ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА АРҚА СҮЙЕГЕН МЕКТЕПТЕ МҰҒАЛІМДЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 06:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 84 раз

Шымкент қаласы әкімдігі білім басқармасына қарасты №135 жалпы орта мектебі ұлттық құндылықтарға ерекше мән береді. 2020 жылы пайдалануға берілген мектепте алғашқы жылдары 500 оқушы болса, қазіргі таңда мұнда 2 600 шәкірт білім алуда. №135 жалпы орта мектебінде 25 үйірмеде оқушылар киіз үй құрастырып, жүн түтіп, жіп иіріп, қамшы тоқуға машықтанады.

ulttik

 

Мұнан бөлек домбыра тартуды үйреніп, би билеп, спорттың бірнеше түрімен де шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Ұстаздар осылайша балалардың бос уақытын ұтымды пайдаланып, рухани дамуына, бойларындағы қабілеттерін ашуға басымдық берген.
Дәл осы мектепте дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ұстаздар қауымына арналған ерекше семинар жыл сайын өтеді. Басты мақсаты – біліктілікті арттыру немесе алғыс хатпен марапаттау емес, ұлттық болмысты дәріптеу, ұлттық кодты сақтау, оны шәкірттерге үлгі ету. Бүгінде бұл іс-шараға ата-аналар да үлкен дайындық жасап, зор құлшыныспен атсалысады, өнер көрсетіп, бар білгенін ортаға салады.
«Мектеп – ата-ана – оқушы» үштік одағының аясында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан мектеп ұжымы «Ұлттық құндылықтарға негізделген мектептің мәдени ортасын құру: ізденіс және тәжірибе» атты семинарында да біліктіліктері мен ұйымшылдықтарын тағы бір көрсетті. Бұл семинарға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мемлекеттік және жекеменшік мектептерден барлығы 200-ден астам мектеп директоры мен мұғалімдері қатысты. Олар әр түрлі кабинеттерде дайындалған салт-дәстүр көріністері және заманауи методикалармен өткізілген сынып сағаттарына кіріп, тәжірбие алмасты.
– «Ұстаздан шәкірт озар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Оқушылардың әдебі, сабақ үлгерімі, ашық сабақтарға белсене қатысуы өте керемет. Ал, мектептің дәл алдына «Қолөнер шебері» үйірмесінің жетекшілері киіз үйді өз қолымен айнытпай жасаған. Алты қанат ақ орданың білім ұясының алдында тұруы, қолөнер көрмесі көздің жауын алады. Оқушылар мектепке келіп, аптасына бір рет ер балаларға шаңырақты қалай көтеріп, керегелерін қалай тұрғызып, уықтарын қадап, арқан бауларды қалай байлайтынын үйретіледі екен. Мектеп бағдарламасынан тың дүниеге оқушылар да ерекше ынтамен, қызығушылықпен қарайтыны бізге тәжірбие болды, – дейді №106 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Мәуленова.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.