Жас боксшылар «Шымкент қаласы әкімінің кубогы» жүлдесін жыл сайын сарапқа салады. Халықаралық турнирдің мәртебесі де жоғарылай түскен. Биыл 1999-2000 жылы туған жастар арасындағы сайыс VIII рет ұйымдастырылды. Әдеттегідей, ОҚО боксшылары жалпыкомандалық есепте үздік атанды.
ОҚО көркем гимнастика кешенінде керілген шаршы алаңда жалпы 80-ге жуық жас өрен күш сынасты. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолиядан да спортшылар келген.
Шымкент қаласының № 5 бокс мектебі турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып, ауқымын одан әрі кеңейтуге күш салып жатыр. Бір айта кетерлігі, қала әкімінің кубогы жастар арасында Азия және әлем чемпионатына іріктеу сындарының біріне айналып үлгерді. Мәселен, өткен жылы осы сында жеңімпаз атанған Садриддин Ахмедов әлем чемпионатында да бас жүлдені олжалап еді. Жарыстың ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев келіп, жастардың қадамына сәттілік тілеген еді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Қатаев, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, даңқты боксшылар Нұржан Сманов, Олжас Оразалиев, т.б., белгілі азаматтар қатысты.
– Сегізінші рет өтіп жатқан турнирде кіл үздіктер анықталды. Келешегі сайыстың ауқымын кеңейте береміз. Әлем және Олимпиада чемпиондары шыға берсін! – деді қалалық спорт бөлімінің басшысы Н. Қатаев.
Жалпы қорытындыға келсек, ОҚО боксшылары 6 алтын, 5 күміс және 9 қола жеңіп алды. Екінші орында Тәжікстан командасы – олардың қоржынында 1 алтын, 1 күміс жүлде бар. Қырғызстан құрамасы 1 алтын, 1 қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.
Аса ауыр салмақта жастар арасында Азия чемпионы Нұрдәулет Ұланұлы жарыста жеңімпаз атанып, турнирдің үздік спортшысы номинациясымен марапатталды.