Енді тапшылық көрмейміз Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 04:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1328 раз

алда жарықтан жетіспеушілік туындамайды, табиғи газ бойынша мораторий де күшін жояды

Әлеуметтік желілерде табиғи газды жеке үйлерге кіргізу бойынша жарияланған мораторий төңірегінде туындаған дауға қатысты мәселеге Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен арнайы брифингте тиісті сала басшылары тарапынан нақты жауаптар берілді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Мұрат Ибрагимов және «KEGOC» бас инженерінің орынбасары Сырлыбай Оисов, ҚР энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ержан Нұрбеков және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ бірінші орынбасары Бауыржан Сатмағамбетов қатысқан жиында мораторий және мегаполистегі жарықтың жиі сөнуіне байланысты мәселенің анық-қанығы белгілі болды.

363

 

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 1 қарашадан бастап шаһарда кешкі уақытта жарық сөнулер орын алған. Бұл қалада электр қуатының 60-70 МВт жетіспеушілігінен туындаған.
М.Аймағанбетов оның бірнеше себептерін атап өтті.
– Екібастұз ГРЭС-2-де жөндеу жұмыстарына байланысты Шымкенттің одан алар үлесі 221 МВт-дан 120 МВт-ға, сондай-ақ Шардара ГЭС-те су деңгейінің төмендеуінен 50 МВт-дан 8 МВт-ға төмендеп кетті. Бұл бірінші себеп болса, екіншіден, майнингтік жасырын топтар криптовалюта өндіруде электр энергиясын ұрлап жатыр. Криптовалюта жасауда Қазақстан әлем бойынша АҚШ-тан кейін 2 орынға көтерілген. Сондықтан оларды тауып бизнесін заңдастыру қажет немесе электр қуатынан ажырату керек. Сондай келеңсіздіктерден қалада электр қуатына деген қажеттілік өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп кеткен. Қазір осы мәселені жіті қадағалауға алып отырмыз, - деді Мәулен Зарлықұлы.

Қала әкімінің орынбасары электр энергиясының жетіспеушілігін шешу мақсатында нақты қадамдар жасалғанын жеткізді. Біріншіден энергетика министрлігі, қала әкімдігі және монополист компаниямен болған жиын қорытындысына сәйкес енді мегаполисте әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер жарықтан ешқандай да ажыратылмайды. Екіншіден, электр қуатындағы жетіспеушілік Жамбыл ГРЭС-тен алынатын қосымша 70 МВт есебінен жабылатын болады. 10 қараша күні Жамбыл ГРЭС қосымша 3-блокты іске қосады.

360


Табиғи газға жарияланған мораторийге қатысты қала әкімінің орынбасары: «АГРС-3» автоматты газ тарату станциясы толық іске қосылған кезде мораторий өзінің күшін жояды. Бозой-Бейнеу-Шымкент газ құбырының 20 шақырымы қысыммен тексерілді. Енді жуып-шаю жұмыстары қалды. Өткен дүйсенбіде қосылуы керек еді. Бірақ қосалқы бөлшегінің істен шығуына байланысты ол кейінге шегерілді. Қосалқы бөлшекті орнатып болған соң «АГРС-3»-ке газ беріледі. Сосын оны іске қосуға дайындау жұмыстарымен Ресейден келетін мамандар айналысады. Осының барлығы қарашаның соңы немесе желтоқсан айының ортасына дейінгі уақытты алуы мүмкін» деді.
Жалпы, аталған газ тарату станциясының қуаты сағатына 250 мың текше метрді құрайды. Қала бүгінгі таңда сағатына 180 мың текше метр газ тұтынып отыр. Яғни 70 мың текше метр табиғи газ жетіспейді. Осы сұранысты жаңа «АГРС-3» іске қосылған соң толық өтемек. Нәтижесінде осы күнге дейін қаланы 180 мың текше метр газбен қамтамасыз етіп келген қос АГРС қуаты үнемделеді. Ол газ тапшылығын болдырмауға жақсы мүмкіндік туғызады.