#18 БАЛАБАҚШАДАН МЕКТЕПКЕ: Шымкент мектепке дейінгі біліммен қамтуда көш бастады Избранное

Среда, 15 Сентябрь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 276 раз

Шымкентте бүгінде әрбір он бес минут сайын бір сәби дүние есігін ашады екен. Ал бала саны артса білім беру мекемелерінің де көбейетіні заңдылық. Дегенмен Шымшаһар демографиялық дүмпуге қарамастан балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуде елімізде көш бастап тұр. Осыған орай мегаполисте тәуелсіздік алған жылдары мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетістіктер қандай еді? Тақырыпты тарқатып көрдік.

725

 

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына енуі және мемлекетте бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыру қажеттілігі жағдайында қазіргі үздіксіз білім беру саласына, соның ішінде баланы мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне аса мән беріліп отырғаны мәлім.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрбір баланың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керек» деп атап көрсетілген.
ҚР Конституциясына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында мемлекеттік кепілдіктер берілетіні анық жазылған. Дамыған елдердің тәжірибесіне қарап, білім беру мен денсаулық сақтау, ғылымды дамыту, спорт, жұмыспен қамтуға бағытталған реформалар мен инвестицияның нәтижесінде ұлт өмірін сапалы етуге, постиндустриалды қоғам талаптарына жауап беретін интеллектуалды қоғам орнатуға, табысты жастарды тәрбиелеуге болатынына көз жеткіземіз. Мемлекеттің әр қадамы нәтижелі болу үшін тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі де жоғары болуы керек.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында орын алған экономиканың жаппай күйреуі салдарынан 2000 жылдарға қарай еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 8 есеге, нақтырақ айтқанда, 1991 жылғы 8 881-ден 2000 жылы 1 089-ға дейін қысқарды. Дегенмен, экономика тұрақтала бастаған сәтте Мемлекет басшысының тапсырмасымен балабақшалар салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұрын жекенің қолына өтіп кеткен немесе жалға берілген балабақшалар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған қоса, жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтардың саны артты. Осындай жұмыстардың, қабылданған іс-шаралардың арқасында балаларды мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен және біліммен қамту көрсеткіші 9,6 есеге ұлғайып, 1999 жылы 10,2 пайыздан 2020 жылы 98,7 пайызға жеткен.

726


Елімізде соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беруді дамытуда мемлекеттік-жекешелік серіктестікке басымдық беріле бастады. Соңғы 20 жылдың ішінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жекеменшік балабақшалардың саны 28 есе, 162-ден 4 608-ге дейін ұлғайды. Пайдалануға берілген мұндай балабақшалардың басым бөлігі соңғы жылдарға тиесілі. Ал қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламыздағы балабақшалар саны небәрі 129-ды құрағанын айтады.
– Қазіргі таңда демографиялық және миграциялық өсімге сәйкес, бұл көрсеткіш 37 125 орынға толығып, 397-ге артты. Оның ішінде осы жылдары мемлекет есебінен 31 балабақша салынған. Қазіргі таңда, қаладағы 524 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 66 132 бала қамтылған. Оның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3-6 жас аралығындағы 52 859 бала – 100%, 1-6 жас аралығындағы 77 437 баланың – 85,4%-ы (66 132 бала) қамтылған. Ағымдағы жылы 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, әр балаға 37 527 теңгеден белгіленіп, жалпы 29 млрд. 946 млн теңге қаржы қаралған. Биыл белгіленген жоспарды орындау үшін 1 600 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары тұр. Балалардың ерте даму мәселелері біз үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа модельді енгізу жаңа оқу жылынан басталды, - дейді басқарма басшысы.
Иә, азаттықтың ақ таңы атқан жылдары заңнамалық тұрғыда мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізіліп, балабақшаларды лицензиялау рәсімі жеңілдетілді. «Балбөбек», «Қайнар», «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сынды отандық бағдарламалар жүзеге асырылды. 2016 жылдан бастап мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің үлгілі бағдарламасы қолданыла бастады. Онда мектеп жасына толмаған сәбилердің бойында болуы тиіс базалық дағдылар айқындалған. 2017 жылы аталған бағдарламаның мазмұны жаңартылып, балалардың икемділігі мен дағдысының дамуын бағалау индикаторларының жүйесі енгізілді. 2018 жылы мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің мемлекеттік стандарты бекітілді.
Шымшаһардың бас ұстазы «Балапан» бағдарламасы қолға алынғалы қалада бүлдіршіндеріміз жаппай балабақшамен қамтылғанын жеткізді. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру жүйесі 2006 жылдан бастап қайта жандана бастады. Алғаш рет республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға барлық меншік нысанымен мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін нысаналы трансферттер бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігі 2010 жылдан бастап ашыла бастады.
– Жоғарыда атап өткенімдей 31 мектепке дейінгі білім беру ұйымы осы тұста салына бастады. «Балапан» бағдарламасы бойынша Құрсай елді мекенінде – 320 орындық №36 «Ерке-Наз», Асар елді мекенінде – 280 орындық №42 «Толағай» балабақшасы ашылса, №70 «Бастауыш мектеп-балабақша» кешені, №40 «Нұрлан» бөбекжай-балабақша болып қайта құрылды. Жұмыс істеп тұрған №71,73,74 бастауыш мектеп балабақша» кешендері жанынан жаңадан 200 орындық 8 топ ашылды. №5, 24, 52 жалпы орта мектептер жанынан шағын орталықтар ашылып, №81 «Бақыт» балабақшасы мен №70 «Шолпан» балабақшасын біріктіру арқылы №70 «Шолпан» бөбекжай-балабақшасы құрылды. Мектепке дейінгі ұйымдар тапшылығын шешу мақсатында қаладағы бірнеше жекеменшік бөбекжайлардың ішінен мемлекеттік тапсырыс бойынша топтар ашылды. Мысалы, 2011-2013 жылдар аралығында мемлекеттік тапсырыс бойынша 61 жекеменшік балабақшаға қосымша 4395 бала орналастырылған. 2014 жылы Самал-3, Тұлпар, Асар шағынаудандарында 960 орындық балабақша пайдалануға берілгенін айтады. Сондай-ақ, Қазығұрт, Самал-2, Бозарық, Сәуле шағынаудандары мен Жангелдин, Гаражная көшелерінде 1970 орындық жаңа балабақша бой көтерді. Ал, 2015 жылы Қайнарбұлақ, Нұрсат, Мирас, Ынтымақ, Жайлау шағынаудандарында да 1600 орындық балабақша ашылған. Кейінгі жылдары мемлекеттік және жекеменшік серіктестікті дамыту мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру жолдарының бірі екеніне көз жеткіздік. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жеке мектепке дейінгі ұйымдарды ашуға айтарлықтай оңды әсерін тигізді, - дейді Ж.Арысбекқызы.
Иә, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Елбасы тапсырмасына сәйкес, балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы қолға алынды. Бұл 3 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік әрі өз бетімен оқу дағдыларын дамытуға, педагогтер мен ата-аналардың құзіреттілік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білімді дамытудың толыққанды моделі әзірленіп, балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткіші артты. Қалалар мен аудан орталықтарындағы мектепке дейінгі ұйымдардың орындарын бөлу ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін балабақшаларға жолдама беру автоматтандырылған.
Қаладағы №10 «Достық» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Индира Пірімқұлова мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отырғанын айтады. Құрылғанына 10 жыл толған мекемеде 136 бала тәрбиеленуде. 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның 20-ы педагог болса, қалғаны кіші қызметкерлер.
– Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануда ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. Осы уақытқа дейін тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады, - дейді Индира Оразбекқызы.
Бөбекжай меңгерушісінің айтуынша, қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиешілердің ұстанымы ауысқан. Ол балаларға басшы емес, білім беру қызметінің тең қатысушысы екенін жеткізді.
– Мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Мәселен, ынтымақтастық педагогикасы, білім беруді ізгілендіру, ойын арқылы оқыту, түсіндіре басқарып оза оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан-дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді, - дейді ол.

ТҮЙІН.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Қазіргі байқалған демографиялық дүмпудің арқасында тағы бірер жылда 20 миллионнан асармыз. Бұрындары ата-ана баласы дүниеге келе салысымен балабақша кезегіне қоятын еді. Енді алаңдауға негіз жоқ. Бұл – тәуелсіздігіміздің тәтті жемісі.