Пятница, 10 Ноябрь 2017 05:27

Жолаушы, жолыңды біл!

жаяу жүргіншінің құқығы мен міндеті қандай?

Қалада жаяу жүргіншілердің жолды бей-берекет кесіп өтуі тиылар емес. Әдетке айналғандай. Ал кейбір жаяу жүргіншілер жолағынан өту тұрғындар үшін қауіпті болып тұр. Таяуда «Дархан» автовокзалының тұсындағы жолаушылар өткелінде келеңсіз жағдайға куә болдық. Екі баласын ерткен азаматшаны автокөлік қағып кетуге сәл қалды. Абырой болғанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі тізгінді тартып үлгерді. Жүргізуші қайда асығады, жолаушы ше?

DSC 5928

Мұндай жағдайлар көп-ақ. Бейбіт күнде жолдан өту қауіпке айналған. Оған қоса, жаяу жүргіншілердің тәртіпке бағынбай, жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіруде.
Жылдың басында Рашидов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінің маңынан кейуананы қоғамдық көлік қағып өткен еді. Ол көрініс әлі көз алдымыздан кетер емес. Асыққан жүргізуші де, аптыққан жолаушылар әлі де көп.
Ресми деректерді келтірейік. ОҚО Жергілікті полиция қызметінің 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жол қозғалысы саласында анықталған құқықбұзушылықтар мыналар: көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігіне жаяу жүргіншілердің қатысы бар. Облыс аумағында осындай 652 жол көлік оқиғалары тіркелсе: оның 77-і қаза тауып, 627 тұлға әртүрлі дене жарақатын алған.

DSC 5899

Жаңа бағдаршамдар орнатылды

Шымкент қаласының көшелерінде әр күн сайын орта есеппен 150 мың көлік жүреді. Әсіресе, балабақша мен мектептердің маңында жол кедергісін орнату және жаяу жүргіншілер жолағын сызу – өте өзекті мәселе. Әр аудан әкімдігінің халықпен есеп беру кездесулерінде бұл мәселе айтылып келеді. Жыл басында қалалық мәслихат депутаты Е. Дәрменов Ерімбетов көшесінің бойынан жол кедергісін орнату қажеттігіне назар аударған еді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев бізге қалада жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар шаралар жүзеге асқан. Мәселен, 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілері орнатылған.

 

«Біз үйреніп қалғанбыз»

Қаладағы № 35 бағыттың жүргізушісі Сәдуақас Райымбековтың пікірін білдік. Олар негізінен қаланың орталық көшелері бойынша қатынайды. Оның пайымдауынша, Байтұрсынов көшесінде жолды алаңсыз кесіп өтетіндер көп. Бұл әсіресе, «Спорт» шағынауданы, «Студенттер» және «Гарант» аялдамасының жанында көп байқалатынын айтты. Жүргізуші бізге «бұл жағдайға үйреніп қалғанбыз ғой» дейді жымия. Бұл мәселені айыппұлды көбейтіп қана шешуге болатынын айтады.
Ал такси жүргізушісі Берік Есенов те бұл тұрғыда өз ұсынысын айтты. «Халықтың мәдениетін, санасын көтермей бұл мәселені шешу қиын. Жалпы, менің ұсынысым мынадай: жол ережесін балабақша, мектептен бастап оқушылардың санасына сіңдіру керек. Мұғалім, балалармен сәлемдесіп болғаннан кейін, осы жолда жүру ережесі туралы күнделікті айтып отырса, сонда ғана, бұл мәселе тыйылар еді».
Жалпы, белгіленбеген жерден кесіп өтетіндерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Қазір қалалық ЖПҚ тарапынан, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлесе жол қауіпсіздігін сақтауда бірқатар жұмыстар атқарғанын атап өттік. Әрі қарай да жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасады.
Қала көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ол жерлерге жаяу жүргіншілер жолақтары сызылуы тиіс. Жалпы, қалада әлі де жол кедергілері, жолақтар жетіспейді. Бұл мәселе бойынша ОҚО ІІД Әкімшілік полиция тарапынан қала әкімдігі мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныстар жолдануда. Жасанды жол кедергілерін қоюдың тәртібі бар.

 

Санаға сілкініс керек

Осыдан үш жыл бұрын «18» шағынауданда да бұл мәселе өзекті болатын. Аялдама тұсынан жерүсті өткелі салынып, мәселе толық шешімін тапты. Қазір адамдардың бәрі өткелден өтуге үйренді.
Қалай десек те, жолда жүру тәртібіне бағынып, белгіленген жерден өту өзіміз үшін керек. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін әрі жүргізушілердің де тағдырына бей-жай қарамауды ойласақ. Бұл ретте адамның санасы өзгеруі тиіс емес пе?!
Жоғарыда сөз еткен «Дархан» автовокзалы тұсындағы жаяу жүргіншілер жолағы ретке келтіріледі. Н. Сүгірәлиевтың айтуынша, жол белгілерін айқын етіп көріну үшін ағаштарды кесуге қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс беріліпті.

 

Сіз не дейсіз?

IMG 20171107 100111Пернекүл КЕРІМОВА,
ата-ана:

Күнделікті ескертіп отырамын

– Мен өз перзенттерімнің қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырамын. Екі қызым бар. Бірі 4-ші, бірі 5-ші сыныптың оқушысы. Олар № 7 техникалық лицейде оқиды. Онда барлық қауіпсіздік белгілері сақталған. Мұғалімдер тарапынан үнемі айтылып, хабарлама, хаттар таратылады. Ешқандай қауіп жоқ. Бірақ балаларыма ылғи бағдаршамнан өтуге кеңес беремін. Әрі үлкен адамдармен бірге өтуін ескертіп отырамын. Жаяу жүргіншілер жолағынан өту оқушылар үшін өте қауіпті. Өйткені, үлкендердің өзі ол жерден абайлап өтеді ғой.
Бұл жағдайға тек ата-ана ғана емес, мұғалімдер де жауапкершілікпен қараса деймін. Кейде сынып жетекшісінің уақыты бола бермеуі де мүмкін. Сол себепті, көбіне үйде ата-аналардың өздері айтқаны дұрыс.

 

muratМұрат МЫРЗАҚҰЛОВ,
қала тұрғыны:

Жүргізушінің тағдырымен ойнамайық

– Жалпы, бұл – адамның мәдениетінің өлшемін аңғартатын мәселе. Қанша асығыс болып жатсаң да, тәртіпке бағынуы керек. 2-5 минут кешіксең де тәртіпке бойұсын. Осы аралықтың ішінде келеңсіз жағдай болып кетуі мүмкін. Жүргізушілердің де тағдырымен ойнамау керек. Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас.
Бұрынғыға қарағанда қазір жағдай түзелген. Қоршаулар қойылып жатыр. Кейбір адамдар өтіп кете беретіні рас. Әлі де жолақтар қойылмаған жерлер бар. Дегенмен, шалғай шағынаудандарға көптеп қойылуы керек. Жалпы, бұл мәселеде заңды қатаңдату керек деп ойлаймын.

Дерек пен дәйек

  • – көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
  • – 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілерін орнатылған.
Опубликовано в Қала
Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:29

Байқа, бейнекамера бақылап тұр!

Жедел бақылау камерасы арқылы 144 қылмыс анықталған

shymkala kz74

Шымкент қаласының жедел бақылау орталығының қызметкерлері 2016 жылы 227 қылмыстың ізін суытпай ашып, 57 565 құқықбұзушылықты тіркеген болса, 2017 жылдың 7 айында 479 сыртқы бейнекамераның көмегімен 144 қылмысты анықтаған.


Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жедел басқару камералары ең алғаш рет 2006 жылы Шымкент қаласында іске қосылған. Бастапқыда бақылау камераларының саны 15 қана болса, қазіргі таңда 479 данаға дейін жетті. Қаланың 21 қиылысында «Интегра» интелектуалды жүйесінің 237 бейнекамерасы және 100 сыртқы бейнекамераны бақылап басқаратын 14 стационарлық бекет орнатылған.

 MG 0088

Бұл құрылғылардың көмегімен құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, кешенді полиция күштерін дұрыс пайдалануға, қоғамдық орынды ластағандарды (қоқыс тастағандарды) анықтауға, арыз-хабарламаларға дер кезінде шара қолдануға, қылмыстардың «ізін суытпай ашуға» және төтенше жағдайлар кезінде туындаған жедел жағдайларда тез ақпарат алуға болады. 

Мәселен, 2017 жылдың 14 тамызында ОҚО ІІД «102» операторына 1990 жылы туылған қала тұрғынының орталық көшелерінің бірінің бойында орналасқан мейрамхана алдынан оның «Reno Logon» автокөлігін белгісіз біреулер айдап кеткенін хабарлаған. Аталған хабарлама бойынша бейнебақылау тобының қызметкерлері автокөлікті байқап, кешенді полиция күштеріне хабарлайды. Жедел шара нәтижесінде көлікті иесіне қайтарған. 

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде бейнебақылау тобының қызметкерлері қала аумағының орталық көшелерін қадағалау барысында мейрамханалардың бірінде қаруға ұқсас заты бар күдіктіні байқап, полиция экипажын жолдаған. Тексеру барысында 1993 жылы туылған жергілікті тұрғыннан «Премьер» тапаншасы тәркіленіп ҚР ҚК 287 бабымен қылмыстық іс қозғалған. 

Жедел басқару орталығында азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін бес арнайы топ жұмыс атқарады. 

 MG 0072

«102 операторлары» - қылмыстар мен құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды қабылдап, күш құралдарды басқару тобына береді. 

«Күш құралдарды басқару тобы» - қаланың кешенді күштерін оқиға орнына жіберіп, хабарламаны өңдеп, қылмысты ашуды ұйымдастырады. Полиция кешенді күштерінің әрекеттеріне мәліметтердің дұрыстығына, хабарлама бойынша дербес жауапкершілікте болады.

«Бейне бақылау тобы» - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқықбузушылықтың алдын алу мақсатында адамдардың көп жиналатын орындарын, көлік көп жүретін қиылыстар мен магистральдардағы жағдайды бақылап отыру және жедел тергеу қызметтерімен ақпарат алмасады. Бейнекамералар арқылы іздеу жұмыстарын жүргізіп, белгілі болған қылмыстарға уақытылы ден қоюға жауапкершілікте болады.

«Навигатор тобы» - Полиция кешенді күштерін қызметке шығуын, автопатрульдердің қызмет етуін жоспарлап ұйымдастырады және нарядтар туралы ақпараттарға жауапты.

 MG 0050

«Кезекші бөлім» - кезекші ауысымға жалпы басшылық жасау, жедел жағдайды бақылау, түскен хабарламалар бойынша ден қойып, кезекші тәулікте қылмыстың жай күйін сипаттайтын аналитикалық есептерді қалыптастырады. Қала, аудандардың кезекші бөлімдерінің жұмыстарын ұйымдастыра отырып, ауыр қылмыстар мен төтенше жағдайлар бойынша тиісті орындарға мәліметтер жібереді. 

Жедел басқару орталығы ОҚО Ішкі істер департаменті ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосу» жөніндегі стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Үкіметтің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы аясында іске қосылған. 

Ішкі істер органдарын заманауи байланыс құралдары мен техникалық жабдықтандыру, бірыңғай интегралды деректер қорын құру үшін департамент басшылығы облыс әкімшілігінің қолдауымен 2009 жылы 20, 2010 жылы 30, 2011 жылы 63 дана, 2012 жылы 100 дана цифрлық камера және 2014-2015 жылдары 16 дана камера орнатылды. 2015 жылдың аяғында 242 сыртқы бейнебақылау камерасы, 2016 жылы қосымша 186 дана цифрлық бейнекамерасы іске қосылды. Бүгінгі таңда олардың саны 479 дананы құрайды.

Опубликовано в Әлеумет

Облыста жергілік полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп келеді. Мұның бәрі де азаматтардың құқықтарын қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қызметкерлеріне қолдау. Әкімшілік іскерлік орталықтың алаңында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Ж. Түймебаев жергілікті полиция қызметкерлеріне 143 қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды.

– Елбасының бастамасымен құрылған жергілікті полиция қызметіне халықтың артар сенімі мол. Жергілікті атқарушы билік пен полицияға ортақ міндеттер қойылып, көптеген жобалар бірлесіп іске асырылуда. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқасүйері, әрі әділеттің жаршысы болып келе жатырсыздар. Алдағы уақытта облыс тұрғындарының құқықтарын қорғап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға барлық күш-жігер жұмсайды деп сенемін, – деді облыс әкімі. 

Тәртіп сақшылары «JAS S5» және LADA 21214-Нива» маркалы темір тұлпарларды азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтау мақсатында, қылмыстарды ашу, құқықбұзушыларды ұстау және облыс орталығы мен аудандарда көшелерді патрульдеу мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында пайдаланады. Жалпы, аталған көліктер облыс әкімдігі тарапынан жергілікті полицияның материалдық-техникалық жағдайын нығайтуға қаралған 2,5 млрд теңгеге алынып отыр. 

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда жалпы құқықбұзушылық 16 пайызға кеміген. Аса ауыр қылмыс 4, ауыр қылмыстар 15,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар 23 пайызға кеміп отыр. 

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта сала қызметкерлерінің жұмыс сапасы одан әрі артатынына сенім білдірді.

Опубликовано в Қала
Четверг, 10 Август 2017 17:58

Апаттың алдын алу пысықталды

Азаматтық қорғаныс заңына және Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес Тыныбаев көшесі №49 мекен-жайда орналасқан Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ғимаратында «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер» атты сейсмикалық жаттығу өтті.

Оқу-жаттығу барысында ғимарат ішінде қалған 216 адам қауіпсіз аймаққа шығарылып, ғимараттағы алдындағы өрт сөндірілді. Сондай-ақ, 3 адамға алғашқы медециналық көмек көрсетіліп, ауруғанаға жеткізілді. Ғимарат алдында жиналған халық арасындағы 23 адам қоғамдық көлікпен тиісті мекемеге жөнелтілді.

– Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты сейсмикалық апаттар кезінде азаматтарға тез арада қауіпсіздік шараларын көру үшін, оларға ең оңай тәсілдерді үйрету. Шара жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Жыл басында белгіленген жоспар бойынша, аудан әкімдіктері, мекемелер, білім нысандарында сейсмо оқу-жаттығулар өткізу бекітілген, – дейді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Рауан Өсербаев.

Опубликовано в Қоғам

Жақында ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабындағы бірқатар көшелерге 16 бейнебақылау камерасы орнатылды. «Қайнарбұлақта» 42 алап (массив), 213 көше бар. Жазғы маусымда 8 762 үйден 53 245 тұрғын тіркелсе, қысқы маусымда олардың саны 32 570-ке азаяды. Бұдан өзге «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында 3 дәріхана, 51 сауда дүкені, 2 шіркеу мен 1 орталық базар және 1 мектеп жұмыс істейді. Аталған аумақ тәртібін Қаратау полиция бөліміне қарасты №54 учаскелік полиция пункті бақылайды.

20170728 105108

Тәртіп сақшысына артылар жауапкершілік көп

Ғабит Патшаханұлының айтуынша, аудандағы құқық бұзушылық оқиғаның жартысынан көбі бір ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында тіркеледі.

– Бұл көрсеткіш көңілді көншітпей тұр. Құқық бұзушылықтың жиі орын алатын себебі, мұнда бұрынғы саяжай әлі де демалушылар үшін қызмет етуде. Демалуға 1-2 күнге ғана келетін адамдар көбіне тазалық тұрмақ, тәртіпті де сақтамайды. Спирттік ішімдік ішіп, бір-бірімен қақтығысып қалады. Жол жүру ережесін ескермейтін жүргізушілердің үстінен тұрғындар жиі шағымданады. Екіншіден, «Қайнарбұлақта» тұрғындар саны басқа шағынаудандарға қарағанда 3-4 есе көп. Үшіншіден, қаланың шетінде орналасқан, – дейді аудан әкімі.

Қылмыс жиі орын алатын аймақтағы жағдайды жан-жақты саралаған Ғ. Мәуленқұлов мәселені қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың назарына ұсынған.

 

Маңызды мәжіліс, нәтижелі жұмыс

«Қайнарбұлақ» тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықты жою, инфрақұрылым салаларын дамыту және басқа да өзекті мәселелердің шешімін табу мақсатында жыл басында мәжіліс өтіп, хаттама толтырылған. 

Ғ.Әбдірахымов төрағалық еткен алқалы жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қалалық құрылымдық бөлім басшылары мен қалалық және аудандық Жергілікті полиция қызметі, Қаратау ауданы прокуроры қатысып, нақты тапсырмалар алған. 

Қала басшысы міндеттеген шаруалар хаттама негізінде 6 айда аяқталуы тиіс болса, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Р.Аюпов оның бірқатарын атап өтті.

– «Қайнарбұлақ» тұрғындары енді коммуналдық қызмет төлемдерін төлеу үшін орталыққа келіп әуреленбейді. Олар үшін төлем қабылдайтын 7 терминал орнатылды. Сондай-ақ, «Қазпочта» АҚ басшысының келісімімен почта бөлімшесі ашылып, бүгінгі таңда саяжай тұрғындарына қызмет етуде, – дейді Рашид Абатуллаұлы.

Ғ.Әбдірахымов «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы және саяжайындағы жер телімдері мен үйлердің құжаттары заңдастырылуын, тұрғындардың тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркеуге алынуын орынбасары Н.Көшеров, құрылымдық бөлім басшылары Қ.Сайлауов, Н. Архабаевқа тапсырған. Бұл бағытта бүгінде тұрғындар тұрақты мекенжайы бойынша тіркеуге алынып, 96 үйдің құжаты заңдастырылды. 

20170728 112543

№83 жалпы орта мектептің де құжаты рәсімделді. Аудан әкімі Ғ. Мәуленқұлов осы орайда тұрғындарды қуантатын бір жаңалығымен бөлісті.

– Биыл қайнарбұлақтықтар үшін тағы бір жаңа мектеп пайдалануға беріледі. 1200 орындық білім ошағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жақында бұл аумақтан дәрігерлік амбулаторияны ашу жоспарланды. Қала орталығына қатынайтын қоғамдық көлік тұрғындардың жол жүруін жеңілдетті. Сондай-ақ, тұрғын алапта 7 аялдама, 2 бағдаршам орнатылды. Жол салу, шағал тас төсеу, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол құрылысы мен сапалы жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жалғаса бермек. Біз Ғабидолла Рахматоллаұлы міндеттеген тапсырмаларды 100% орындадық – дейді ол.

 

Сапалы бейнекамералар – сақтық кепілі

Мәжілісте «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы аясында қалалық ЖПҚ басшысы Д.Мейірхан мен Қаратау аудандық ЖПҚ басшысы С.Жұмановқа негізгі міндеттер жүктелді.

– «Қайнарбұлақ» саяжайы мен тұрғын алабында алдағы уақытта құқық бұзушылықты азайту үшін қала әкімінің тапсырмасына сәйкес учаскелік полиция инспекторларын 2 есеге арттырдық. Бүгінде 13 полиция инспекторы бар №54 учаскелік полиция бекеті Бақытжан Малдыбаевтың басшылығымен тәулік бойы қызмет етеді. Кешкі кезекшілікте 2 мамандандырылған көлік бар. Сондай-ақ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Талғат Әмірбековтың демеушілігімен 16 бейнебақылау камерасы орнатылды, – дейді Сейдалы Оразалыұлы.

20170728 113003

Кәсіпкер өзін сайлаған аумақтың жағдайына бей жай қарамайтынын тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадамымен дәлелдей алды.

– «Қайнарбұлақтағы» құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында орнатылған 16 бейнебақылау камераларының мүмкіндігі зор. Күндіз-түні және ауа рауының кез келген құбылысында көріністі анық жазып алады. Бұл камералар дыбысты да жазып алады. Ал жазбалардың орталық видеосервері 8 шақырымға дейін Wi-Fi қызметін де атқарады. Сондай-ақ, осы орталық жүйесіне тағы 200-ден астам бейнебақылау камерасын жалғауға болады, – дейді халық қалаулысы.

Бұл жекеменшік тұрғын үйлер орналасқан шағынаудандарда орнатылған алғашқы бейнебақылау камералары. Бұған дейін мұндай бақылау камералары көпқабатты үйлердің ауласы мен қаланың орталық көшелерінде ғана болған. Қаратау ауданының әкімі Ғ. Мәуленқұлов пен қалалық мәслихат депутаты Т.Әмірбеков алдағы уақытта тағы 30 бейнебақылау камерасын орнатуды ойластыратынын атап өтті. Бір ғана «Қайнарбұлақ» тұрғын алабымен шектелмей, көрші шағынаудандарды да бақылау мүмкіндігін қарастырмақ. 

Тұрғындар атынан ризашылығын білдіре келген Айман Арысбаева қазірдің өзінде тәртіп сақтауда едәуір айырмашылық байқалатынын айтты.

– Көшемізге жаңа асфальт төселгеннен кейін көлік тізгінінде отырғандар жылдамдықты асыра айдайтын. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы да жиі қайталанды. Ал көшелерге камера орнатқалы көліктер шектеулі жылдамдықтан асырмайтын болды. Тағы бір оқиға жуырда біздің саяжайға демалуға келген жастар арасында орын алды. 2-3 минутта полиция қызметкерлері арнайы көліктерімен жетіп келіп, бұзақылықты тоқтатты, – дейді «Қайнарбұлақ» саяжайының тұрғыны.

Бүгінгі таңда «Қайнарбұлақ» саяжайы мен тұрғын алабын қауіпсіз аймаққа айналдыру барысында атқарылған жұмыстар оң нәтижесін бере бастады.

Опубликовано в Қала

Шымкентте көпқабатты үйлерді сейсмонығайту жұмыстары кестеге сай жүруде. Қазіргі таңда көнерген үйлерді жөндеу  басталып кетті. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, биыл қалада сейсмонығайту жұмыстары 7 үйде жүргізілмек.


Бұл мақсатта қазынадан 723 млн теңге қаржы бөлінген. Қазір Бауыржан Момышұлы даңғылындағы екі үйде құрылыс қарқын алған. Олардың қасбеттері жаңаланып, шатыры ауыстырылады, қабырғалары бекітіледі. Жалпы, 7 үйдегі құрылыс жұмыстарын 6 мердігер мекеме атқарады деп жоспарлануда. Айта кетейік, аталған жөндеу жұмыстарына көпқабатты үйдегі тұрғындардан қаржы жиналмаған. Құрылыс жергілікті бюджет тарапынан жүзеге асуда.

Еске сала кетсек, бұл 7 тұрғын үйден бөлек қаладағы 90 көпқабатты үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазір онда сейсмикалық зерттеу жұмыстары басталды.

Опубликовано в Қала

суға түсудің ережесін сақтаңыз

DSC 2262

Ала-бөтен сәндігің,
Мамыр-майым шуақты.
Табиғаттың дәл бүгін
Туған күні сияқты.
Әрі сұлу, әрі игі
Мамыр-майым шуақты:
Он бір ұлы бар үйдің
Жалғыз қызы сияқты!» – деп Қадыр ақын Мырза Әлі жырлағандай жаз келсе мәз болатынымыз бар. Мына сұлу табиғат, піскен жеміс-жидек, күннің көзіне жылынған су көңілді көтермей қоймасы анық. Әсіресе, табиғаты ерекше Оңтүстік өңірінде жаз маусымы ертерек басталып, ұзаққа созылады.

 

DSC 1940-2

ЖҮЗУ – САЛАУАТТЫ ӨМІРДІҢ САЛТЫ

Күн ысыған сайын суға түсу жиілеп, Оңтүстік тұрғындары шомылу маусымын бастап жіберді. Осыған орай Шымкент қаласының төтенше жағдайлар жөнiндегi басқармасы суға түсу тәртібін қатаң сақтауды ескертуде. Басқарманың жетекші маманы Лаура Мұхаммеджан демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісі басталғанын айтты.
– Таза ауада тынығып, ыстық күнде суда жүзгенге не жетсін?! Жүзу – демалыстың бір түрі ғана емес, салауатты өмір салтына жататын спорт. Бұлшық еттердің жұмысын жақсартып, қан айналу жүйесін қалыпқа келтіреді. Сондықтан суға түсуге тыйым салынбайды. Керісінше, ережені жатқа біліп, суға түсу тәртібін сақтауға, дұрыс жүзуге шақырамыз, – дейді ол.

DSC 1940-3

ҚАУІП БАР...

Жергiлiктi үкiметтiң тұрғындарға жасап жатқан үгіт-насихат, үндеулерiне қарамастан, шомылу кезiндегi адам шығыны туралы қайғылы хабарлар әлi де тіркелуде. Өкініштісі сол, оқиғадан жапа шеккендердің жартысы кәмелетке толмаған жастағы балалар. Лаура Мұхаммеджанның берген мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы Шымкент қаласында суға тұншығу салдарынан 7 адам қаза тапқан. Ал биылғы жылы мамыр айы басталғаннан-ақ суға тұншығуға байланысты 2 оқиға тіркелді. Қайғылы жағдайдың бірі «Жаңаталап» елдімекенінде, екіншісі «Сәуле» шағынауданында болған.
– Балалар әрдайым ата-анасының назарынан тыс қалмауы тиіс. Таяуда оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталмақ. Осы кезеңде мейлінше балаларды бақылаусыз қалдырудан аулақ болайық. Қайғылы оқиғалар көлдің, каналдың, бассейннің саяз жерінде де болуы әбден мүмкін, – дейді мамандар.
Сондықтан мейлінше балаға абай болу қажет. Олармен серуенге шыққанда көзден тасада назардан тыс қалдырмай, керісінше, білмегенін үйретіп, табиғат аясында тынығудың мәдениетін үйрету қажет.

IMG 4430

ЕРЕЖЕ – СӘТТІ ДЕМАЛЫСТЫҢ КЕПІЛІ

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы Қанат Багияров демалушыларға бекітілген суға түсу ережесін қатаң сақтауды ескертті.
– Тыйым салынған жерлерге (шомылуға) суға түсуге, жүзіп бара жатқан қайықтарға жақындауға, қоршау белгiсiнен тыс жүзуге, таныс емес орындарда суға сүңгуге, шомылып жүрген балаларды бақылаусыз қалдыруға, су көпiрлерінен, тоғандардан, айлақтардан, қайықтардан секiруге болмайды. Тыйым салынады. Шаршап, күн астында ұзақ жүргенде, ашығып, шөлдеп немесе қандайда бір аурудан жаңа айыққан сәтте, спирттік ішімдік ішкен кездерде суға түсудің қажеті жоқ. Егер суға түсуде осы ереже сақталса, біз қайғылы жағдайларға куә болмас едік – дейді Қ. Багияров.
Дегенмен сап-сау жүрген адамдар да суға түскенде оқыс оқиғаға тап болатыны бар. Сіңірі тартылып қалған адам жүзе алмай қалады. Мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға ұласпауы үшін мейлінше жағажайдан алыстамаған дұрыс. Сондай-ақ, сақтық шараларын да ұмытпау керек дейді Л.Мұхамеджан.
– Күтпеген жерден сiңiрдің тартылып қалуы мүмкін, сондықтан әр адам мынаны білуі тиіс. Саусақ сіңірі тартылған жағдайда жылдам әрi күштеп жұдырық түйіп, қолдарды жан-жаққа кенет лақтырғандай қимыл жасап, сосын жұдырықты ашып тағы бірнеше рет солай қайталау қажет. Балтыр, аяқтағы сіңір тартылғанда табаннан ұстап, аяқты өзiне қарай күштеп тарту керек. Ал жамбас пен сандағы сіңір тартылғанда аяқты сырт жағына қарай айналдырып, өкшені жамбас тұсына қарай тартқан дұрыс, – дейді жетекші маман.
Қала тұрғындары үшін «Бадам», «Тоғыс» және «Қошқар ата» өзені бойында төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың құтқарушылар жасағы қызмет етеді. Ал демалысын шетел жағажайларында өткізетіндер тері ауруларына қарсы тұратын күтім мен судағы қауіпті жәндіктерден қорғанатын амалдарды алдын ала ойластырғаны жөн.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 19 Апрель 2017 11:54

Тұрғындарға тиімді қызмет

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық операциялық бөлімінің басшысы бір күнге инспектор болды.

IMG 3885

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының барлық басшы құрамы «Дублер күніне» қатысты. Аталған бөлім басшысы Нұрдәулет Диханбаев орталыққа келген азаматтарды өзі қарсы алып, құжаттарын қабылдап, керек кеңестерін берді. Сондай-ақ 15-ке жуық келушілерге мемлекеттен көрсетілетін қызметтер жөнінде кеңінен түсіндірді.

Нұрдәулет Мақсұтұлының айтуынша, «Дублер күні» бүкіл Қазақстан бойынша ХҚКО бөлімдерінде, әлеуметтік төлемдердің есеп айырысу орталықтарында және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменттерінде жүргізілуде. 

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына бір жыл және біз бұл күнді қызметкерлерімізбен бірге өткізуді шештік. Бұл бізге халықтан кері байланыс алуға және клиенттердің артықшылықтарын көбірек білуге мүмкіндік береді, – дейді Н. Диханбаев.

Айта кетейік, мемлекеттік корпорация 4 мекемеден құрылған. Оның құрамына халыққа қызмет көрсету орталығы, зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық, жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы кірген, ол мемлекеттік корпорацияның тек фронт-офистерінің жұмысын ғана емес, оның бэк-офистерінің жұмыстарын зерттеуге, соның ішінде зейнетақы, декреттік төлем, жер учаскілерінің өлшеулерін, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру және т.б. жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік корпорацияның 546 мемлекеттік қызметті көрсететін 349 фронт-офисі жұмыс істейді. Өзінің бір жыл жұмысы ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 37 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Опубликовано в Әлеумет

Жуырда қала тұрғыны Н. есімді азамат «Тассай» шағынауданының Ш. Уәлиханов көшесінің бойында темекі қалдығын белгіленбеген орынға тастағаны үшін сот қаулысымен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Сондай-ақ, А. деген азамат сағыз қалдығын жерге тастағаны үшін 3 тәулік бойы әкімшілік қамау жазасын өтеуіне тура келді.

qauipsiz qala 27

Оң нәтижесін берген «Нөлдік төзімділік» қағидасының бүгінгі бағдары шынында ел азаматтарының күнделікті өміріне айтарлықтай өзгеріс енгізді. Тұрғындар арасында «қала тазалығы», «ішкі мәдениет» жөніндегі ұғымдар қалыптасты. Өркениетті елдердің дәстүрінде бар тазалық мәселесі өз айналамызда жарқын көрініс берді. Тіпті, темекі тұқылын да белгіленбеген орындарға тастау – ұсақ құқықбұзушылыққа баланады. Қомақты көлемде айыппұлдар салынып, әкімшілік қамау жазасы белгіленеді. Өз кезегінде, бұл қағида осы қысқа мерзімде нәтижелігін көрсетуде. 

«Нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері қала аумағындағы орта мектептер мен колледж ғимараттарында кездесулер өткізуде. Тек, Абай ауданы аумағы бойынша ақпан айының 20-сы мен наурыз айының 7-жұлдызы аралығында 33 мектепте 4 мыңға жуық жасөспіріммен кездесу ұйымдастырылған. Онда «Құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Қоғамда ұсақ құқықбұзушылықтарға, бұзақылыққа және мәдениетсіздікке «Нөлдік төзімділік» атмосферасын қалыптастыру мақсатында облыс аумағында учаскелік полиция бекеттері жанынан 254 қоғамдық кеңес құрылған, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Мұсабек Зұлпыхаров. – Бекітілген жүйелі кестеге сәйкес, насихаттық топ өткен жылы облыс тұрғындарымен 1300-ге таяу кездесу ұйымдастырды. Әсіресе, жасөспірімдерге құқықбұзушылықты жасамас бұрын оның зардаптары мен жауапкершілігі туралы ойлану керектігі түсіндіріледі. 

Аталған кездесулерде кәмелетке толмағандар арасындағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық түсінігі, құқықбұзушылық үшін жауапкершілік, кәмелетке толмағандар үшін ата-аналарының жауапкершілігі және оның алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Айта кетейік, өткен жылы Абай ауданы бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 818 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 264-не әкімшілік айыппұл салынса, 554-і қамауға алынған.

Ұсақ бұзақылық санатындағы әкімшілік істерге қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады.

anyqtama 1 27ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі Стратегиялық Жоспарында белгіленген ауқымды міндеттерінің аясында тұрғындардың ішкі мәдениетін қалыптастыруға мейлінше ден қойылған. Бұл жөнінде Елбасы: «Біз тіпті ұсақ-түйек құқықбұзушылықтарға, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке төзбеуге тиіспіз. Себебі, бұл қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді» – деп атап өткен болатын. Оның негізгі мәні, әр адам қоғам тыныштығын сақтауды өзінен бастағаны жөн. 

Демек, «нөлдік төзімділік» – адамдардың ұқыптылығы мен ішкі мәдениетін қалыптастыруға үндейді. Яғни, еліміздің әр азаматы кез келген құқықбұзушылыққа жайбарақат қарамауы керек. Бар мәселені тек құқық қорғаушы органдарға жүктеп қоюға болмайды. Елдегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін баршамыз жауаптымыз. Кез келген тәртіпсіздіктің алдын алу – борыш екендігі ел азаматтарының санасына сіңірілуі тиіс. 

Осы бағытта облыстық прокуратураның бастамасымен «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асып келеді. Тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған тұрғындарды анықтау үшін аулалар мен көше бойларына 242 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Нәтижесі де көңілге қонады. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында облыс орталығында ұсақ құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 224 азамат жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып отырған «WhatsАpp» желісі де өз тиімділігін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша қала әкімдігінің «WhatsApp» желісіне қала тұрғындарының тарапынан 5475 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1258 азамат қала тазалығы және абаттандыру жұмыстары бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіпті.

Опубликовано в Қоғам

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың негізі – тәртіпке байланысты. Заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, Елбасының 5 институционалды реформасын орындау бағытындағы 100 нақты қадамында ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидалары атап көрсетілген.

273b4e165999732d41b4aca89a17622def6

Бүгінде облыс прокуратурасы қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасын ұсынуда. Аталған жоба жүзеге асқанда қаладағы қылмыс санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін мегаполис болып табылатын Астана қаласында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Шымкентте жалпы тіркелген қылмыстардың ішіндегі ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 70 пайызды, ал орта дәрежедегі қылмыстардың ашылуы 23 пайызды құрады. Осы жоба шеңберінде жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 20-дан астам іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта қылмысты төмендету мақсатында Шымкент қаласының аумағы толығымен бейнекамералармен жабдықталмақ. Соңғы 3 жылда жергілікті полиция қызметкерлері 350 автокөлікпен қамтамасыз етіліпті.
Шымкенттегі жергілікті полиция қызметіне 1313 штаттық бірлік берілген. Бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау басты міндет ретінде белгіленген. Ол үшін қажетті жағдайлар да қарастырылған. Бұл қатарда биыл 5 эвакуатор алынған. Бақылау камералары да орнатылуда. Түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Шымкент қаласындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде 249 бейнеқұрылғы жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 302 бейнебақылау камералары орнатылмақ. Сондай-ақ, қаланың қозғалысы қарқынды 11 көше қиылысы интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Кең ауқымды қамтыған шаралар өз нәтижесін де беріп отыр.
– Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Шымкентте барлығы 23 681 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тәртіп бұзушылар тиісті жазаға тартылған. Жалпы көлемі 72 миллион 366 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 33 миллион 600 мың теңгесі өндірілген, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғабит Жандарбеков.

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты

20160902-WED 5443

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің сағат кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – олардың ата-аналарына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына әкеп соғады. Осыған сәйкес, мамандар қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналар қауымын балаларының әрекеттерін қатаң бақылауға алуды ескертеді. Жыл басынан бері осы қағиданы назардан тыс қалдырған 2169 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылғанын да атай кеткен жөн.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясындағы «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» іс-шарасы жыл соңына дейін жалғасын табады. Бұдан бөлек, жыл бойы «Жасөспірім», «Заң және құқық», «Абайлаңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметі бақылау сапасын арттыру бағытында «Көршілер бақылауы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда, қала аумағында биыл кәмелетке толмағандар қолымен жасалған 131 қылмыс дерегі тіркелгенін айта кеткен жөн. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 32,8 пайызға кеміген.
Бала тәрбиесі – отбасы, мектеп, қоғамның ынтымақтастығымен ғана оңды нәтиже береді. Сол себептен де, бүгінде қалалық білім беру бөлімі де кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың жайын үнемі бақылауда ұстап, құқықтық насихаттау жұмысын белсенді түрде жүргізіп келеді.

Нашақорлық – қоғам дерті

bebbbҚазір бүкіл әлем елдері нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Себебі, нашақорлық індетінің адамзат баласына әкелетін кесапаты үлкен, зардабы өлшеусіз. Сол себепті де, қазақ елі есірткіге қарсы заңнамасын барынша күшейтті. Құқық қорғау органдарының алдына есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес аса маңызды міндет ретінде қойылды.
Статистика деректеріне сүйенсек, әлем бойынша екі жүз миллионнан астам нашақор бар. Бұл қатарда, біздің елдегі есірткі тұтынатындар саны 55 мыңнан асып жығылады екен.
Көптеген жасөспірімдердің есірткіге үйір болу себебі, достарынан ерекшеленбеу үшін немесе олардың алдында өз беделін көтеру үшін шегуден басталады. Жастар арасындағы нашақорлықтың өршуіне жастардың өмірлік қиыншылықтарды жеңе алмауын да жатқызуға болады. Наркологиялық диспансер мамандарының айтуынша, есірткі – уақытша психикалық қысымды төмендетеді. Өкінішке қарай, алғашқыда жастар оның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ойламайды. Олар нашақорлықтан кез келген уақытта еш қиындықсыз бас тарта алатындарына сенеді. Бірақ нашадан психикалық және физикалық тәуелділік пайда болғаннан кейін бұл шешім кейінге шегеріле береді.
Психикалық тәуелділік тез арада пайда болады, кей жағдайда ол есірткіні тіпті бір ғана рет пайдаланғаннан кейін де пайда болады. Адамның миы есірткіні қабылдағанда пайда болатын ләззат сезімін есінде сақтап қалады да, бұл сезімнің қайталануын талап етеді. Сол себептен есірткіге үйренген адам бастапқыда пайда болған сезімді күшейту үшін оның мөлшерін күн өткен сайын көбейтуге мәжбүр болады. Кей жағдайда есірткінің мөлшерін шамадан тыс асыру мезгілсіз өлімге әкеліп соқтырады.
Сала мамандарының берген мәліметінше, биыл қала аумағында есірткімен байланысты 142 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ, есірткіге әуестігі бар 119 адам есепке алыныпты.
Қаладағы криминагенді ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті полиция қызметі тарапынан әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында барлығы 17 438 қылмыс дерегі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 2,3 пайызға өскен. Дегенмен, кісі өлімі 25 пайызға, бұрын сотты болғандар қолымен қайтара жасалған қылмыс дерегі 20 пайызға төмендегені байқалады.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2