Жеңiстi жақындатқандар ұмыт қалмайды

Пятница, 27 Февраль 2015 06:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4608 раз

Ұлы Отан соғысының ардагері Сүйен Смаиловтың 95 жасқа  келуіне орай,  Еңбекші ауданы әкімінің аппараты ақсақалды туған күнімен құттықтап қайтты. Арнайы тарту-таралғы жасап, «Өмір желісі» акциясы аясында  «дабыл нүктесі» бар ұялы телефон сыйға тартып, қаржылай көмек көрсетті.

DSC 0306«Бадам» шағынауданында тұратын Сүйен ақсақалды Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, облыстық мәслихаттың депутаты Бахрам Әбдікаримов және Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұпарбай Әсілов құттықтады. Ардагер келгендерге алғысын жаудырып, ақ батасын берді. Сүйен Смаилов әскерге 1940 жылы шақырылып, Румыния, Болгария, Югославияда болған. Украинаның Донбасс қаласында  басқыншыларға қарсы соғысқан. Ал 1946 жылы елге оралып, жұрт қатарлы еңбек етті. 1980 жылы Шымкент қаласына отбасымен көшіп келіп, екі жылдан соң зейнетке шығады. Сүйен ақсақал «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» медалімен, «Румынияны азат еткені үшін» және  басқа да медальдармен марапатталған. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы».
Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің айтуынша, әрбір соғыс ардагері назардан тыс қалмайды. Оларды туған күндері қарсаңында құттықтау және тарту жасау жалғасады. Ауданда 45 ҰОС ардагері бар. Оның  екеуі соғыс ардагерлерінің жесірлері.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.