Құрылыстың даму қарқыны жоғары

Пятница, 19 Август 2016 10:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3842 раз

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде облысымыздың құрыш қолды құрылысшыларымен кездесу өткізу, төл мереке «Құрылысшылар күнін» атап өту игі дәстүрге айналған. Осыған орай, құрылыс саласында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың нақты көрсеткішін бағамдап қайттық.

25 ЖЫЛҒА – 25 МЕКТЕП

20160810 113953

Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырда Қазақстанда түрлі сала бойынша алға ілгерілеушілік қарқын алды. Ел экономикасын алға сүйреуші негізгі локомотивтің бірі – құрылыс саласы. ОҚО Құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 1991-2015 жылдар аралығында облысымызда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 1046 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 519-ы – білім, 348-і – денсаулық сақтау, 8-і – әлеуметтік қамту, 22-сі – спорт, 22-сі – мәдениет, 20-сы – мемлекеттік орган саласында жүзеге асты. Сондай-ақ, басқа салаларда 127 нысанның құрылысы жүріп, пайдалануға тапсырылған. Сонау 1991 жылы құрылыс нысандарының жұмысын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 9,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген болса, 2010 жылға дейін бұл көрсеткіш 122 млрд теңгені құрады. Ал 2011-2015 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 233,2 млрд теңге қаралып, көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға тапсырылған.

20160810 1147412015 жылы Елбасының бастамасымен халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамыту мақсатында «Нұрлы Жол» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында біздің облысқа Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан барлығы 36 нысанға 18 537,7 млн теңге қаржы қаралды. 36 нысанның қатарында 1 жатақхана, 11 инфрақұрылым, 24 білім ошағы: оның 7-і апатты жағдайдағы, 16-сы үш ауысыммен жұмыс істейтін мектеп, орын тапшылығына орай 1 балабақша бар.
Халық санының тұрақты өсімі қалыптасқан Оңтүстікте тұрғын үй құрылысы да жылдан жылға жанданып келеді. Мәселен, облыс бойынша 2012-2015 жылдары «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында 22 мың пәтер пайдалануға берілсе, 2016 жылы 4 172 пәтер кілтін тұрғындарға тапсыру жоспарланған. Дегенмен, облыстық Құрылыс басқармасының мәлімдеуінше, жыл соңына дейін жоспар артығымен орындалып, 6 032 пәтердің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

– Облыс аумағында 201 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспарды мерзімінен бұрын орындап, оның 88-ін биыл тапсырмақпыз. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай, қыркүйектің 1-інде 25 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Табиғи өсімі алдыңғы қатарды еншілеген біздің облыста биылғы 1-сыныпқа баратын оқушылардың саны 80 мыңнан асып тұр. Сондықтан, алдағы уақытта көбіне мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар маңызды екені анық. Одан кейін тұрғын үй қажеттілігі бойынша қалада 20 мыңнан астам адам кезекте тұр. Облыста бұл көрсеткіш 32 мыңды құраса, тұрғын үй кезегінде тұрған салымшылар саны 35 мыңнан асып жығылады. Сондықтан, тұрғын үй құрылысы да тоқтаусыз жалғасады деп ойлаймын. Осы мақсатта жақында тұрғын үйге салым жинайтын банктермен меморандум жасадық. Құрылыс саласында атқарылатын жұмыстар өте көп, – дейді ОҚО Құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Сабырұлы.

ҚАЙНАҒАН ҚҰРЫЛЫСТАН ШАБЫТ АЛҒАНДАР

Жаңа әкімшілік іскерлік орталығында «Три-А+» ЖШС-нің жұмысшылары 9 қабатты жатақхананың құрылыс жұмысына қызу кіріскен еді. 30 жылға жуық уақыт осы салада маңдай терін төккен Бердалы Омаровтан мамандығы туралы аздап сыр тарттық. Өз ісін 1989 жылы «307 ПМК»-да қарапайым жұмысшы болып бастаған ол ағаш ұстасы, еурожөндеу, электр монтаждаушы, слесарь-сантехник сияқты құрылыстың сантүрлі кезеңімен танысып, Арыс ауданында көптеген мектеп, аурухана, балабақша құрылысына атсалысқанын жасырмады.
– Құрылыс саласында нәзікжандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бар ма? – деген сұрағымызға:
– Әрине. Бұрынғы кездері әйел адамдар көбіне әктеу, әрлеу жұмыстарына атсалысатын. Қазір біздің ұжымда әйел заты жоқ. Бірақ, соңғы кездері құрылыс нысандарының ішкі-сыртқы дизайндарын жасап, әрлеу, қабырғаға сурет салу жұмыстарына қыздар мен жігіттер көптеп тапсырыс алып жүр. Бұл салада көбіне еуропалық ұлт өкілдері белсенді, – дейді Б. Омаров. Тәжірибелі құрылысшы мамандық таңдауды балаларының еркі деп біледі. Әйтсе де, әркім өзі таңдаған саланың үздік қызметкері болуы тиіс деген ойда.
– Қазіргі жастар көбіне «ауыр жұмыс» деп ұнатпайды. Құрылыс саласы соншалықты адам төзбейтін жұмыс емес. Әр істің өзіндік ауыртпалығы мен рахаты бар. Біз осы тасыр-тұсыр, сарт-сұрт еткен дауысқа үйренгенбіз. Ол жоқ жерде тіршілік тоқтап қалғандай күй кешеміз. Ал жұмыстың нәтижесі қашанда еңселі болып көрінеді. Құрылысына атсалысққан ғимараттардың жанынан өтсек «мына нысанды мен салғанмын!» деген зор мақтаныш бойды билейді. Оны көрген сайын құлшынысың артады, – дейді мамандығымен мақтанатын Бердалы Омаров.

80 ПАЙЫЗЫ ОТАНДЫҚ ӨНIМДI ҚОЛДАНАДЫ

20160812 113804

Жақында жергілікті тауар өндірушілердің өнімін өткізуде нарықты кеңейту және ірі әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар құрылысында сол өнімдердің үлесін арттыру мақсатында жергілікті құрылыс өнеркәсібіне қажетті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты шарада «АРТ-ЖБИ» ЖШС директорының орынбасары – Оразбай Төлегенұлы, «Ar Kya Grooup» ЖШС-нің бас инженері – Қуанышбек Елтаев, «ТК и З» ЖШС-нің бас маманы Рысалы Құлжанов, Шымкент қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Тәжібай Егетаевтар ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің «Құрметті құрылысшы» төс белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Жақып
Бөкенбаев Оңтүстіктегі құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етіп, құрылыс саласының мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Өз ісінің үздіктеріне облыс әкімінің «Грамотасы» мен «Алғыс хаттары», облыстық мәслихаттың мақтау қағаздары табысталды.
Көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының 50-ден астам кәсіпорын, облыстың ірі құрылыс компаниялары мен мердігерлер қатысты. «Көрме» орталығында «Шымкентцемент» АҚ, «Стандарт Цемент» ЖШС, «Gold Aluminium» ЖШС және «Karlskrona LC AB» ЖШС сынды белгілі, сондай-ақ «Оңтүстік» экономикалық аймағында орналасқан түрлі өнеркәсіп орындары құрылыс жұмыстарына пайдаланатын өз өнімін таныстырды. Ал құрылыс жұмыстары біткеннен кейін қажетті құрал-жабдықпен қамту үшін жиһаз, басқа да қажетті заттарды ұсынған жергілікті «PolyDeck», алматылық «Zeta» дүкендер желісі де көрмеге атсалысты.
Облыс көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына бүгінгі таңда 80% отандық өнімдер пайдаланылуда.

Последнее изменение Пятница, 19 Август 2016 11:17
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Шымқаланы шырайландырған iстер Төрлет, Туризм! »