Жаңарған аула – тұрғындар игілігіне

Среда, 09 Ноябрь 2016 06:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3793 раз

Қаламызда үй аулалары жаңа кейіпке енді. Ойын алаңдары қайта жасалып, балалар алаңшасы орнатылуда. Бұл жоба келер жылы да жалғасын таппақ.

IMG 20161107 173518

Абай ауданындағы үй аулалары бұрынғыдан көркейе түскен. Ойын алаңшалары уақыт талабына сай бой көтерген. Тұрғындар үшін мәдениеттілік пен салауатты өмір салтын қалыптастырудың белгісіндей әсер қалдырады. Енді бұрынғыдай спорт залдарына ағылмайды. Бос уақыттарын өз аулаларында өткізе алады. 

Ауласы жаңа кейіпке енгендердің бірі – Гагарин көшесі 107 үй. Аула аумағында асфальт жол, тратуар салынған. Жиектастар төселген үйдің маңайында үлкен жұмыстардың атқарылғаны байқалады. Сондай-ақ арнайы жабдықталған балалар ойын алаңшасы да назарымызды өзіне аударды. Жаңарған аулаларға қарап көңіл сүйсінеді. Тұрғындар игілікті істің бастамашысы болған қала және Абай ауданы әкімдігіне риза.

– Абай даңғылы, №8 үйдің комитет төрағасымын, – дейді Сейдуалы Досалиев. 

IMG 20161107 173326

– Үйдің барлық тұрғындарымен бірге ауладағы оң өзгерістерге мен де қуаныштымын. Бұрын ауа райының қолайсыз кезінде көшеде лай кешетін едік, бүгінгі күні көшелер мен тротуарлар асфальтталған, бордюрлер мен қоршаулар орнатылды. Жақында әкімдік қызметкерлері аулаларды жарықтандыруға көмектесті. 

Сондай-ақ, Театр 15, Гагарин көшесі 107 үйдің ауласын көріп, таң-тамаша қалдық. Жаңадан салынған «Тарзан» және «Бэтмен» спорттық кешендері.

«Тарзан» – мықты арқан торлы құрылғы. Балалар ертегі кейіпкері сияқты күшті және төзімді болуға ұмтылады. «Бэтмен» – қолдың, арқаның бұлшық еттерін шынықтырады.Балалар абайсызда құлап қалса, жарақат алмау үшін арнайы жұмсақ резина плиталар төселген.

IMG 20161107 173421

– Биыл аулаларды абаттандыру жұмыстарына қалалық бюджеттен 230 млн, «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 180 млн қаржы қарастырылды. Жаңадан қосылған елді мекендер арасынан Жаңаталаптан 2, Қызылжардан 11 аула енгізілді – дейді Абай ауданы бойынша инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаева. Қала тұрғындары үшін тиімді мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бөлім басшысының айтуынша, 65 ауланың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, оның 17 ауласы абаттандырылып отыр. 48 ауланың жөндеу жұмыстары келесі жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. 

1 мамыр, Ш. Қалдаяқов, Матросов көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулалары да абаттандырылған. Әр аулаға орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар қойылған. 

– Ауламыздағы алаңдар балалар ойнауға өте ыңғайлы жасалған. Өзім де осы жерде қолым босағанда немерелерімді ойнатамын. Олар кеш қарайғанша алаңшадан жалықпайды. Әсіресе құм бетінде әртүрлі мүсіндерді жасағанды ұнатады. Үлкен кісілерге де жақсы болды. Мұнда тренажер құрылғыларының 5-6 түрі орнатылған – дейді тұрғындардың бірі Б. Қуанышқызы. 

IMG 20161107 173451

Ал Матросов көшесіндегі №3 үй ауласы тіптен керемет өзгерген. Мұнда балалар ойын алаңшаларындағы жабықтардың түр-түрі бар. Ирригация жүйелері қалыпқа келтіріліп, электр бағаналары орнатылған. 

Ауданда бүгінде 206 аула, 453 үй бар. Абай ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаеваның айтуынша, енгізілмеген аулалар саны әлі де толықтырылады. Қысқасы, жыл сайын көркейіп келе жатқан қаламызда спорт және ойын алаңдары әр тұрғын үйдің ауласында болса дейсің.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.