SHYMKENT – құрылыс жүргізуге қолайлы шаһар Избранное

Среда, 06 Февраль 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3846 раз

Биыл Шымкентте көпқабатты 51 тұрғын үй салынады. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 14,2 млрд теңге қаржы қаралған. Тұрғын үй құрылысына байланысты мәлімет алу барысында қыс маусымында да құрылыс жұмыстарының қайнап жатқанына куә болдық.

DSC 0630

Шымкентте тұрғын үй салынып жатқан екі ірі құрылыс алаңы бар дейді қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Өтенбаев.
– Оның бірі – «Shymkent city», екіншісі – әкімшілік-іскерлік орталық. Бүгінде осы әкімшілік-іскерлік орталығының Қайтпас елдімекенімен арадағы бос жатқан аумағында жаңа құрылыс алаңы қарқын алды. Жаңа құрылыс алаңы уақытша «21,5 гектар орамы» деп аталады, – дейді Ғалымжан Әмірбекұлы.

21,5 гектар орамында 12 қабатты 8 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ондағы 53,2 мың шаршы метрге 528 пәтер орналасады. Басқарманың тұрғын үй бөлімінің басшысы Шухрат Мұхтаров құрылысы жүріп жатқан үйдің нобайымен таныстырып, аталған орамнан орын тебетін бірқатар нысандарды атап өтті.
– Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес мұнда 30-ға тарта көпқабатты үй бой көтереді. Қазіргі іргетасы қаланған 8 үйдің құрылысына «Отау Строй» құрылыс компаниясы, «Корпорация Сити Строй» ЖШС және «АРТ Құрылыс» ЖШС жауапты, – дейді Ш.Мұхтаров.

«Корпорация Сити Строй» ЖШС құрылысшылары 12 қабатты сегіз үйдің 7 қабатын қалап жатыр. Учаске басшысы Пердебек Әбдісаламұлының айтуынша, мұнда 60 адам құрылыс жұмыстарына тартылған.
– 60 құрылысшының 20-сы қыш қалаушылар, қалған 40 адам монолитте жұмыс істейді. Қыс айы деген аты болмаса, құрылысқа, әсіресе монолитке өте қолайлы ауа райы болып тұр. Сондықтан, жоспардан кешігу орын алған жоқ. Жұмыс күші жеткілікті, құрылыс заттары да тапшы емес. Бәрі өзіміздің отандық өнім, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы.

Пердебек Әбдісаламұлының айтуынша, құрылыстың негізі темір, арматураны Қарағандыдан алдырса, цемент, тас, құм атаулыны Шымкент қаласынан алу оп-оңай. Құрылыстың техникалық бақылаушысын күнде осы маңнан көруге болады.
Құрылысшылар Шымкент шаһарын «құрылысқа жайлы қала» деп атайды екен. Себебі, ауа райы жылы. Жауын-шашынсыз, қоңыр салқын күн райы әуелі құрылысты тұрақты жалғастыруға сеп. Сосын, мұндай жылы күні құрылыс заттарын, тас-құмды аршып алу да оңай дейді сала мамандары.

DSC 0616

Жаңа құрылыс алаңындағы 12 қабатты 8 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру мерзімі 2019 жылдың желтоқсан айы. Мердігерлер нысанды кешіктірмей тапсыратынына сенімді.
Қалалық құрылыс басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 2019 жылы, жалпы, 51 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Көпқабатты 51 үйдің 35-і кредиттік болса, тағы 16-сы арендалық тұрғын үй. Бұл – 280,3 мың шаршы метрді құрайтын 3130 пәтердің құрылысы.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.