Сапарларың сәттi болсын, сайыпқырандар!

Среда, 03 Август 2016 06:06 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4242 раз

Тамыздың 5-і күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында XXXI Жазғы Олимпиада  ойындарының алауы жағылады. Әне-міне дегенше, спортпен тыныстайтын сәтке де келіп жеттік. Бап пен бақтың сыналар сәті. Төртжылдықтың басты бәсекесі шын мықтыларды анықтап бермек. Қазақ елінен  бұл сынға 26 спорт түрі бойынша 104 саңлақ аттанды. Оның ішінде Оңтүстік өңірінің 21 спортшысы бар.

13639510 1110583502323254 560989902 o1

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиадашыларды қабылдап, көк Туды таэквондошы Руслан Жапаровқа тапсырғаны белгілі. Яғни, жамбылдық өренге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Жас спортшы Ермахан Ыбырайымов ағасының жолын жалғап, Көк туды желбіретіп барып, қайтса дейміз.
Олимпиада ойындарына әлемнің 200-ден астам елінен 10500 спортшы қатысады. Жарыстың ашылуы әлемге әйгілі «Маракана» стадионында өтеді. 21 тамыз күнгі жабылу салтанатын да осында өткізу жоспарланған.
Отызыншы Олимпиададан олжалы қайтқанбыз. Бұл жолы қай сатыдан көрінер екенбіз? Бокс, дзюдо, ауыр атлетика сынды сайыстар 6 тамыздан басталады. Ал балуандар 14 тамыз күні жарысқа қосылады. Әуелі грек-рим күресі шеберлерінің әлеуетін байқаймыз. Ел спортшыларының кезекті аламаннан да абыройлы ораларына сенім бар.
Әдеттегідей, ҚР Үкіметі спорт тойында жеңімпаз атанғандарға қомақты сый тағайындап отыр. Алтын жүлде иегері бұл жолы да 250 мың АҚШ долларына ие болады. Күміс жүлдегерге – 150 мың, қола жүлдегерге 75 мың АҚШ доллар көлемінде сыйақы беріледі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.