ҮМІТ ПЕН СЕНІМДІ АҚТАУ – АЛДЫМЫЗДА ТҰРҒАН ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТ ӘРІ ҚАСТЕРЛІ ПАРЫЗ Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1177 раз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

100

 

Президент өз сөзінде еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, алда тұрған басты міндеттер айқындалатынын атап өтті.
– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелерді Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ.
Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.
– Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде, жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.
– Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады.
– Экономиканы монополиядан арылту үшін мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл комиссия қажетті жұмысты тиімді жүргізіп жатыр. Қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отыр. Бірақ, кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді және нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек. Мысалы, электр қуатын өндіру және оны жеткізу саласы монополистердің қолында. Олар тәуелсіз компаниялардың нарыққа кіруіне шектеу қойып отыр. Біз Электр қуатын бірыңғай сатып алу институтын енгізуге кірістік. Осылайша, тиімсіз делдал компанияларға шектеу қойылады. Өнім өндірушіге қаржы тікелей түседі. Нәтижесінде еліміз барлық өңірлер мен ұйымдар үшін ойға қонымды бағаға қол жеткізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.
– Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.
– Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатыр, – деді Президент.
Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себептермен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі.
– Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі тапсырмалардың орындалу сапасына қатысты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына 400-ден астам сын-ескертпе жолдаған. Ал осы тапсырмалардың негізгі үйлестірушісі – Үкімет тарапынан қадағалау тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Үкімет қызметін қамтамасыз етуге тиіс Премьер-Министр Кеңсесінің жұмысы тек мемлекеттік органдардың дайын есебін жібере салумен шектеледі. Премьер-Министр Кеңсесінің ведомствоаралық үйлестіру және салааралық мәселелерді шешу жөніндегі рөлін арттырып, Үкіметтің шағын аппараты ретінде кешенді түрде трансформация жасаған жөн. Мемлекеттік орган басшылары жекелеген мәселелер бойынша бұрынғыдай шешім қабылдаудан қорқады. Түрлі желеумен менің немесе Президент Әкімшілігінің мақұлдауын алуға тырысады. Кейде Үкімет мүшелеріне жазбаша тапсырма беруге тура келеді. Әйтпесе тапсырманың орындалмау, жобаның толық аяқталмай қалу қаупі бар. Бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлық аясында біз Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын ағымдағы мәселелер бойынша Президент Әкімшілігіне құжат жолдауға тыйым салдық. Алайда бұл тәжірибе әлі жойылған жоқ, – деді Президент.
Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.