ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ: КОНЦЕПЦИЯДАН НЕ ӨЗГЕРЕДІ? Избранное

Среда, 13 Апрель 2022 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 697 раз

Биыл көктемнің басында жауған толассыз жауыннан Шымкенттегі арық-атыздар толып, салдарынан көшелерді су басқаны белгілі. Сол төтенше жағдай тұрғындарды біраз әбігерге салды. Осы ахуал қаланың ирригациялық жүйесінде болған проблеманы ашып берді. Сонымен бірге қала әкімдігінің шаһардағы арық-атыздарды тез арада бір жүйеге келтіру жөнінде жедел іс-әрекетке көшуіне түрткі болды.

159

 

Нақты мысалға келсек, өткен наурыз айының тоғызында күндіз және түнде жауған нөсерлі жаңбырдың мөлшері 1 айлық нормадан асып,
28 мм құраған еді. Ал, қалада жауын-шашынның айлық көрсеткіш 26 мм-ге тең. Су басу қаупі бар аумақтардағы жаңбыр суын сору жұмыстарын үйлестіру үшін әкімдік, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтердің мамандары енген жедел штаб іске кіріскен-ді. Сонымен бірге, әр ауданнан арнайы кезекші бригадалар да ұйымдастырылды. Мөлшерден тыс жауған жауынның салдарынан қаладағы бірқатар көшелер су астында қалып, жаңбыр суын сору жұмыстары 44 мекенжайда жүргізілді. Тіпті, ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтарды жою үшін қала әкімі Мұрат
Әйтенов аяғына резіңке етік киіп, жұмысшы топпен бірге түнде су басқан аумақтарды аралап, жағдайды өз көзімен көрді.
Ирригациялық жүйедегі олқылықтарды ескере отырып және оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында шаһар басшысының бастамасымен жұмысшы тобы құрылып, жуырда оның кезекті бір отырысы өтті. Сол жиында ирригациялық жүйені қажет ететін 150 нүктенің әрбірі зерделеніп, жан-жақты ретке келтіру тетіктері баяндалды. Су басу қаупі бар нүктелердің басым бөлігі мегаполиске жаңадан қосылған елді мекендер екендігі белгілі болды. Себебі, шет жақтағы ауылдарда ирригациялық арықтар осыған дейін мүлде қарастырылмаған. Сондай-ақ, мамандар көше бойында арықтардың болмауының бірден-бір себебі ретінде, олардың ескіргенін және жекеменшікке өтіп, соңында мүлдем іске жарамсыз болып қалғанын атайды. Ал, бұл саладағы кемшіліктердің салдарын, өкінішке қарай, көктем мен күзгі жауындарда қала тұрғындары көруде.
Жаңбыр суының жиналуы, өзендердің тасуы төтенше жаңдай қаупін тудыратынын және қалалықтардың қалыпты тіршілігіне кері әсерін тигізетінін айтқан шаһар басшысы бұл мәселенің шын мәнінде өзекті екенін мәлімдеп, ол алдағы күндері жан-жақты зерделенетінін жеткізді. Қала әкімінің айтуынша, ол үшін әуелі анықталған орындардың арнайы жобасы дайындалып, ирригациялық желіні бір жүйеге келтіру мақсатында концепция жасалу керек. Бірінші кезекте қаладағы алдын-ала анықталған, жаңбыр кезінде көлкіп кететін әрбір нүктенің техникалық құжаттары жасалып, содан соң ретке келтіру жұмыстары басталмақ. Қажетті орындарға септик, яғни су жинағыш шұңқырлар да қазылатын болады. Өз кезегінде әкім арық-атыздардың қоқыстан үнемі тазартылып отыруына да көңіл бөлу жөнінде тапсырма берді. Алдағы кезгі жұмыстар осы айтылған жоспарлар мен сын-ескертпелер бойынша жүргізілетін болады.
– Шымкент қаласына жаңбыр суларынан болатын су тасқындарынан қорғайтын біртұтас арық-атыздар жүйесі қажет. Ирригациялық жүйенің концепциясын, яғни тұжырымдамасын жасау сол үшін де маңызды. Биыл көктемнің басында болған жауын-шашыннан туындаған көшелердегі су басу жағдайлары осы арық-атыздар жүйесінің жоқтығынан немесе дұрыс жұмыс істемеуінен болды. Мәселен, Абай ауданында 112 квартал аумағы, Темірлан тас жолы мен әуежайға баратын жолдарды су басты. Әл-Фараби ауданында Республика даңғылы Колос аялдамасының маңы тасқыннан көп зардап шекті. Жаңбыр суының машақатын ең көп тартқан Қаратау ауданының тұрғындары. Әсіресе, Тұран шағынауданындағы жаңа үйлердің аулалары көлшікке айналды. Өйткені, лотоктар болғанымен, ондағы толған су арналар арқылы үлкен арықтарға ағып кетпеді. Сол лотокта жинала беріп, ақыры соңында сыртқа қарай тасыды. Қайнарбұлақ елді мекенінде де жағдай қиын болды. Тар көшелерде арық болмаған соң су жылға болып ағып, сайлы жерлерге жинала берді. Көше кең болмаса, оның бойынан арық жүйесін жүргізу қиын. Сондықтан Қайнарбұлақ елді мекеніндегі мәселені шұңқыр қазу немесе жол астынан труба өткізу арқылы шешуді қарастырып отырмыз. Жалпы ирригация жүйесін жақсарту мәселесі былтырдан бастап қолға алынды. Көктемгі нөсерлі жауын қала тіршілігіне қиындық әкелгенімен, қай жерде олқы тұстар бар екенін де көрсетіп берді. Соның арқасында су тасу аумақтары анықтау оңайға түсті. Ендігі жерде сол проблемаларды жою мақсатында жұмыстар атқаратын боламыз, - деді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Мақсат Әбдіқадыров.

171


Жалпы Қаратау ауданында су алу қаупі бар – 23, Абай ауданында – 27, Еңбекші ауданында – 52, ал Әл-Фараби ауданында 51 орын анықталып отыр. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, аудандардағы ирригациялық жүйелердің құрылысын жүргізуге тиісті қаржы қаралып, жұмыс биыл аяқталуы тиіс. Ал оның нәтижесі қандай болатыны кезекті жауынды маусымда белгілі болады.