#15 ШЫМКЕНТ БАСПАНАМЕН ҚАМТУДА КӨШ БАСЫНДА Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 823 раз

Миллион. Бұл – үшінші мегаполисте 2021 жылдың соңына дейін ел игілігіне берілетін баспананың көлемі. Осылайша республикалық қала дәрежесіне сай, Шымкент еліміз бойынша баспана құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтардың көш басында келеді. Ал 2020 жылы қаламызда 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынған болатын. Бұл – тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен, ел мерейін тасытып, абыройын асқақтататын үлкен белес.

705

 

Тағылымы мол, тарихқа толы осы жылдар ішінде әлеуметтің тіршілігі тұрақталып, ел экономикасы елеулі өсім көрсетті, жаңа ғимараттар мен зәулім сарайлар бой көтеріп, миллиондаған адам баспаналы болды. Республикада құрылыс көлемі артып, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында көптеген бастама жүзеге асырылып келеді. Нақты айтқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы елімізде жалпы көлемі 15 млн шаршы метр баспана ел игілігіне берілсе, биыл бұл көрсеткішті 17 млн шаршы метрге жеткізу жоспары бар.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген жаңа бағдарламалар енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана құрылысын қолдаудың жаңа тетіктері біріктірілді.
Халықты баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама 2016 жылдың соңында бекітіліп, 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама болып қайта бекітіледі. Соның аясында 2030 жылға қарай жаңа үйді іске қосу көлемін жыл сайын 8%-ға арттыру жоспарланған. Мысалы, 2019 жылы 13 млн шаршы метр жаңа үй салынып, бұл көрсеткіш 2018 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда +8%-ға (12,1 млн ш.м.) артты.
Ал 2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдерінің мәліметінше, соңғы 3 жылда қаламызда дәл осы бағдарлама арқылы 3 609 азамат баспаналы болды.

706


– 2019 жылы Елбасының бастамасы бойынша жеңілдік мөлшерлемесі 2% және бастапқы жарнасы 10% болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. «Нұрлы жер» бағдарламасының осы бағыты бойынша 2019-2020 жылдары 584 отбасы кредиттік негізде баспанамен қамтылған. Ал биыл бұл бағыт бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 589 азамат «Отбасы банкі» арқылы несиелік баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 1 424 азамат «5-20-25» бағыты арқылы жеңілдетілген несиемен баспана алды. Оның ішінде 728 тұрғын баспана кезегінде тұрған. «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында көп қабатты 27 үй пайдалануға беріліп, үй кезегіне тіркелген 1728 азаматты пәтермен қамту жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы Азамат Рысжанов.

БАСПАНА СЕРТИФИКАТТАРЫ

«Тұрғын үй қатынастары» Заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үйді сатып алу кезінде ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары ұсынылуда. Бұл да болса жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларға көрсетілген қолдау.
Биыл Шымкентте белгілі бір санаттағы 300 азаматқа осындай сертификаттар берілмек.
– Олар – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат ала алатын азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады. Тұрғын үй сертификатын алудың өз талап-шарттары бар. Заңда көрсетілген талап бойынша, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі табысы биылғы қаржы жылына заңнамада белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (106 336 теңге) аспауы тиіс. Айта кету керек, 2021 жылғы күнкөріс мөлшері 34 302 теңгені құрайды. Басқарма өкілдерінің мәліметінше, тұрғын үй сертификатын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру көзделіп отыр, – дейді басқарма басшысы Азамат Жарқынбекұлы.

707


Айта кету керек, Шымкентте мұндай сертификаттар екі жылдан бері беріліп келеді. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгенің сертификаттары берілсе, 2020 жылы 101 азаматқа жалпы құны 100 млн теңге болатын сертификат берілген. Ал биыл бұл мақсатқа 300 млн теңге қарастырылған. Тұрғын үй сертификаттарын «Отбасы банк» арқылы «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» бағдарламалары және екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасымен несиеге алынатын баспана құнының бастапқы жарнасына қолдануға болады.
Тұрғын үй сертификаттарына биылғы өтініштер онлайн қабылданды. Осы мақсатта кezekte.kz интернет ресурсы іске қосылған. Ол үшін өтінім берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы тиіс.

АРЕНДАЛЫ ҮЙЛЕР

Ипотекалық несие төлеуге табысы жетпейтін азаматтар қайтпек? Үй сатып алуға жағдайы жоқ бұл санаттағы тұрғындарға баспана әлеуметтік жалға алу тәртібімен беріледі. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған тұтас бір бағдарлама. Шымкент қаласы бойынша 2010-2020 жылдары аралығында, яғни, соңғы 10 жылда кезекте тұрған 4893 азамат сатып алу құқығынсыз арендалы баспанамен қамтылған.
– Сатып алу құқығынсыз берілетін бұл жалдамалы пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, оның ішінде көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатындағы азаматтарға беріледі. 2021 жылдың сәуір айында 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, мамыр айында өткізілген комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, 147 азаматты пәтермен қамту туралы шешім шықты. Тамыз айында тағы 74 тұрғын жалдамалы баспананың иесі атанды. Ал алдағы уақытта 294 азаматты пәтермен қамту жоспарлануда, – дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы.
Сонымен қатар 2010-2011 жылдары аралығында «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы аясында көрші елдерден келген қандастарға бюджет есебінен Асар шағынауданынан 975 үй салынып, пайдалануға берілген болатын.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы Заңының 13-бабының талаптарына сәйкес, азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған пәтерлерін жекешелендіруге құқылы. 2020 жылдан бастап «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып саналады. Құжаттарды қабылдау, мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру «Электронды үкіметтің» www.egov.kz веб-порталының арқылы жүзеге асырылуда. Биыл 165 азаматтан электронды құжат қабылданып, жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде 101 азаматтың пәтері қалдық құнын төлеу негізінде жекешелендірілген.

ЖАСТАРҒА БАСПАНА

Елімізде халықтың басқа санаттарымен қоса жастарға да баспана қарастырылған. Нақты айтқанда Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында кемінде 3 мың жалдамалы пәтер салу шаралары қабылданған. Оған сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының тұрғыны, 29 жасқа дейінгі жұмысшы жастар уақытша баспанамен қамтылады. Бес жыл пәтерде тұрған жас немесе отбасы осы уақыттың ішінде қаржы жинап, болашақ баспанасын сатып алуына мүмкіндік туады.
Осы бағдарламаға сәйкес, Шымкентте 2020 жылы жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер қолданысқа берілді. Ал биыл 300 жасқа пәтер кілті табысталды. Алдағы уақытта бұл бағдарлама жалғасын таппақ.

АҒЫМДАҒЫ ЖӨНДЕУ

Пайдаланылған баспана тозған жағдайда, оны жөндеу бар. Шымкентте осы саладағы инвестициялық әлеуетті дамыту жөніндегі іс-шараларды және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру мақсатында 2011-2017 жылдар аралығында көп пәтерлі 132 үй жөнделсе, 2020 жылы көп қабатты 76 үйді жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал биыл коммуналды 10 үйді ағымдағы жөндеу және 25 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Осылайша реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен және апатты деп танылған үйлер түбегейлі жаңартылмақ.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша техникалық зерттеу қорытындысы негізінде бұзуға ұсынылған көп пәтерлі 107 үй тіркеуге алынған. Абай ауданы бойынша – 56 үй, Әл-Фараби ауданында – 43, Еңбекші ауданында 8 үй бар. Жалпы, Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау – авариялық үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың өмір сүру ортасын жаңартуға және өмір сүруіне, қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы, – деді Азамат Жақыпбекұлы.
Реновация бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті ұйым – «Shymkent «ӘКК» АҚ.
Айта кету керек, биыл «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының іс-шаралары бекітілген болатын. Аталған жол картасында 2022-2025 жылдар аралығында қабылданған бағдарлама негізінде республика бойынша барлығы 250 апатты үйді бұзу және тұрғын үй мен жер учаскесін реквизициялау тәртібімен азаматтарды көшіру қарастырылған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.