Алып шаһардың ауасы қандай? Избранное

Среда, 18 Июль 2018 04:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6815 раз

Шымкентте ауаның ластану көрсеткіші төмендеген. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қаладағы атмосфераға тарайтын улы заттар мөлшері азайды, дейді ауаға мониторинг жасайтын мамандар. Миллионды қалада алдағы уақытты өндіріс орындары көбейіп, көлік саны артатынын ескерсек, расында, қаламыздың экологиялық ахуалы қандай болмақ? Бұл тақырып бойынша «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының табиғи ортаның ластануына мониторинг зертханасының меңгерушісі Гүлнара Мәуленовамен әңгімелестік.

DSC 0586

Ауаны зерттейтін алты бекет

Шымкентте қазіргі таңда атмосфераның құрамын зерттеп, мониторинг жасайтын 6 станция жұмыс істеп тұр. Оның төртеуінен сынаманы мамандар өздері алса, екі бекеттің жұмысы автоматтандырылған.
– Біздің мамандар 4 бекеттен күніне 3 рет арнайы құрылғымен ауа температурасын, қысымын, құрамын өлшеп, нәтижесін стансаға алып келеді. Мұнда әкелінген соң сынамаға зертханада химиялық талдау жасалады. Егер ауа құрамында өзгерістер байқалса, тез арада эколог-мамандарды хабардар етеміз, – дейді зертхана меңгерушісі Гүлнара Мәуленова.
Ал автоматтандырылған екі метеорологиялық стансадағы барлық жұмыс заманауи құрылғылардың көмегімен жүзеге асады.

DSC 8161

Самал-3 және Нұрсәт шағынауданында орналасқан стансадағы құрылғылар ауаға таралып жатқан зиянды қоспаларды автоматты түрде анықтап, мәліметтерді онлайн режимде орталыққа жеткізеді. Осылайша көп адамның жұмыс күші қажет болмайды әрі уақыт үнемделеді.
– Шымкент қаласы ауасының ластығы жөнінен Қазақстан бойынша Астана, Алматы, Өскеменнен кейінгі орында тұр. Дегенмен, соңғы жылдары қалада ауадағы зиянды заттардың нормадан тыс таралу проблемасы шешіліп келеді. Яғни ауа сапасы жақсаруда. Биылғы жарты жылдыққа жасаған мониторинг нәтижесі ластанудың көтеріңкі деңгейін (стандартты индекс – 2) көрсетті. Негізінен Шымқалада ауаның ластануы өндіріс орындарымен байланысты. Біздегі зауыттардан ауа қабатына шаң, газ, күкірт, көміртегі тотығы, азот диоксиді, формальдегид, аммиак, кадмий, мыс, мышьяк, қорғасын тарайды. Дегенмен, бұрынғы алып қорғасын зауыты жоқ. Екіншіден, өндіріс орындарының экология талаптарын орындауынан да қоршаған ортаға айтарлықтай залал келіп жатқан жоқ, – дейді жауапты маман.
Зертхана меңгерушісінің айтуынша, метеорологиялық стансалар атмосфеараның ахуалын бақылауда ұстайтын қаладағы қажет деген нүктелерге салынған. Атап айтқанда, шаңды көп бөлетін «Шымкентцемент», Тассайдағы «Стандарт Цемент» ЖШС-і, ал айналасына улы газы тарайтын «Шымкент мұнай өңдеу зауыты» аумағы экологтардың жіті бақылауында.

Көлік түтінінен қауіп бар ма?

Бүгінде көліктердің басым бөлігінің бензинмен жүретінін белгілі. Экологтар бір тонна бензин жанған кезде ауаға 800 келі зиянды қоспа бөлініп шығатынын айтады. Ең сорақысы, көлік қозғалтқышы этиль бензинімен жұмыс істесе, ауаға қорғасын тарап, топырақты бүлдіреді, нәтижесінде адам денсаулығына және жануарларға қауіп төнеді.
Иә, осыған дейін Шымқалада қоғамдық көлік түтінінен шығатын зиянды заттар жайы талай айтылған-ды. Ресми деректерге сүйенсек, қазір қалада 205 180 көлік бар (2017 жылы 211 мың болған). Ал алдағы жылдары миллионды халықтың жүріп-тұруына қажет көлік саны артады десек, шаһардың экологиясы қандай болмақ деген сауалды экологтарға қойдық. Ауа қабатына монторинг жасайтын мамандар соңғы уақытта шаһардың экологиясына көліктен келетін қауіп жоғын айтып сендірді. Оның бірінші себебі ескі көліктерді жою жобасының қоршаған ортаға тигізген пайдасы мол. Сондай-ақ, темір тұлпарлар бұрынғыдай емес, жанармайдың сапалы түріне көшкен және қоғамдық көліктердің жаңыртылуы да экологияға келетін зардапты азайтуға үлесін тигізіп жатқан көрінеді.
Ал қала аумағындағы өндіріс орындарының өкілдері қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып жатқанын айтады.
– Өткен жылдың маусымынан бастап жоғары оқтанды К-4, К-5 бензинін шығарып жатырмыз. Жаңа технологиямен шығарылатын бұл жанаржағар майдың құрамында ауаға зиянды қоспалар аз, – дейді «ПетроҚазақстанойл Продакс» ЖШС қоғамдық байланыс демартаментінің менеджері Е. Жұмаділ. Ал жылына 2 млн тонна цемент шығаратын «Стандарт Цемент» зауытының өкілдері зауытта цемент дайындаудың құрғақ әдісі заманауи технологиялардың күшімен қолға алынған. Ол әдісте қоршаған ортаға зиян келмейді және энергия шығынын азайтады. Сонымен бірге, зияндылықты азайтуда шаң сүзгілерінің заманауи түрлері алмастырылып тұрады. Және де зауыт аумағына қылқан және жай жапырақты ағаштар отырғызылатынын атап өтті.
Гүлнара Мәуленованың айтуынша, алып қаланың экологиялық ахуалын қалыпты жағдайда ұстау қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта қазіргі таңда қаланың тағы үш нүктесінен ауа құрамына сынама жүргізетін автоматты бекет салу жұмыстары басталып кеткен.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:32
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.