×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Тұтастығымыздың үш тұғыры Избранное

Среда, 07 Июнь 2017 05:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5879 раз

Қазақстан Республикасы Рәміздерінің 25 жылдығына орай, облыс орталығында «Мәңгі желбіре, көк Туым!» мерекелік шарасы кеңінен аталып өтті.

Шара «25 жыл, 25 көше» мерекелік шеруімен бастау алып, қаладағы «Бәйдібек би» ескерткішінен қаладағы Т. Рысқұлов, Қазыбек би сынды негізгі 25 көше арқылы «Тәуелсіздік саябағына» дейін жалғасты. Шеруге 20 мотоциклші мен 30 велосипедші және тақырыпқа сай безендірілген 2 автобус, Мемлекеттік Ту ұстаған 30 спортшы қатысты. Бұл қатарды еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері толықтырды.

Шеруге қатысушыларды «Тәуелсіздік» саябағының негізгі қақпасынан қарсы алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды және Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өңір жұртшылығын мерекемен құттықтады.

– Елбасы белгілеп берген межелерге жетуде көк Тудың астына бір кісідей бірігіп, мемлекеттің даму бағытын қамтамасыз ету – баршамыздың парызымыз. Бұл ортақ мақсаттарға жетуіміздің негізі – елдегі тыныштық, қоғамдық келісім. Көк Туымыз әрқашан бейбіт аспанда желбіреп, Әнұранымыз жүректерге жігер беріп, Елтаңбамыз елдігімізді айғақтап, халқымыздың мәртебесі өсе берсін, – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Мерекелік іс-шара «Тәуелсіздік тұғырым» сазды-хореографиялық композициясына ұласты. Композиция барысында жалынды жастардан құралған жалпы саны 100 адамдық топ заманауи сазды музыка ырғағымен флешмоб ұйымдастырып, рәміздер белгісі бар арнайы дайындалған шарларды ұшырды. Сондай-ақ, шара барысында «Суреттер сөйлейді» қолөнер шеберлері мен қылқалам өнер көрмесі келушілер назарына ұсынылып, шеберлер жас буынға сурет өнерінің сырын ашатын тренинг өткізсе, «Тәуелсіздік» саябағының ортасында орналасқан субұрқақ алаңында велосипедшілер патриоттық ән ырғағымен туды желбіретіп ұстау өнерін жалпы жұртқа паш етті.

Бұдан соң, саябақтағы Рәміздер алаңына орналасқан ту тұғыры қайта жаңғыртылып, ресми түрде көтеріліп, мемлекеттік Әнұран орындалды. Әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған хорға балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, музыкалық колледж студенттері, әскери қызметкерлер, этно-мәдени орталықтардың өкілдері және ардагерлер қатысты.

Последнее изменение Среда, 07 Июнь 2017 06:05