Автобустар жаңаруда, ал қызмет көрсету мәдениеті көңіл көншіте ме? Избранное

Среда, 18 Июль 2018 04:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4056 раз

Үшінші мегаполис болғаннан кейін тазалық пен тәртіп, мәдениет жағынан да өзгелерге үлгі болуымыз керек. Қалада қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Таяуда ғана 30 жаңа автобус әкелінді. Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен, қоғамдық көліктегі мәдениет жағы әлі де кемшін тартып тұр. Кейде аялдамалардың атын дұрыстап атауға келгенде енжармыз.Ал кейде жүргізушілер дөрекілік танытады. Сол баяғы сарын, баяғы әуен. Жалпы, қоғамдық орындағы мәдениет жайына неге мән бермейтін болдық?

DSC 9611

Салғырттық па, сауатсыздық па?

Еңбек және тыл ардагері Өркен Әбдіреев ақсақал 70 жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. Барша ғұмыры осында өткен. Ұлттық мүддеге келгенде үнсіз қалған емес. Сергек. Жастар тәрбиесі, қоғамдық мәдениеттің қалыптасуы хақында әрдайым ойын ашық айтып келеді. Таяуда редакциямызға хабарласып, бірқатар ескертпелерін, ұсыныстарын айтты.
– Қазір жасым 84-ке келді. Қаламыздағы оң өзгерістерге қуанамын. Шымқаланың мегаполис болып, жаңа мәртебе алғанына дән ризамыз. Шүкір, заманымыз тыныш. Әйтсе де қазіргі жастар тәрбиесі қатты ойландырады. Қоғамдық орындардағы бірқатар келеңсіз жағдайларды көргенде көңілім құлазиды, – деп бастады ақсақал әңгімесін. Қарияны толғандырып жүрген жағдай – қоғамдық көлік саласындағы салғырттықтар. Аялдамалардың ұлтымызға еңбегі сіңген тұлғалардың атымен аталатыны әрине өте орынды. Бірақ соны дұрыс атамайтынымыз қалай?
Көнекөз қария әңгіме ауанынан осыны ұғындырды. Аялдамаларды хабарлаудағы тіл тазалығына деген құрмет кемшіндеу түсіп жатқаны рас. Карл Маркс көшесі – М.Х.Дулати, Некрасов көшесі – Нәзір Төреқұлов, Попов көшесі – Ақназар хан, Полторацкий көшесі – Іляев көшесі аталғанына жиырма жылға жуықтады. Бірақ біз әлі күнге баяғы атаудан арылмай келеміз. Ескерткендерге «е, әдет боп кеткен ғой» деп енжар жауап бере салатындар аз емес.
Осы мәселелер жөніндегі ойын айтып, қария қоғамдық көліктердің басшыларымен де жиі кездеседі. Көлікке мінгенде кондукторларға да үнемі ескертеді. Бірақ, нәтиже жоқ.
– Қалай болса солай сөйлеу басым. Өз тілімізді қорлау, қазаққа еңбек сіңірген тұлғалардың аты-жөнін бұрып айту тыйылар емес. Өзім қоғамдық көлікпен жиі жүремін. «Мардан Сапарбаевтан түсетін кім бар?» дейді. Ұят емес пе?! Арыстай азаматты қорлау ғой бұл! «Сапарбаев аялдамасынан түсетін кім бар?» деп неге толық хабарламайды? Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, елімізге қазақылық жағынан да үлгілі болса екен. Осы мәселені түпкілікті шешу керек қой, – дейді ақсақал ашына сөйлей.
Ойланатын жағдай. Тыл ардагері Өркен ата көптен бері осы мәселені көтеріп жүр. Мұнда көлік компаниясы басшылары тарапынан да жауапсыздық бар секілді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары осылай дейді. Әйтпегенде аялдамалардың аттарын дұрыс атау жөнінде барлық көлік компанияларына жыл басында хат жіберілген. Тасымалдаушы мекемелерде жиналыс өткізілген. «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің мамандарымен бірлесе тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, автобус кондукторларына аялдамалардың атауларын толық мемлекеттік тілде хабарлау, жүйедегі тәртіппен бағытта жолаушыларға көрсететін тасымалдау қызметінің мәдениет деңгейін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, әр аптадағы бейсенбі күндері өтетін жиналыста көлік компанияларының басшыларына кондукторлар және жүргізушілер құрамдарымен мәдениетті арттыру туралы нұсқаулық өткізулер тапсырылады. Кондукторларға талап күшейген. Жалпы, ономастика комиссиясы бекіткен көше атауларын толық айту талабы қойылған. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кездесулер, семинарлар ұйымдастырып жатыр.
Өзекті мәселе. Негізінен, бөлім мамандары кондукторлардың уақытша ғана жұмыс істеп, көп тұрақтамайтынын айтады. Көлік компанияларының бәрі жекеменшік. Жұмысқа кімді алатындары өздерінің еркінде. Десек те, қалада мәдениет болу керек емес пе?! Бізде әлі сана өзгеруі керек сияқты. Ұлтжандылықты, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыратын уақыт жетті емес пе?
Электронды билетке көшу де басты мақсаттың бірі. 2018-2019 жыл аралығында автобустарға электронды билет жүйесін орнату жоспарланып отыр. Әлде қоғамдық көліктегі мәдениет жағы сол кезде түзелер ме екен?!

DSC 9392

Жүргізуші мен кондуктор үшін оқу орталығы керек шығар?

Таяуда №40 бағыттағы автобусқа мінген едік. «Қатын көпір» аялдамасынан бір егде апай түсті. Аяғын әрең басып, қиналып жүретіні байқалады. Жүргізуші болса «Неге дайындалып тұрмайсыз? Ай қарап келе жатсыз ба? Болсаңызшы тезірек!» деп дүңк еткізді. Сөйтсек, ол кісі мүгедек екен. Мына дөрекілік жарымжан апайдың жанын қаншалықты жаралағанын айтпай – ақ түсіндік.
Мұндай жағдайларды тізе берсек көп-ақ. Автобустар жаңарғанмен, ондағы мәдениет жағы жаңғырмай тұрғаны ойлантады. Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тəртіп ережелеріне бағынуға тиіс. Дініміз тазалықты иманның жартысы деген. Қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, мұсылман қандай жағдайда да басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен бойын аулақ ұстағаны абзал.
Мына бір жағдайды да атап өткен жөн шығар. Бүгінде автобустарда даңғаза музыка қою да әдетке айналған. Жұмыстан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушылардың мазасын кетіріп, әдепті сақтамау да ерсі әрекет. Мұндай келеңсіздіктерді де жиі байқаймыз.
Жалпы, қоғамдық орында әдепті сақтау жүргізушілердің де, жүргіншілердің де міндеті. Елімізде жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар орын алуда.
Қоғамдық көліктегі мәдениетті қалыптастырудың қандай жолы бар? Бүгінгі таңда Астанада қоғамдық көліктегі мәдениетті дамытуға, жүргізушілер мен кондукторларға арналған оқу орталығы жұмыс істейді. Бәлкім, бізге де осындай оқу орталығы керек шығар. Сонда тәртіп пен талап күшейер ме еді.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:34