Жерлестерiмiз жеңiс тұғырынан көрiндi

Вторник, 01 Сентябрь 2015 11:27 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6560 раз

jerlesterimiz jenis 35Шымкентте ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде қазақтың ұлттық ойыны – жамбы атудан арнайы бөлім ашылды.

Жамбы ату спортын дамыту мақсатында биыл алғаш рет республика деңгейінде ауқымды шаралар қолға алынып, ел біріншіліктері ұйымдастырылуда. Ұлттық спорттың мәртебесін айшықтауды көздеген бұл жобаға лайықты үн қатқан шымкенттік мамандар білікті шәкірттерді тәрбиелеу ісіне мейлінше көңіл бөліп отыр. Бұл үшін Алматы қаласынан қос бірдей жаттықтырушы арнайы шақыртылыпты. Аталмыш спорт түрі бойынша іріктеуден өткен 20 жасөспірім қазіргі таңда біліктілігін жетілдіріп, алдағы өтетін додаларға қызу дайындық үстінде.
Әрине, қолға алынған жұмыстардың нәтижесі де әзірге көңіл қуантады. Жуырда ғана Орал қаласында
жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 17 жасар шымкенттік спортшы Айтбек Сарыбай жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінсе, жастар арасында тағы бір жерлесіміз Айкөз Ералхан үздік деп танылды.
– Жамбы ату спорты ерекше әбжілдікті, табандылықты, мейлінше сабырлы болуды талап етеді. Қазіргі таңда қазақтың осы бір ұлттық спорт ойынымен әлемнің 24 елінде шәкірттер тәрбиеленуде. Демек, аталмыш спортқа қызығушылық артып келеді, – дейді  «Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры Ғани Ахметбаев.
Жамбы ату – жігіттің мергендігін сынға салатын дәстүрлі ойын түрі. Бұл ойында жігіт ат үстінде екпіндете шауып келе жатып, шабыс қарқынын бәсеңдетпестен қолындағы садағымен нысананы көздейді. Нысана бақан үстіне орнатылады. Нысана орнына алтын, күміс және тағы да басқа бағалы құнды заттар қойылған. Нысанаға қойылған бағалы зат кім көздеп, дәл тигізсе, соған бұйырған. Жамбы атудың өзі әуел баста мергендікті шыңдау үшін пайда болған деседі. Жаугершілік заманда ғұмыры ат үстінде өткен көшпенді халық үшін мергендердің рөлі жоғары болған. Ел арасындағы құралайды көзге атқан сұрмергендерді табу үшін де жамбы ату жиі-жиі ұйымдастырылып отырған.

Ж. КОЛХОЗОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.