмайтын боласыз, екіншіден, қала экологиясы жақсарады. Автомобильдердің көк түтіні біршама азаяды, үшіншіден, әлеуметтік жағдайыңыз жақсара түседі. Автобустарға отырудан аз шығын жұмсайсыз.» 

Ғабидолла Рахматоллаұлы шаһар тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, Қошқар ата өзенінің бастауында алғашқы «Street Workout» спорттық алаңшасын салдырды. Бұл спорт түрімен Шымкент қаласында 3000-ға жуық жас айналысуда.
Қазір білім беру саласында бірінші кезекте апатты және үш ауысымды мектептерді жою басты мәселе екені белгілі. Қазіргі таңда 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Үш ауысымдағы 7 мектептің құрылысы басталып, бүгінгі таңда №66, 91 мектептердің құрылыстары аяқталған. Осы қысқа уақыт ішінде Шымкент қаласының әкімі бірқатар шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер мен түйіткілдерді реттеп, оң шешім табуын қадағалады. Осы уақыт аралығында халықтың әл-ауқаты артып, шымкенттіктердің жергілікті әкімдікке деген сенімі арта түсті. Қала әкімінің бастамасы мен игілікті істеріне жан-жақты тоқталғандағы мақсатымыз, мақтау-мадақтау немесе әсірелеу емес, жүзеге асқан жұмысты қаз-қалпында баяндау еді. Біз ең алдымен осы ойды мақсат еттік.

Последнее изменение Пятница, 19 Август 2016 11:01