ОҚЫҒАНҒА ГРАНТ БАР... Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 03:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1260 раз

Шымкентте жаңа бизнес идеяларға арналған грантқа құжат қабылдау басталды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Шағдат Әсет ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

111

 

Мемлекеттік қолдау қайтарымсыз беріледі. Спикердің айтуынша, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2022 жылы 1150 азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланған. Биылғы ерекшелік – грант 400 АЕК, яғни, 1 225 200 теңге көлемінде беріледі деп күтілуде.
– Шымкент бойынша қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер қабылдау биылғы 1 сәуірде басталды. Оған 2019, 2020 және 2021 жылдар аралығында «Бастау бизнес» оқу курсын аяқтаған, сертификаты бар азаматтар қатыса алады. Биылғы өтінімдер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан құрылған Business.enbek.kz порталында онлайн қабылданады. Грантқа үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім беруі керек. Алғашқы күндері техникалық ақаулар болғанынан хабардармыз, қазір ол мәселелер шешімін табуда, – деді Шағдат Әсетұлы.
Орталық өкілдерінің мәліметінше, грантқа өтінім берудің бірінші легіне «Бизнес бастау» сертификаты бар мына санаттағы жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады: атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көп балалы отбасы мүшелері; қандастар, қоныс аударғандар; мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және (немесе) мүгедек азаматтар; 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар.
вusiness.enbek.kz порталындағы үміткерлердің өтініш саны 600-ге жеткенше, 14 сәуірге дейін қабылданады. 2019 жылы «Бастау бизнес» оқуын аяқтағаны туралы сертификаты бар азаматтар үшін қосымша ескертетін жайт – порталда өтінім бергенде сертификаттары мен белгіленген қаржы мөлшеріндегі бизнес-жоспарлары PDF немесе Word құжатына біріктіріп, тіркелуі тиіс.
Жалпы, 2021 жылы 784 азаматтың әрқайсысына 200 АЕК көлемінде грант берілген. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен жылы мемлекеттік грантқа құжаттар Telegram Bot әлеуметтік желісі арқылы қабылданып, өтініштерді орталық мамандары жіті тексерген.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.