Әлияның арманы

Пятница, 12 Февраль 2016 05:58 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5608 раз

Шымкентте теңдесі жоқ көркем гимнастика кешені бар

Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында елімізде теңдесі жоқ көркем гимнастика спорт кешені бар. Бүгінде онда 200-ден астам гимнастшы қыздар тәлім алуда. Оларға өзге де шебер жаттықтырушылармен қатар, көркем гимнастикадан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Әлия Юсупова гимнастиканың қыр-сырын үйретіп жүр. Қазіргі уақытта оның жұмыс кестесі тығыз. Өйткені, ол шәкірттерін биыл жазда Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық ойындарға дайындап жатыр. Әйтсе де, бізбен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөлісуге және жаңа ғимаратпен таныстыруға қуана келісті.


Көркем гимнастикаға қызығушылар көп

maxresdefaultҚазір көркем гимнастикамен шұғылданғысы келетіндер үшін бар жағдай жасалған. Жаңа ғимараттағы залдың іші кең, жылы әрі жайлы. Заманауи спорт кешенінде қыздар лентаны ұршықша үйіріп, шығыршықты дөңгелете жөнеледі. Тіпті, 4-5 жастағылар үшін де гимнастикалық «мостик» жасау немесе «шпагатқа» отыру оп-оңай шаруа. Жаттықтырушысының сөзін екі етпей, әрбір қимылын қалт жібермеуге тырысады. 11 жастағы Аружан Алпамысоваға
спорттың осы түрінің ұнайтындығы соншалықты, үйінде кішкентай кезінен гимнастиканың жеңіл түрлерін жасай бастаған. Мұны байқаған әжесі көп ойланбастан немересін алты жасында гимнастикаға жетелеп әкелген. Аружанның айтуынша, топтасып өнер көрсету қиын. Бір мезетте қыздардың бірдей қимылдауы оңай емес. Мұндайда жаттығуды қайта бастауға тура келеді екен. Десек те, гимнастшы қыздар талдың жас шыбығындай оңай иіліп тұр. Қарасаңыз әуесіңіз келеді!
Әлия Юсупова мұндай керемет спорт кешені туралы бұрыннан армандап келді. Өйткені, өзі суық әрі тар залда жаттығып, болашақта мұндай мәселе болмаса деп тілеген еді. Қазір оның арманы орындалды. Біз барғанда қыздарға гимнастиканың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп жатыр екен. Қазақстанның бас жаттықтырушысы осындай ғимараттың бой көтеруіне облысымыздың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов ықпал еткенін айтады.
– Осыдан 4 жыл бұрын Асқар Исабекұлының қабылдауында болып, «Шымкентте көркем гимнастика залын ашсақ қалай болады?» деген едім. Сол кезде облыс әкімі ұсынысымды қолдап, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында спорт кешенін салу жоспарланып отырғанын айтты. Спорт кешенінің құрылысы жылдам аяқталып, пайдалануға берілді. Жобалау кезінде сәулетшілерден жаттығу залдарының қыста жылы, ал жазда салқын және қабырғаларының биік болуын өтіндім. Өйткені, бұл үлкен мәселе. Астанадан бөлек, өзге қалалардағы гимнастика залдары өте суық және біздегідей қабырғалары биік емес. Қыздар жұқа киіммен жаттығатындықтан, олардың денсаулығына зиянын тигізеді. Ал қабырғаларға келер болсақ, жарыстар өткізу үшін талап бойынша, оның биіктігі 17 метр болуы тиіс. Біздегі спорт кешенінде төрт жаттығу залы бар. Олардың қабырғаларының биіктігі 8, 15 және екеуі 17 метрді құрайды. Бізге Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Астана және Алматыдан спортшылар жаттығу үшін келді. Оларға ыңғайлы болу үшін қонақүй кешені де бой көтерген. Мен Мәскеуде жаттыққан кезде дәл осындай жағдай жасалған еді. Бақытымызға орай, шымкенттіктер үшін де заманауи спорт кешені салынды. Мұнда буфет, медпункт, киім ауыстыру бөлмесі, бассейн, сауна, джакузи секілді спортшының толыққанды жаттығуына зор мүмкіндік бар. Ғимарат біздің көңілімізден шықты, – дейді Ә. Мақсұтқызы.

Үздiк болу үшiн...

DSC 0731Көркем гимнастикаға қыздар 5-6 жастан бастап қабылданады. Іріктеу қатаң түрде өтеді. Спорттың бұл түріне ықылас білдіргендер көп. Әсіресе, ата-аналар қыздарынан мол үміт күтеді. Қабілеті барын да, жоғын да әкеліп, балаларды әуреге салатындар да жоқ емес.
– Біз ең алдымен жас балғындардың дене бітіміне, «мостик» пен «шпагат» жасай алатынына және иілгіштігіне назар аударамыз. Егер баланың бойында көркем гимнастиканың алғышарттары жоқ болса, оны шаршатып қайтеді? Әсіресе, толық қыздарды көп әкеледі. Олар гимнастиканың бір-екі жаттығуын жасай алғанымен, ертең кәсіби шеберлігі өспейді. Уақытын жоғалтпас үшін оларға спорттың өзге түрімен шұғылдануына кеңес береміз. Ал кейбіреулері жаттығудың қиындығына шыдай алмай кетіп қалады. Әрине, күн сайын үш сағаттан жаттығудың оңай соқпасы анық. Кейде ата–аналар қызын бүгін әкеліп, ертең чемпион болып шығуын қалайды,– дейді Ә.Юсупова.

Оңтүстiктiң мақтаныштары

Айта кету керек, Әлия Юсупова үлкен спортпен қоштасқан кезде, Ресей жаттықтырушысы, талай чемпиондарды дайындап шығарған әйгілі Ирина Винерден Мәскеуге шақырту алған. Алайда, ол бұл ұсыныстан бас тартып, өзінің туған қаласында көркем гимнастиканы дамытуды қош көреді. Қазір осы мақсатты тірек етіп, чемпиондарды тәрбиелеу үшін аянбай тер төгуде. Әлияның жаттықтырушысы Екатерина
Панченко да шәкіртінің осы қасиетін айрықша атап өткен еді. «Әлия өз ісіне берілген және туған жеріне адал. Көптеген гимнастшылар туған жерінен шетелге кетсе, ол Шымкентте қалды», – деп мақтанышпен айтқан болатын.
Қазір дарынды қыздарды облысымыздың бас жаттықтырушысы Лола Әділбекова жаттықтыруда. Әлия екеуі жастайынан бірге жаттығып, Азия ойындарында да бірге өнер көрсеткен. Бұдан бөлек, Оксана Разанова, Ольга Завальная, Ольга Смирнова, Екатерина Огонян секілді мықты ұстаздар балаларды гимнастикаға баулиды. Ал Қазақстанның құрама командасында ересектер арасында Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Селина Жұматаева, Айдана Сарыбай секілді спортшылардың болашағы зор. «Мен Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға баруды мақсат етіп отырмын, – дейді Әлия Мақсұтқызы.
– Ол үшін жолдаманы жеңіп алуымыз керек. Ал оған дейін, Мәскеу, Финляндия, Португалия, Францияда, Италияда өтетін жарыстар бар. Мен Сабина Әшірбаевадан
үміт күтемін. Мүмкіндігі бар, дегенмен, спортта әртүрлі жағдайлар гимнасттың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, Сабинамен барлық жарыстарға бірге баруым керек. Біз психологтан әлдеқашан бас тартқанбыз. Жарыс кезінде қобалжудың қандай болатынын өзім жақсы білемін, сондықтан да спортшы үшін менен артық психолог жоқ шығар».

«Бiр отбасыға бiр чемпион жетедi»

– Менің көп уақытым жұмыста өтеді. Қазір Олимпиадаға дайындалу үшін спортшыларға көбірек уақыт бөлемін. Оларды осында дайындап, жарысқа басқа жаттықтырушымен жіберсем, тағы болмайды. Балаларымды тәрбиелеуде ата-анам қолғабыс етуде. Оларға алғысым шексіз. Қызым 5-ке, ал ұлым 3 жасқа келді. Қызымның гимнастикаға икемі жоқ болса да, осы спортпен айналысып жүр. Ұлымның да қабілеті бар. Маған ұқсаған. Күйеуім «бір отбасыға бір чемпион жетеді!» дейді әзілдеп. Ұлымды қай спорт түріне беретінімізді уақыт шешеді, – дейді Қазақстанның примасы.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Мәскеуден жеңiспен оралды Жанбота – жүлдегер! »