Шымкент қалалық полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызметкерлері бір тәулікте, яғни, 2022 жылдың 24 қаңтарында жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 53 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.
Бұл жүргізушілер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) бойынша жауапкершілікке тартылды. Қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамаған жүргізушілерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы ретте тәртіп сақшылары жүргізушілерге өз өмірін қатерге тікпеуге кеңес береді.