ДЕНДРОБАҚ – ЖАНҒА САЯ БАҚ Избранное

Пятница, 29 Май 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 231 раз

Карантин шектеулері біршама жеңілдетілген соң қала тіршілігіне де қан жүгіре бастады. Сақтану шараларын ұстанып, 2 айға жуық үйден шықпай отырған тұрғындар бой жазып, аулаларға шыға бастады. Дегенмен, таза ауаны кеуде толтыра жұтып, тал-дарақ аясында серуендеуді сағынған жандар үшін Шымкенттегі дендросаябақтың орны бөлек.

IMG 20200523 122900

Тіршілігі қым-қуыт мегаполис тұрғындары бір сәт күйбең тірлігін ұмытып, аяқ созып серуендейтін жердің бірі де, бірегейі де – осы дендросаябақ. Еліміз түгілі жақын шетелдерде баламасы жоқ демалыс орны шымкенттіктердің маңдайына жазған бағы десек, қателеспеген болармыз.

Дендросаябақ көпшілік жиналатын орынның бірі болғандықтан, карантин басталғалы жабылған болатын. Ал 11 мамыр күні қақпасы қайта ашылды. Дегенмен, карантин кезінде мұндағы мамандар қарап жатпапты. Қалалықтарды бұрынғы дендробақ емес, жаңарған демалыс орны қарсы алды. Алып бақтағы жаңалықтарды «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының директоры Бейбіт Мошқаловтан білген едік.

ЖАҢАРҒАН ҚАҚПА

Дендрологиялық саябаққа келгенде сізді алып қақпа қарсы алады. Сол қақпадағы жазу биыл өзгеріп, Оңтүстік өңіріне еңбегі сіңген қайраткер, осы дендробақты бой көтеруінің басы-қасынан табылған Асанбай Асқаровтың аты айшықталып жазылған.

– Жап-жасыл жеелк жамылған көрікті мекенге Асанбай Асқаровтың есімін беру туралы айтар болсақ, 2018 жылдың 10 қыркүйегіндегі №151 қаулы бойынша саябақ Шымкент қаласы әкімдігінің коммуналды меншігіне өтті. Содан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 қазандағы №674 қаулысына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 3 мамырдағы №388 қаулысымен дендросаябаққа А.Асқаровтың есімі берілді. Осыған байланысты құжаттар қайта рәсімделді және басты қақпаның маңдайшасындағы саябақ атауы өзгертілді, - деді Бейбіт Мырзабайұлы.

Директор Берік Мошқалов 2

Дендросаябақтың жаңалығы мұнымен бітпейді. Қақпа маңындағы тағы бір өзгеріс – кіреберіс баспалдағы жанына пандус орнатылған. Бұл да карантин кезіндегі сәті түскен шаруаның бірі болған екен. Наурыз айының басында дендросаябаққа отбасымызбен барғанда бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ болатын. Енді келушілерді ұзыннан-ұзақ созылған, бірақ, тәй-тәй басқан балаға да, арбасын сүйреткен анаға да, асықпай аяңдаған қариялардың жүруіне де өте қолайлы пандус күтіп тұр. Пандус дегенде – кәдімгі жалпақ жол.

– Өздеріңізге белгілі, қақпаға кіреберістің алдында биік баспалдағы бар. Жанында бұған дейін де пандус бар еді. Дегенмен, анығын айтқанда, ол тіктеу болатын. Ал жаңа пандус 4 бұрылыс жасап, барынша жайлы етіп жасалды. Үлкен кісілер мен балалы аналар алғыс айтуда, - деп жалғады сөзін дендросаябақ директоры.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕ

Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгенде жұмысы өзгерген нысандардың арасында дендросаябақ та болғанын айтып өттік. Мұнда серуендеуге тыйым салынып, мекеме қызметкерлерінің жартысынан көбі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Тек әкімшілік кеңсе қызметкерлері мен саябақтың жұмысына күнделікті қажет жұмысшы мамандар қызметте болды. Карантин кезіндегі бетперде тағыну секілді сақтық шаралары әлі де сақталуда.

– Қазіргі таңда күнделікті сағат 10:00 мен 18:00 аралығында тұрғындардың бақта серуендеуіне болады. Дегенмен, ішке міндетті түрде маскамен кіргіземіз. Саябақтың ішін сағат сайын қызметкерлеріміз аралап, әлеуметтік қашықтықты сақтауды түсіндіреді, адамдардың топталмауын қадағалайды. Ал қақпаның алдына қаладағы жалпы талапқа сай дезинфекциялық туннель орнаттық. Келушілер сол арқылы өтіп, дезинфекциялық сұйықтық бүркіледі, - деді Бейбіт Мырзабайұлы.

Дендросаябақтағы жаңалықтар мұнымен бітпейді. Көлдің жанына «Мен дендросаябақты сүйемін» деп ағылшын тілінде ірі әріптермен жазылған. Былтыр соғылған жүгіру жолы тағы 1164 метрге ұзартылуда. Бұған қоса велоәуесқойларды қуантатын жаңалық – 6,5 шақырым велосипед жолы салынуда, дейді дендросаябақ мамандары. Парктегі жарықтандыру жүйесі де жөнделіп, сахна жаңартылған.

САЯБАҚ АУМАҒЫНДА

дендропарк-шымкент-мост

Жалпы, дендросаябақтың жалпы жер көлемі 130 гектарға жуық. Оның ішінде орталық учаскесі 117 га аумақты құраса, Қошқар ата учаскесі – 12,33 га. Бұл аймақ су қорғау аймағы жерлеріне жатады.
Осыншама алып бақта барлығы 185 маман қызмет етеді. Оның ішінде саябақты күтіп-баптауға 97 маман жұмылдырылса, дендрариді 27 маман қорғап-күзетеді.

– Мамандарымыз күнделікті бақтағы негізгі жолдар мен аяқ жолдарды, кеңсе мен мүсін орналасқан аймақтарды сыпырып-тазалайды. Жалпы сыпыру аймағы – 10 гектарлы, ал тазалау аймағы 36 гектарды құрайды. Жаз маусымында күнделікті таңғы сағат алтыда жолдарға су себіледі. Ал қыс мезгілінде таңертеңнен арнайы техникамен қар тазаланады, - деді дендросаябақ директоры.
Дендросаябақта ағаш пен бұтаның 350 түрі өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген 7 ағаш түрі және сирек кездесетін 61 ағаш-бұта түрі бар. Жалпы, саябақ аумағындағы ағаш-бұталардың саны 100 мың данадан асады. Қазіргі таңда тұқымбақта 62 түрлі ағаш-бұта түрінің 8469 түп көшеті өсірілуде.

Көктемде Шымкент қаласын көгалдандыру мақсатында мектептер мен балабақшаларға 5000 дана көшет ақысыз берілген. Күзде де табиғи өскіндерден 5000 дана көшет беруге мүмкіндік бар көрінеді.
Саябақтың фаунасы да бай – қырғауыл, қоян, тиін, кептер, түлкі, қарсақ, теңбіл бұғы, тауыс құсы, бентамка тауығы, жібек тауығы және су тасбақасы мекен етеді. Ал аумағы 3 гектар жасанды көлінде жабайы аққу, қаз, үйрек жерсіндірілген. Мұндағы барлық аң-құс азықпен, жем-шөппен қамтамасыз етілген.

Ұяшықтары бар, күтімі жақсы, дейді мамандар. Тіпті, сандарын да айтып берді: 2 аққу, 18 үйрек, 8 қаз, 85 қырғауыл, 12 тиін, 36 қоян, 6 тауыс құсы. Былтыр құстардың өсімі 20%-ға ұлғайыпты.
Жай ғана аясында қыдырып, серуендеушілер үшін саябақ біртұтас орман алқабы секілді. Ал негізінде, бірнеше аймаққа бөлінген.

– Дендросаябақ флорасына байланысты 5 географиялық аймаққа бөлінген: Олар – Шығыс Азия, Орта Азия-Қазақстан, Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс-Сібір және Еуропа Қырым-Кавказ. Ал пайдалану мақсатында 4 функционалды аймаққа бөлінген. 36,4 га экспозициялық аймақ – мұнда сіздер секілді келушілер серуендеп, демалады. Тағы 30,1 га қоғамдық экскурсия аумағы да бар. Сонымен қатар 24,3 га ғылыми аймақ, 26,2 га әкімшілік-шаруашылық аймақ бар. Атаулары айтып тұрғандай, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Берік Мырзатайұлы.

Айта кетейік, «Құрметті қонақтар», «Ардагерлер» аллеялары дендросаябақтың көркін ашып тұр. «Құрметті қонақтар» аллеясында егілген 37 ағаштың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған 2 ағаш және 7 елдің президенттері, құрметті қонақтары мен делегациялары еккен ағаштар өсіп тұр.
2020 жылдың бастапқы 4 айында, нақты айтқанда 18 наурызға дейін дендросаябаққа барлығы 53 158 адам серуендеп келді. Кіру ақысы – сәуір айынан бастап 27,78 теңге. Жалпы сомасы 1 039 379 теңге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жергілікті бюджетке салық төленді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.