ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ЕСІМІН ИЕЛЕНГЕН БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 03:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1315 раз

Ахмет Байтұрсын-ұлы жайлы Мұхтар Әуезов: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп пікір білдірген екен.
Биыл ұлы ағартушы, тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына — 150 жыл. Біз бүгінде Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №50 мектеп-гимназиясы ұлт намысын арқалаған тұлға Ахмет Байтұрсын-ұлының атында екенін мақтанышпен айтамыз.

106

 


Құндылығы жоғалмайтын құжат

Ахмет Байтұрсынұлы — бар ғұмырын қазақ тілінің, әдебиетінің дамуына арнап, сол жолда өлшеусіз еңбек еткен жан. Оның ғылым жолындағы еңбегін сан мәрте қайталап айтсақ та, құндылығын жоғалтпайтын құжат. Замандас ізбасары Сәкен Сейфуллин «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп реформатордың жанкештілігін ерекше сипаттаған.
Ғалым қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алған екен. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне ұлттың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді. Қазақ тілінде дыбысы жоқ таңбаларды алфавиттен шығарып, арабша таңбасы жоқ дыбыстарға таңба қосады. Қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзген.
«Қазақ жазуын» құрастырған соң, оны жазып-оқуға үйрететін әліппе жазады. Сол кезеңде оқу-ағарту идеясына қазақ зиялылары жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Әліппе 1911-1912 жылдары Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет
Байтұрсынұлы жазған әліппе «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылған. Ғалымның қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын еңбегі жарыққа шығады. Бұл еңбек тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды.

108


Қазақ тілі білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» сынды еңбектерінің орны айрықша. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Терминдер қалыптастырды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынан бүгінге жетті. Бұл терминдер — қарапайым көне сөздің мағынасын жаңғырту және жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенін күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығынан-ақ көруге болатындай.

Ұлт ұстазының ұрпағымен жүздескенде

А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы — 33 жылдық тарихы бар білім ордасы. Осы 33 жыл ішінде талай түлекті қанаттандырып, талай тарихи кездесулердің куәсі болған.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлы ақталған соң, мектепке есімі 1989 жылдың 11 қыркүйегінде беріліп, алғашқы оқу жылында 1046 оқушы білім алған. Ал, мектептің басшылығына 1989 жылы Ерошкин Андрей Василиевич, 1990 жылы Кузнецова Анна Ивановна, 2001 жылдан Нысанов Ғабит Тұрсынбайұлы, 2007 жылдан Саржанова Құрманкүл Бескемпірқызы тағайындалып, мектептің білім сапасының артуына үлес қосқан.
Мектебімізде 1992 жылы Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы, немере қызы Айманмен (суретте) кездесу ұйымдастырылған еді. Айман апай ұлт ұстазының өмірі, қызметі, мұрағаты жөнінде тарихтан сыр шертіп, мектеп оқушыларына баяндап берген болатын. Әңгіме барысында немересі Ахаңның абақтыда отырған кезде де ұлтына, еліне деген қамқорлығын бір сәтке де ұмытпағанын тілге тиек еткен-ді. А.Байтұрсынұлы тергеушілерге «Менің мақсатым — қазақ халқының тұрмыс жағдайын көтеру, мәдениетін арттыру, сауатын ашу. Осы мақсатымды орындау жолында қандай қиындық болса да оны қасқайып тұрып қарсы алуға дайынмын» деген екен. Осы сөзден-ақ оның еліне деген махаббатын, ұлтжандылығын көреміз.
Айман апайдың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы саяси қуғын-сүргіннен елге оралғанда көпшілік оны «Халық жауы» деп атап, көмек көрсетуден бас тартқанда қызы Шолпанның қамқорлығында болыпты. Кездесу кезінде білімін, күрескер қайсар рухын елінің ертеңіне бағыштаған Ахаң–Ахмет Байтұрсынов түрмеге бес рет қамалғанын, ақырғы қамалғанында ату жазасына кесілгенін айтқан немересі Айман көзіне жас алып, қилы заманның естеліктерін тебірене баяндаған еді. «Халық жауы» деп танылғандардың отбасы, әйел, бала-шағасы көрген зорлық-зомбылық, соның ішінде Ахметтің отбасы мен туыстары шеккен зәбірді естігенде сол кезеңнің салқынын сезіндік.
2012 жылы да үрдісті жалғастырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырған едік. Онда мектеп оқушылары І.Жансүгіровтің ұлы Саятпен, Ж.Шаниннің ұлы Қасымханмен, филология ғылымының докторы Асылы Османмен кездесті. Әрбір кездесу Ахмет Байтұрсынұлын жаңа қырынан аша түсті.


Көпсалалы мектептен гимназияға дейін

2004 жылы мамыр айында білім ордасына ОҚО Білім департаментінің бұйрығымен көпсалалы мектеп-гимназия статусы берілді. Ал, 2011 жылдың наурыз айынан Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы деп аталды. Бүгінде білім ордасында 225 педагог 2913 баланы білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп жүр.
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы реформатор-ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерінің құрметіне еліміздің көптеген мекендерінде білім ошақтары, көшелері, білім саласына қатысты мекемелерде ұлы тұлғаның есімі берілді. Солардың қатарында көрінген біздің мектеп-гимназия гуманитарлық бағытта, яғни тіл және тарих пәндерін тереңдетіп оқытады.

107


Ұлы ұстаз атындағы мектеп-гимназияда тұлғаның шығармашылығын жан-жақты жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Әр жылы қыркүйек айында А.Байтұрсыновтың туған күні қарсаңында ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары өткізіліп, шығармаларының тәрбиелік мәні тереңдетіп талданады. Сондай-ақ, мектеп бағдарламасына «Ахметтану» факультативтік курсы енгізілген.
Мектебімізден түлеп ұшқан шәкірттеріміз тек еліміздің жоғары оқу орындарында ғана емес, шет елдерде білім алып, бүгінде еліміздің дамуына түрлі салада өз үлестерін қосып жүр. Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық деңгейдегі төреші, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Әлия Жүсіпова, Астана медицина университетінің доценті Баян Тұрдалина, дәрігер-рентгенолог Алина Ізбасханова, Түркістан облыстық эндокринология диспансерінің бөлім меңгерушісі Роза Үмбеталиева, ҚР Парламентінің ақпараттар бөлімінің қызметкері Асқар
Әбілдаев, ҚР Әділет Министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген Асқар Үмбеталиев, өзге де азаматтар — біздің мектебіміздің мақтаныштары.

Түйін

Әрқашан қазақ тілі туралы сөз етсек, Ахмет Байтұрсын-ұлының ардақты есімі қатар айтылады. Мұхтар Әуезов «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «Халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты» деген екен.
Расында да, бүгінде еліміз Алаш ардақтыларының өмір жолын, еңбектерін жаңғыртып, насихаттауда бар күш-жігерін жұмылдырып отыр. А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының шәкірттері де ұлт ұстазының шығармаларын оқып, оны насихаттап-дәріптеуді мектебіміздің басты парызы деп біледі.

Жанар СӘРСЕНБАЕВА,
А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.