АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛДІ? Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 983 раз

Жақында Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мониторинг тобы құрылған болатын. Оның құрамында қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Мақсат – әлеуметтік себетке кіретін азық-түлік түрлері бағасының шарықтап кетпеуін бақылау және олардың тапшылығын туындатпау.

374

 

Топ жұмысына көпшілік қолдау білдіргенімен, кейбір түсінбеушіліктер де болды. «Нарық жағдайында бағаны жасанды жолмен тұрақтандыру мүмкін емес», «Үкімет елдегі әлеуметтік проблеманы неліктен кәсіпкерлердің есебінен шешпек?» немесе «Кәсіпкерлер өз тауарын арзан сатуға міндетті ме? Бұл олардың құқығын таптау» деген уәждерді естіп жүрміз. Мәселенің анық-қанығына көпшіліктің көзін жеткізу үшін барлық сұрақтарға ашық жауап беруді жөн санадым.
Әр облыс пен республикалық маңызға ие қалаларда әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының жанында тұрақтандыру қоры бар. Бұл қордың жұмысын қалай ұйымдастыру жөнінде әр өңір дербес шешім қабылдауға құқылы.
Мәселен, кезінде ОҚО-да тұрақтандыру қоры болашақта тапшы болуы мүмкін азық-түлік түрлерін көп мөлшерде сатып алып, қоймада сақтайтын еді. Айналымда сол тауар азайып, баға қымбаттай бастаған кезде қоймадан арзан бағамен босатып отыратын-ды.
Бір қарағанда тиімді тәсіл сияқты көрінгенімен, бұл әдістің кемшіліктері бар. Біріншіден, қай тауардың арзандап, қай тауардың қымбаттап кетерін алдын ала дөп басып болжау өте қиын. Алда-жалда тұрақтандыру қорының қоймасында жиналған тауар сол жылы базарда онсыз да көп әрі арзан болып кетсе ше? Бұлай болуы әбден мүмкін. Себебі, бір жағынан, сол өнімнің түсімі мол болуы ықтимал, екінші жағынан, саудагерлер тап сол өнімді Шымкентке өзге өңірлерден әкелуі, тіпті шетелден импорттауы да мүмкін.
Мұндайда «былай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетін» қиын жағдай туындайды. Онсыз да арзан тауарды одан да арзан бағамен босатып жіберсеңіз, саудагерлер мен тауар өндірушілер банкротқа ұшырайды. Олар банкротқа ұшыраса, келесі жылы ол тауарды кім өндірмек? Ал қойма толы тауарды сақтап отыра берсең, мыңдаған тонна азық-түлік шіріп кетіп, рәсуа болмақ. Мұның жауапкершілігі мен обалын кім көтереді?
Бұл тәсілді іске алғысыз ететін тағы 2 себеп бар. Біріншіден, қоймада тиісті температура мен ылғалдылық деңгейін ұстап отыру керек. Оған қойма жұмысшыларының еңбекақысы мен тауарды тасымалдау шығындарын қосыңыз. Яғни, сонша тауарды ұзақ уақыт қоймада сақтау деген қып-қызыл шығын. Екіншіден, жыл сайын қымбатқа алынған тауарды арзанға сатсақ, тұрақтандыру қорына жыл сайын бюджеттен қосымша қаржы бөліп отыруға тура келеді.
Жоғарыдағының барлығын есепке алмаған күннің өзінде Шымкент қаласының халқы жылына 135-150 миллиард теңгенің азық-түлігін сатып алады. Түркістан облысының қаламен іргелес жатқан кейбір аудандарының халқы да көбіне азық-түлікті Шымкенттен сатып алатынын ескерсек, бұл көрсеткіш жылына 200 миллиард теңгеге жетеді. Жылдық айналымы 200 миллиард теңгелік нарыққа тұрақтандыру қорындағы 4 миллиард 700 миллион теңгемен айтарлықтай әсер ете алмайтынымыз бесенеден белгілі.
Сондықтан, Шымкент республикалық маңызға ие қала атанғалы тұрақтандыру қорының жұмысын басқаша ұйымдастыру қажеттілігі туындады. Бағаны ауыздықтау үшін не істеуге болады? Бұл сұрақтың жауабы біреу-ақ. Ол – тауар өндіруші мен саудагерлерді бағаны қымбаттатпай ұстауға ынталандыру.
Жоғарыда Шымкент қаласындағы тұрақтандыру қорында биыл 4.7 миллиард теңге бар екенін айттық. Қор осы қаржының есебінен тауар өндірушілер мен ірі сауда орталықтарына жеңілдетілген несие береді. Жеңілдетілген болғанда да бұл несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 0.01 пайыз. Іс жүзінде мұны пайызсыз несие деуге де болады.
Осындай «су тегін» несие алғанының ақысына сауда орталығы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың бағасын келісімшартта көрсетілген шектен асырмай, қымбаттатпай отырады. Әрі бұл тауарлардың сатылымда үздіксіз болуын қамтамасыз етеді. Егер жеңілдетілген несиені тауар өндіруші алған болса, ол да өзі өндірген тауардың бағасын келісімшартта көрсетілген шектен асырмай сатуға міндетті.
Мәселен, «Шымкент құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай тәсілмен 200 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Соның қайтарымы ретінде бұл компания жұмыртқаның маусымдық қымбаттауына қарамастан бағаны өсірмей отыр. Яғни, сауда дүкендеріне жұмыртқаның 10 данасы 322 теңгеден босатылуда.
Тұрақтандыру қорына, дұрысырағы, қарапайым тұтынушыға бағаның қымбаттамағаны керек болса, кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемесі төмен, арзан несие керек. Осы механизмнің нәтижесінде қос тарап та өз керегіне қол жеткізіп, өзара тиімді шартта серіктестік орнатып отыр. Кәсіпкерге қойылатын жалғыз талап – өзі алатын сомадан кемінде 30 пайызға қымбаттырақ бағаланатын жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою. Яғни, 100 миллион теңге несие алғысы келетін компания 130 миллион теңгелік кепілдік мүлкін ұсынуға міндетті.
Бұл тәсілдің тиімді тұстарына тоқталсақ, біріншіден, тұрақтандыру қорындағы қаржы жыл сайын азаймай, сол мөлшерде қайта түсіп отырады.
Екіншіден, қойма мен тасымалдауға кететін қосымша шығындар үнемделеді.
Үшіншіден, сөз басындағы уәжде айтылғандай, кәсіпкерлердің құқығы тапталмайды. Әр компания өз қалауымен, өзіне қажет мөлшерде несие алады және өз еркімен мойнына алған міндеттемелерді ғана орындайды.
Төртіншіден, сұраныстың көбеюі мен азаюына байланысты тәуекелге тұрақтандыру қоры емес, сауда орталықтары барады. Қандай жағдайда да бюджет қаржысы сақталып, бір жылдан соң кері қайтарылады.
Бесіншіден әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы жалпы өңірлік айналымда арзандап кеткен күнде де, келісіп белгіленген межеден асырмай сату арқылы сауда орталығы пайдаға кенелуі де мүмкін. Бұл оларды тұрақтандыру қорымен алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге ынталандыра түседі.
Бұл жердегі ең басты мәселе – әкімшілік пен сауда орталықтары арасындағы келісімшарт талаптарының толық орындалуы. Ол үшін арнайы қадағалау органдары мен мониторинг топтары сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы белгіленген мөлшерден асып кетпегенін және ол тауардың тапшылығы жоқ екенін үнемі бақылап отырса болғаны. Құрамына Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері енген мониторинг тобы, міне, осындай мақсатта құрылған. Бұл жерде кәсіпкерлерді қорғайтын заңдардың ешқайсысы бұзылмайды.
Төменде оқырман назарына осындай келісіммен жұмыс істеп жатқан сауда орталықтары мен тауар өндірушілердің тізімі және олар алған жеңілдетілген несиенің мөлшері ұсынылып отыр:

ІРІ САУДА ЖЕЛІЛЕРІ:

1) «Грамад» (800 млн теңге) – 5 сауда орны;
2) «Фиркан» (300 млн теңге) – 15 сауда орны;
3) «Магнум» (1 млрд теңге) – 10 сауда орны жұмыс істейді.

ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР:

1) «ТURAR» ЖШС (500 млн теңге) қаладағы нан жабумен айналысатын кәсіпкерлерге І сұрыпты ұнды төмендетілген бағамен сатуда.
2) «Шымкент құс» ЖШС (200 млн теңге) сауда орталықтары мен дүкендерге жұмыртқаның 10 данасын 322 теңгеден сатуда.
3) «Қасқасу-С» шаруа қожалығы (200 млн теңге) «QazEt» әлеуметтік дүкені арқылы ет өнімдерін белгіленген бағамен сатып жатыр.
4) «Бәйтерек» шаруа қожалығы (120 млн теңге) сиыр етін сауда желілеріне өндіруші бағасымен сатуда.
5) ЖК «Темиршиков» (200 млн теңге) І сұрыпты ұннан жасалған бөлке нанды сауда нысандарына белгіленген бағада сатып отыр.

КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ:

1) «Hermes» ЖШС (128 млн теңге) – көкөніс өнімдері;
2) «Юпекс» ЖШС (500 млн теңге) – құмшекер;
3) ЖК «Момбетчеев» (200 млн теңге) – күнбағыс майы;
4) ЖК «Ахмедова» (100 млн теңге) көкөніс өнімдерін белгіленген бағада сатуда.

Қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қолға алынған қосымша шаралар:

1) Қаланың 3 жерінде жылжымалы әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылып, көкөніс белгіленген бағада сатылуда.
2) 4 ауданда апта сайын азық-түлік жәрмеңкелері өткізілуде.
3) Халық тығыз орналасқан шағынаудандарда 3 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр.
4) Ірі сауда орталықтары, азық-түлік базарлары мен жергілікті тауар өндірушілермен азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде екіжақты 14 меморандумға қол қойылған.
5) Жақында ет өндіруші ірі шаруа қожалықтары Шымкентте 4 жылжымалы сауда нүктесін ашады деп жоспарлануда.
Мінекей, Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша осындай жұмыс істелуде.

Рүстем ӘШЕТАЕВ,
Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің және азық-түлік бағасын бақылау жөніндегі мониторинг тобының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.