×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Екпе жасатудан неге қорқамыз?

Пятница, 27 Февраль 2015 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5139 раз

Соңғы жылдары балаларда кездесетін түрлі жұқпалардың алдын алу үшін егілетін вакциналарға ата-аналардың қарсылығы бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Бұл әсіресе, денсаулық сақтау қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудыруда.

003Өкініштісі, балаларына екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар көрінеді. Ғаламтордағы түрлі арандатушы ақпараттарға сеніп, ұл-қыздарына вакцина салдырудан бас тартқан замандастарымыздың қатары жетерлік. Сонымен қатар, ата-аналар қауымын соңғы кездері нәрестелер арасындағы түрлі патологиялық аурулардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Сол себептен де, көбіне ата-аналар оның негізгі себебі салынатын екпелердің әсерінен болып жатыр деп күдіктенеді. Бұл ретте, емхана дәрігерлері мұндай болжаммен келіспейтінін айтады.
– Бұған дейін елімізде Сербияда шығарылған вакцинаны қолдану кезінде бірқатар сәбилердің арасында қолтық асты безінің қабынуы деректері тіркелген еді. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен, бүгінде денсаулыққа кері әсерін байқатқан осы бір вакцинаны қолдануға қатаң тыйым салынған. Бүгінде қызылша дертіне қарсы салып жатқан вакцинамыз Үндістан елінен жеткізілуде. Күні бүгінге дейін аталмыш вакцинаның үлкен көлемді реакциясы байқала қойған жоқ, – дейді «Нұрсәт» шағынауданындағы №3 емханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Маржан Қаңлыбекова.
Балаларға екпе жасау – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Екпе жасатуды Ислам діні құптамайды деген түсінікте жүрген жандар үшін теолог-дінтанушы мамандардың айтар өзіндік уәжі де жеткілікті.
– Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір деп ойлаймын. Мәселен, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Сондай-ақ, Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі және көптеген мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандайда бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Сонымен қатар, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабының қағидаты бойынша, «біз алда келетін апатқа, келмей тұрып дайын болып, оның алдын алуымыз керек». Бұл жайында кешегі өткен бабаларымыз да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген емес пе, – дейді облыстық Ішкі саясат басқармасы, «Әлеуметтік бастамалар орталығы» директорының орынбасары Мәди Беспаев.
Қазіргі уақытта ел аумағында қызылша мен қызамық ауруларына қарсы екпелер егілуде. Жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бірі және бірегейі - иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбір азамат білуі тиіс. Ата-аналардың егуден бас тартуы негізсіз деген дәрігерлер біздің елімізде де вакциналанған балалар арасында қатерлі дерттердің жыл санап азайып келе жатқанын алға тартып отыр. Екпеден бас тарту соңы өкіндірер жағдайға әкелуі әбден мүмкін.