#19 Мегаполис медицинасы жаңа дәуірге қадам басты Избранное

Среда, 15 Сентябрь 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1377 раз

Қазақстанда тәуелсіздіктің үшінші онжылдығында медицина саласы қарқынды дамыды. Денсаулық сақтау орталықтары бой көтеріп, материалдық-техникалық база нығайтылды. Емдеудің жаңа әдістері енгізіліп, адам өмірін арашалап қалудың мүмкіндіктері артты. Шымкент қаласында тәуелсіздік алған 30 жылда 150-ден астам жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Денсаулық ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жақсарып, қажетті құрылғылармен қамтылуы және кәсіби дәрігерлердің жаңашылдығы мегаполис медицинасын республикада жаңа деңгейге көтерді.

722

 

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 1054 аурухана және 3720 амбулаторлы-клиникалық медицина орталықтары қызмет атқарады. Жалпы отанымызда 59 мың дәрігер және 126 мың орта деңгейлік қызметкер медициналық ұйымдарда қызмет көрсетеді екен. Ал республикада жедел жәрдем көрсету орталықтарының жалпы саны – 274, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелері – 3462-ге жеткен. Республикада денсаулық сақтау нысандары санының артып, медициналық көмектің халыққа жылдам әрі қолжетімді болуының нәтижесінде бүгінде ұлт саулығы жақсара бастады.
–90-жылдар Қазақстанда денсаулық сақтау саласы ғана емес, жалпы посткеңестік мемлекеттер үшін ең қиын кезең болды. Қазақстан бұл қиындықтарды еңсерді. Ел экономикасының жақсаруымен Шымкентте де медициналық мекемелер қалпына келтірілді. Аурухана корпустары, қалалық емханалар және басқа да медициналық мекемелер салынды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері жөніндегі заңдары, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі қабылданды.

723


Елімізде ана мен бала өлімін азайту жөніндегі 2008-2010 жылдарға, қан қызметін жетілдіру жөніндегі 2008-2010 жылдарға, ЖИТС індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі 2006-2010 жылдарға, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарламалар әзірленіп, енгізілді. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асырылды. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Тәуелсіздік жылдар ішіндегі осындай реформалар тоқтап қалған жүйеге жан бітірді. Тәуелсіздік дегенде ең алдымен еске түсетіні Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегі. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру – тақыр жерден тау тұрғызумен бірдей, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

739


Қаланың бас дәрігерінің айтуынша, 1991 жылғы Шымкенттің салаға бөлген жалпы бюджеті 50,8 млн. теңгені құрапты. Осы көрсеткіш 2021 жылы 79,1 млрд. теңгеге өскен. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту және шымкенттіктердің денсаулығын жақсартып, тегін медициналық көмекті қолжетімді ету – саланың алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі болды. Осы мақсатты жүзеге асыруда 1991 жылдан бері шаһарда жаңадан 154 денсаулық сақтау нысаны салынды. Сондай-ақ Психикалық денсаулық орталығы, Жүрек орталығы, Перинаталдық орталық, Қан орталығы, «Мейірім», «Ана мен бала» балаларды оңалту орталықтары сияқты қалалық медициналық ұйымдар құрылды.
Елімізде қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында қала бойынша 6 нысан ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, олар - қалалық қан орталығы, 3 емхана, 1 балалар ауруханасы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен кардиохирургия, трансплантология, онкология және инфекциялық орталықтың жаңа корпустары салынды. Демеушілік көмек есебінен қалалық залалсыздандыру орталығы және қалалық перинаталдық орталық салынды.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Шымкентте салынған медициналық ұйымның бірі – қалалық №6 емхана. 2013 жылы пайдалануға берілген емханада бүгінде 70 мыңнан астам тұрғын тіркелген.
– Емхананың қуаттылығы 550- 600 адамның келіп-кетуіне лайықталған. Күндізгі ем қабылдау бөлімшесі 55 төсек-орынға арналған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заманға сай жабдықталғандықтан ақпараттандыру жүйесіне 100 пайыз қосылған. Бүгінгі таңда тұрғындарға медициналық қызметті қолжетімді ету және сапалы қызмет көрсету бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бастысы емханаға келушілерге ыңғайлы жағдай жасап, олардың уақытын үнемдеуге баса назар аудардық. Осы мақсатта бірінші кезекте медициналық құрылғыларды кезең-кезеңімен жаңартып, дәрігерге келген пациентке жайлы атмосфера қалыптастырдық, - дейді емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева.

724


Қазіргі таңда үшінші мегаполисте барлық медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйелер енгізілген. Халықтың 100% - ында электрондық денсаулық паспорты толтырылды. «Дамумед» жүйесі арқылы емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту, еңбекке жарамсыздық парағын алу және зертханалық зерттеулердің қорытындысын көруге мүмкіндік бар. Бұл «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі десек те болады.
Басқарма басшысы Бақытжан Жолдасбекұлы осындай реформалар денсаулық саласында да өз тиімділігін көрсетті дейді.
–30 жыл ішінде Шымкентте қала халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 4,8-ге дейін түсті. Ал ана өлімі 10 есеге (79,8-ден 7,4-ке дейін төмендеді), нәрестелер өлімі 3 есе азайды. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейін және қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық, олардан болатын өлім-жітім жағдайы төмендеді, - деді Б.Позилов.
Елімізде 2005 жылдан бастап халықтың жекелеген санаттарын, сондай-ақ аурулардың белгілі бір тізбесі бойынша науқастарды амбулаториялық деңгейде жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық скринингтер жүргізу шарасы қолға алынды. Бұл тұрғындарда ауруларды уақтылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік берді. 2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 жалпы практика дәрігеріне жүктеме 2500-ден 1600 адамға дейін төмендеген.
Салада тұрғындарға сапалы медициналық көмек беру мен қолжетімділікті арттыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің маңыздылығын айтпай кетпеуге болмайды. 2015 жылы елімізде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң қабылданды. Мұндағы мақсат – мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайту. Осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қазіргі күні республикада медициналық мекемелер, амбулаториялық клиникалар ашылып, медициналық техникалар сатып алынуда, жаңартылып, пайдаланылуда.
Жалпы Шымкентте 120 медициналық ұйым болса, оның 41-і емхана. Қалада 14 мемлекеттік, 27 жекеменшік емхана халыққа сапалы қызмет көрсетеді. Сондай жекеменшік мекеменің бірі – «Сымбат-Нұр» медициналық орталығы. Ашылғанына төрт жыл болған орталық Ақжайық шағынауданында тағы бір ғимаратын ашқан. Емханаға 7 мың тұрғын тіркелген. Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы тұрғындар аталған жекеменшік орталықта тегін ем қабылдай алады. Клиника соңғы үлгідегі заманауи қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда көзге, жүрекке ота да жасалады.

740


–Отандық медицинаны толғандыратын басты проблеманың бірі сапалы қызмет екені жасырын емес. Ол күнделікті тіршілігімізде кездесетін жәйт. Ұзын-сонар кезектер, анализ тапсырудың, диагностикалық зерттеулерден өтудің, нақты дәрігер-мамандардың қабылдауына жазылудың қиындықтары жеткілікті. Жекеменшік медициналық орталықта осы мәселелер оң шешімін тапқан. Барлық ем-дом шаралары жедел атқарылады, науқасқа барынша ыңғайлы жағдай қарастырылған, - дейді «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының бас дәрігері Бәтеш Айтбайұлы.

Түйін

Тәуелсіздіктің 30 жылында Шымкент медицинасы жаңа дәуірге қадам басты. Жыл сайын медициналық орталықтар саны артып, ондағы жоғары мамандандырылған технологиялар жаңаруда. Жаңа ғимараттар, қажетті технологиялар дәрігерлердің де мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты. Оның дәлелі, республикадағы ең күрделі деген оталарды шымкенттік дәрігерлер өздері жасауда. Айталық, Шымкенттің жүрек орталығында ашық жүрекке ота жасалып, стендтер орнатылуда. Қалалық №1 клиникалық аурухана базасында бауыр мен бүйрек алмастырудың 170-тен астам операциясы жасалды. Онкологиялық орталықта жетекші мамандардың қатысуымен бауырдың қатерлі ісігімен ауыратын науқастарға 100, химиопрепараттарды енгізу арқылы бауырдың, мидың ісіктері бар науқастарға 50-ден астам ота озық әдістерді қолданумен сәтті өткен.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.