«КЕЛЕШЕК» БАДАРЛАМАСЫ – САПАЛЫ БІЛІМДІ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТУДІҢ КЕПІЛІ Избранное

Среда, 31 Июль 2024 05:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 609 раз

Кез келген елдің болашағы жас ұрпақтың білімді, мәдениетті, бәсекеге қабілетті болуына тікелей байланысты. Демек, білім – ұлттың басты құндылығы. Ұлтты ұлықтап, оның өркендеуіне жол ашатын да сол білімді азаматтар екені талассыз.

BiliM

 

БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясы сияқты араб мемлекеттері мұнай экспортынан тапқан табысын, ең алдымен, өз азаматтарының білім алуына инвестиция ретінде салуға жұмсаған. Бүгінде бұл елдердің интеллектуалды элитасы батыстық жоғары дәрежелі білімге ие және соның арқасында бұл елдер барлық салаларда үнемі алға жылжып, орнықты даму жолына түсті.
Қазақстан билігі де осындай ұстанымды ұстанып келеді. Кезінде «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы енгізіліп, соның арқасында мыңдаған қазақстандық әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Содан кейін елімізде әр түрлі элиталық мектептер ашылды. Дарын мектептері, Білім-Инновация лицейлері мен Назарбаев Зияткерлік мектептері балаларға сапалы білім беруге қабілетті екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Оған қоса Назарбаев Университеті секілді оқу ордаларының құрылуы қазақстандық білім беру жүйесі мен ғылымның уақыт талабына сай дамуына жол ашып берді. Дегенмен, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды.

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүние есігін ашуда. Желкілдеп өсіп келе жатқан сол жеткіншектің барлығына уақыттың талабына сай сапалы білім беру – мемлекеттің алдында тұрған айрықша маңызға ие міндет. Осыны ескерген билік 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың санын жыл сайын 10 пайызға көбейтіп келеді. ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, биыл бөлінген гранттардың саны 112 мыңға жетіп отыр.
Жыл сайын 100 мыңнан астам баланы тегін жоғары біліммен қамтамасыз ету, оның барлығына шәкіртақы төлеу – бюджетке орасан зор салмақ.Қазірдің өзінде мемлекет осы мақсатқа триллиондаған теңге жұмсап отыр. Соған қарамастан қазақстандық студенттердің 60 пайызы ақылы негізде оқиды. Ал, университеттердің оқу ақысы жылдан жылға қымбаттап бара жатыр. Не істеу керек? Келешекте сапалы білім жастардың барлығына қолжетімді болуы үшін қандай амал істеген жөн? Бұл сұрақтардың жауабын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көрсетіп берді. Мемлекет басшысы баланың болашағына, біліміне әр ата-ана қаржы жинауы тиіс екенін көрсетіп, арнайы депозиттер жүйесін жасауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бес жастан бастап балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарлама мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, мемлекеттік сыйақыны жыл сайын төлеуді, инвестициялық табысты көздеуі тиіс. Бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы шеңберінде қалыптастырылған қаражатпен бірге оларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді», – деді.
Биылғы жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс «Келешек» жобасының мақсаты не екенін түсіндіріп өтсек. Әңгімені әріректен бастасақ, жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет жыл сайын жүзмыңдап грант бөліп жатыр. Бірақ, сол гранттың барлығы өз иесін тауып жатыр ма? Олай дейтініміз, көбіне мектеп түлектері өздерінің бейімі бар, жан қалауымен үйлесіп тұрған мамандығын емес, ҰБТ-дан жинаған балы қай мамандық бойынша грантқа түсуге жетсе, соны таңдап жатады. Соның салдарынан мемлекеттік грант бойынша білім алып шыққан азаматтар кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, мамандар тегін нәрсенің қадірі бола бермейтінін алға тартады. Талай студенттер грантқа түсуін түсіп алып, университеттегі сабағына неқұрайлы қарап, үлгерімі төмен болып жатады. Екі жағдайда да халықтың қазынасынан грантқа деп бөлінген миллиардтаған қаржы желге ұшты деген сөз.
Осының бәрін ескере отырып, Жоғары білім және ғылым министрлігі биыл бірінші рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттарды енгізді. Яғни, мұндай грантты жеңіп алған студенттің оқу ақысының белгілі бір бөлігін мемлекет төлесе, қалғанын өзі, ата-анасы төлеуі тиіс. Министрлік алдағы жылдары осындай сараланған гранттарды көбейте түсуді жоспарлап отыр. Демек, келешекте ҰБТ-дан жоғары балл жинағанның бәрі бірдей тегін оқуға қол жеткізе алмауы мүмкін.
Сондықтан биылдан бастап баланың оқуына қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Жаңа жүйе бұрыннан жұмыс істеп тұрған «AQYL» депозитіне ұқсас, бірақ, олардың өз ерекшелігі бар.
Бүгінде балаңыздың оқуына қаражат жинау үшін кез келген банктен депозит ашып, есепшотқа ақша сала беруге болады. Бұл депозиттерде жинақталған қаражат Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорымен ішінара қорғалған. Алайда, егер жинақтау кезінде жазатайым оқиға орын алса немесе ата-ана депозитті толтыра алмай қалған жағдайда қажетті сома жинақталмай қалу қаупі бар. Оның үстіне жай депозиттің тағы бір кемшілігі сол, адам қаржылық қиындықтарға тап болса, есепшоттағы ақшаны шешіп алуы мүмкін.
«Өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламаларына келетін болсақ, олар депозиттер мен өмірді сақтандыру бағдарламаларының функцияларын қоса атқарады. Олар бойынша сіз ақшаны оқуға жинай аласыз және бұл ретте барлық жинақтау мерзіміне сақтандырылған боласыз», – деп нақтылайды мамандар.
Жалпы, өмірді сақтандыру, болашаққа қаржы жинау – еуропалық және американдық кез келген отбасы шығындарының міндетті бөлігі болып саналады. Қазақстанда мұндай сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған. Біздің елдің қарапайым тұрғындары күнделікті тірлікті болашақтағы жеке өмірінен жоғары қойса, ауқаттылар мен ірі, сауатты бизнес өкілдері арасында ғана «болашаққа инвестиция жасау» деген түсінік бар. Жалпы, қарапайым халық өмірді сақтандыру туралы, оның тиімділігі туралы біле бермейді деуге де болады.
Қазақстан нарығында бірнеше сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Олардың арасында арнайы білім бағдарламаларын енгізгендер де бар. Мұндай компаниялардың бәрінде де компания шартымен қаржы жинап қана қоймай, сыйақы есебінен қаржыңызды еселей аласыз. Мысалы, осындай қордың бірінде қаржы жинаймын деп шешсеңіз, ең алдымен, жинақтау бағдарламасының мерзімі мен жинақтауға қажетті сома таңдалады. Мысалы, жинақты қазір үш жастағы бала үшін ашқыңыз келді делік. Сіз депозитке кемі 10 жыл қаржы жинауыңыз шарт. Бала 18-ге толғанда ақшаны пайдаланамын деген ниет болса, онда сіз 13 жыл жинау мүмкіндігіңіз бар. Жарналардың ең төменгі сомасы жылына 150 мың теңгені құраса, ал максималды сомасы шексіз. Осындай сақтандыру қорының бірінің жетекші маманы Дина Нұсқабаева өзінің сонау екімыңыншы жылдардың басында-ақ жүйені түсініп, ақша жинай бастағанын айтады. Бүгінде Дина апайдың бір басында 17 сақтандыру полисі бар екен. «Мен ақшаны әр түрлі мақсатта салып, жинаймын. Бірі баламның оқуына жараса, бірі тойына жарап жатыр» дейді Дина апай.
Иә, баланың болашағы үшін депозиттер мен сақтандыру қорлары арқылы қаржы жинау да тиімді. Бірақ, қазақстандықтардың көпшілігі оған құлықсыздық танытып отыр. Сол себепті Қазақстанда 2013 жылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі енгізілген болатын. Соның аясында "AQYL" депозитін ашуға мүмкіндік бар.
Депозиттің шарттары:
- банктің ай сайынғы сыйақысының бөлек мемлекеттің жыл сайынғы 5 немесе 7 проценттік сыйақысы қосылады;
- мемлекеттік сыйақы 100 АЕК-тен (345 000 теңгеден) аспайды;
- ең төменгі бастапқы жарна – 3 АЕК (3 450 теңге);
- жинақтау мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін.
Осы орайда айта кетері, 7 проценттік мемлекеттік сыйақы тек әлеуметтік осал топтарға ғана төленеді. Олар: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы отбасынан және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Ал 5 проценттік сыйақы Қазақстанның барлық азаматтарына төленеді.
Баланың болашағы үшін ақша жинақтауға арналған жүйені одан әрі дамыту үшін «Келешек» ынтымақты жинақтау бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. Бағдарлама қазіргі "AQYL" депозитіне ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы сол, баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады.
Бағдарлама шарттары:
- бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге) түседі;
- ата-ананның міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (3 450 – 10 350 теңге);
- мемлекеттің 7 проценттік сыйақысы;
- банктердің сыйақысы;
- бала 18 жасқа толғанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасында жинақталған ақша да осы депозитке түседі.
Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, егер ата-аналар есепшотқа ай сайын 1 АЕК (3 692 теңге) салып отырса, бала 18 жасқа толғанда барлық қаржы көздерімен бірге шамамен 3,5 миллион теңге жиналады.
«Ал, 3 айлық есептік көрсеткіш, ол 11 076 теңгенің шамасында, осы ақшаны ай сайын есепошотқа салып отырса, баланың 17-18 жасында 7,5 миллион теңге жиналып қалады. Бұл баланың болашақта жоғары білім алуына кепілдік болады», - дейді министр.
«Келешектің» басты артықшылығы – ақшаның басқа депозиттерге қарағанда көбірек жиналуы. Себебі есепшотқа бірнеше көзден ақша түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың ұлттық қордағы үлесі де аударылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантпен оқуға түссе, ақшаны шешіп алуға болмайды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек баспана сатып алу үшін алғашқы жарна ретінде жұмсауға болады. Ал "AQYL" депозитінің шарттары бойынша бала грантқа түскен жағдайда барлық ақшаны мемлекеттік сыйақысымен бірге шешіп алуға болады. Сосын ақшаны басқа баланың атына аударуға мүмкіндік бар. "AQYL" депозитінің ақшасын шетелдің колледждері мен жоғары орындарының ақысын төлеуге де рұқсат берілген.
Айта кетейік, бұл депозиттрге де Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сақтандырады, яғни, банк банкротқа ұшыраса немесе жабылып қалса, мемлекет салымшыға 10 млн теңгеге дейін ақшаны қайтарып беруге кепілдік береді.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, «Келешек» жинақтаушы жүйесінің арқасында әрбір ата-ана өз баласының оқуына ақша жететініне сенімді болды. Бюджет қаржысы да үнемделеді. Өйткені, бюджеттен бөлінетін гранттардың саны біртіндеп азайып, әрі ол сараланған гранттарға айналады. Үнемделген қаржы ата-аналардың өз баласының болашағы үшін қаражат жинауын ынталандыруға бағытталады.
Иә, «бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген даналық сөз бар. Саналы ұрпақты тәрбиелеп, білімді азамат ету – бүгінгі күннің ең маңызды міндеті. Олай болса, әрбір ата-ана мемлекеттен бөлінетін грантқа көп сене бермей, өз баласының оқуына, болашағына алдын ала ақша жинауға дағдылануы тиіс.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.