Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев өткен жылы атқарылған жұмысы жөнінде берген есебінде баяндады. Өткен жылғы мониторинг нәтижесі бойынша құжаты жоқ 76 құрылыс нысаны анықталған. Оның ішінде 15 нысанның бұзылуына сот шешімі шыққан.
– «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау және лицензиялау қызметі аттестациядан өткізілді. Былтыр қала бойынша лицензиаттардың 30 пайызына мониторинг жасалды. Нәтижесінде 997 лицензиаттың 624-і әрекет ететіні анықталса, 236 лицензиат банкрот болған. 62-сінің әрекет етпейтіні, 75-нің мекенжайын ауыстырғаны анықталды. Биыл лицензиаттардың қосымша 40%-на мониторинг жасауды жоспарлап отырмыз, – деді Ғ.Өтенбаев.
Жылдық есепті тыңдаған Мұрат Дүйсенбекұлы қалада газбен улану оқиғалары жиілегенін, осы бағытта тексеру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, сол салаға қатысты кез келген мәселені аудан әкімдіктерімен бірлесе шешуді тапсырды.