24 күнге созылған Берлин операциясы

Пятница, 24 Апрель 2015 06:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 15200 раз

Берлин операциясы – Ұлы Отан соғысы барысындағы аса ірі шабуылдың бірі. 1945 жылдың 16 сәуірі мен 8 мамыр аралығын қамтыған ол майданда Қазақстанда жасақталған үш атқыштар дивизиясы мен бір артиллерия, екі атқыштар полкі қатысты.

5555Одер мен Нейсе бойындағы майданда фельдмаршал Ф. Шернер басқарған “Орталық” армия топтарының бір бөлігі мен генерал-полковник Г. Хейнрицидің “Висла” армиясынан қалған жауынгерлік топтар қорғанып жатты. Олардың 1 млн-ға жуық адамы, 10400 зеңбірегі мен минометі, 1500 танкісі мен шабуылдық техникасы және 3300 әскери ұшағы болды. Бұған қоса Берлинде 200-ден астам фольксштурм батальондары (жастары 16-дан 60-қа дейінгі ер адамдардан құралған халық жасағы) жасақталды. Олардың қатарында 200 мыңға тарта адам болды.
30 сәуірде Берлинді қорғаушы әскерлер бірнеше бөлікке бөлініп тасталды. Рейхстагқа шабуыл жасау құрметіне ие болғандар қатарында қостанайлық 151-ші атқыштар бригадасы негізінде 1943 жылдың соңында құрылған 756-шы атқыштар полкі да бар еді. Осы полктің 1-ші батальоны 30 сәуір күні үшінші шабуылдан кейін Рейхстаг ғимаратына алғашқылар қатарында енді. Бірінші қабаттың терезесіне лейтенант Р. Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г. Булатов бірінші болып ту тікті. Сағат 22-ден 50 минут өткенде Рейхстаг күмбезіне 756-шы полктың барлаушылары М.А. Егоров пен М.В. Кантария жеңіс жалауын орнатты. Бірақ, ғимарат ішіндегі шайқас мұнан соң да, бір жарым тәулікке созылды. 2 мамыр күні бүкіл Берлин қаласының әскери күштері қаруларын тастады. 5 мамырда қаланың шет аймақтарынан батысқа қарай шепті бұзып өтуге әрекеттенген ұсақ топтары жойылды. Екі күннен соң үш майданның әскерлері Эльба алабында ағылшын-американ әскерлерімен кездесті. 8 мамыр күні сағат 22-ден 43 минут өткенде Берлин қаласы жанындағы Карлсхорст деген жерде германдық қолбасшылар өкілдері үзілді-кесілді тізе бүгу туралы актіге қол қойды.
Берлин операциясындағы ерліктері үшін қазақстандық 26 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал шабуылшы-ұшқыш Т. Бигелдинов бұл атаққа екінші рет ие болды. 38 жерлесіміз 1-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталып, бұл награданың үш дәрежесінің де толық иегерлері атанды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.