Мадина НҰРШАЕВА: «Ерлердің бокстасу мәнері ұнайды» Избранное

Пятница, 17 Ноябрь 2017 11:38 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4610 раз

Мадина НҰРШАЕВА, бокстан Азия чемпионы:

madina

Жуырда Вьетнам елінен Азия чемпионы атанып, жарқын жеңіспен оралған Мадина Нұршаеваны жерлестері әуежайдан зор қошеметпен қарсы алды. Туған-туыстары, ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшылары қуанышқа ортақтаса келген. Әрине, бұл жеңістің жөні бөлек. Облысымызға әйелдер боксынан Азия чемпионатының алтыны алғаш рет 2010 жылы бұйырған. Міне, араға жеті жыл салып, сол жеңіс қайталанып отыр. Мадинаны бокстан ерлер арасындағы биылғы ҚР чемпионатының финалдық сынында жолықтырдық. Жеңімпазға көрсетілген құрмет шығар - қарындасымыз құрметті қонақтар жайғасқан аймақта екі сағат бойы жарысты тамашалап отырды. Біз де бәсеке біткеннен кейін, аз-кем әңгімеге тарттық.


photo 61386– Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл мақсат жолында дайындықтың үш кезеңінен өттік. Бірінші, күш-қуатты арттыру жиынына қатыстым. Одан кейін Польшадағы А санатындағы турнирде бақ сынап, онда бірінші орынмен оралдық. Чемпионаттың алдында Астанадағы оқу-жаттығу жиынында тағы бір рет қарым-қабілетімді пысықтап алдым. Алғашқы қарсыласым шаршы алаң иесі болғандықтан, аздап алаңдағанымыз да рас. 2015 жылы чемпионатта бәсеке қожайынынан жеңілген едім. Сол жағдай мені қайрай түсті. Бапкерлерімнің нұсқауымен жоспарымызды орындап шықтық, – дейді қуаныштан жүзі жайнаған қарындасымыз. Одан әрі қарай жарыс кезіндегі қызықтарды, арман-мақсатын әңгімелей жөнелді.

 

– Жартылай финалдағы қарсыласың Лаопим де өте тәжірибелі спортшы еді ғой...

– Рас айтасыз, тайлық боксшының шеберлігі өте жоғары. Әлем чемпионы. Бұрын басқа салмақта бокстасып жүретін. Оның алғашқы жекпе-жегін көріп, кемшін тұстарын іздедік. Негізінен, ол қарсыласымды тек алға шабуылдап әрі алдап соғу қажет екенін ұқтық. Ал финалда, керісінше, күтіп алып, қарымта соққылау жөнінде тактика құрып, жеңіске жеттік.

ea7e720deefb99add4db71adfac360fe

Өз елімізде өткен әлем чемпионатына қатыса алмап едім. Сол жылы ел чемпионатын ұтқанмын. Басқа да турнирлерде жеңіске жеттім. Бапкерлер солай шешті. Мойымай, ары қарай дайындалдық. Еңбек түбі нәтиже ғой. Жаратқан еңбек еткен адамға өз сыйын береді екен. Жалпы, құраманың екі алтын аламыз деген жоспары болды. Құрбыларымның бәрі де жақсы дайындалды. Өкінішке қарай, біреуі ғана нәсіп болыпты.

 

– Хошимин қаласы қандай жағдайлармен есте қалды?

– Қалада ылғалдылық басым. Жағалауын мұхит шайып жатқан ел болғандықтан шығар. Жаттығуда да көп терлей бересің. Біршама салмақтан да арылдық. Тамақтары құнарсыз. Ара-тұра теңіз өнімдерінен де дәм ауыз тидік. Дегенмен, өзіміз қазы-қарта, жал-жая алып барғанбыз. Етімізді асып жеп, күш-қуатымызды сақтап жүрдік (күліп).

BOXL0328

– 64 келі әлі Олимпиаданың санатына кірген жоқ. Алдағы жоспарларың қандай?

– Қазір түрлі әңгімелер айтылып жатыр. 54 келі, 64 және 69 келінің бірі Олимпиадалық салмақ болады деген сөз бар. Оны уақытында көреміз. Әрине, салмақ ауыстыру – бапкеріммен бірге шешетін мәселе. Әр спортшының арманы Олимпиада шыңы ғой. Енді қай салмақ қосылса, соған өтуге әрекет етеміз. Қазіргі мақсат – ендігі жылы Үндістанда өтетін әлем чемпионатына қатысу. Соған дайындықты бастап кеттік. Келесі жылы Азия ойындарына да 64 келі еніп қалуы мүмкін екенін естідім. Олай болып жатса, мүмкіндігімді жібере қоймаспын.

 

– Енді оқырмандарға өзің жайлы айтып өтсең. Алғаш боксқа баулыған ұстазың кім?

– Мен 1995 жылы Сарыағаш қаласында дүниеге келгенмін. Боксты 17 жасымда таңдадым. Алғашқы жаттықтырушым Ренат Галимов болды. Қазіргі жеке бапкерім – Шамиль ағай. Ол кісінің қол астында төрт жылдан бері жаттығып жүрмін. Жеңіске жеткенімде де ең бірінші Шамиль ағайым мен аға жаттықтырушы құттықтады. Одан кейін әке-шешем, бауырларым қоңыраулатты. Әрине, қолдап-қуаттап жатқан барша жанкүйерлерге рахметімді айтамын.

 

Әке-шешем қарапайым жандар. Анам Ұлбосын Нұршаева педиатор болып жұмыс істейді. Әкем Жүсіпбек Нұршаев – жеке кәсіпкер. Бүгінде ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім аламын. Тағы бір қуанатын жағдай – қазір туған інім Мейіржан да бокспен шұғылданып жүр. Оның да талпынысы жақсы.

BOXL0721

– Бокста кімдерді үлгі тұтасың? 

– Бірінші кезекте қазақ боксының мақтаныштарын айтар едім. Серік Қонақбаев, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов сынды ағаларымыз бізге қай жағынан да үлгі. Өзімнің мәнерім де қазақ боксының стиліне сай.

Әлем боксында ирландиялық Кэти Тейлор, үндістандық Мери Ком сынды үздіктерді атап өтуге болады. Олармен жақсы қарым-қатынастамыз. Мери Ком осы Азия чемпионатында да бірінші орын алды. Негізінен, маған қыздардан гөрі жігіттердің бокстасу мәнері ұнайды. Солардың боксын бейнетаспалардан көріп, тәжірибемді арттырамын.

 

– Рахмет!

Последнее изменение Понедельник, 20 Ноябрь 2017 05:08
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.